Фашистік Германияның тұтқиылдан соққан дауыл өртін тұншықтыру үшін әскер қатарына Маңғыстаудан жүздеген жауынгерлер 1942 жылдың басында шақырылды. Солардың бірі – аға лейтенанттық әскери атақпен оралған Жолдас Әлмұратов болатын. 1942 жылдың 9 қаңтарында Шевченко аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына алынады. Баутиннен «Дағыстан», «Түрікменстан» кемелерімен осы аттанғандар арасында маңғыстаулықтардан Бисенбі Әріпұлы, Жауынбай Дүйсенбаев, Хабиболла Сүйінбаев, Сейілхан Әбілханов, Т.Телбаев т.б. жүздеген азаматтар болды.
Бұлардың бірқатары Орал қаласында жасақтала бастаған 152 атқыштар бригадасына жіберіледі. Бригада 3 ай бойы Тула облысына таяу Иваново ормандарында әскери тактикалық дайындықтан өткеннен кейін 22 ақпанда әскери ант беріп, жауынгерлік алғашқы тапсырмалар жүктелді. Әскери дайындық кезінде Жолдас 357-атқыштар дивизиясының командирлік курсында оқып, «кіші лейтенант» әскери атағын алып, өзінің әскер бригадасының құрамында взвод командирі болып, жаудың АстраханьКизляр бағытындағы екпінді шабуылына қарсы соғыс қимылдарына, кейін екі жақтан да адам шығыны болған Астрахань облысына таяу Қалмақтың Халхута елді мекені үшін қанды шайқасқа қатысады. Сталинград майданы жеңіспен аяқталғаннан кейін 357атқыштар дивизиясы Москва қорғанысының Савелово стансасындағы теміржол бойын қорғауға жіберіледі. Бұл маңда да күнітүні жаудың шабуылы мігір бермейді. Адам шығынының көп болуына байланысты дивизия қайтадан Сібірдегі әскери округ пен 152-атқыштар бригадасынан қайтадан толықтырылады. Қайта жасақталған 312дивизияда әртүрлі ұлт өкіл дері: 4460 орыс, 3556 қазақ, 150 татар, 86 өзбек және тағы басқа ұлт өкілдері болды. Дивизия негізінен Ақтөбе қаласында жасақталуына байланысты Ақтөбеден – 6654, Гурьевтен – 691, Оралдан – 1700 т.б. Дивизияға Москваның Подольск ауданының аумағын қорғау жүктелді.
1942 жылдың қыркүйек айында 312-атқыштар дивизиясының 82-атқыштар полкі құрамында гвардия лейтенанты Ж.Әлмұратов 08.1944 ж. қанды шайқастың бірінде басынан ауыр жараланып, №2950 әскери госпиталінде бір ай емделіп, Ленинград майданының 85-гвардиялық атқыштар дивизиясының 249-атқыштар полкінде взвод командирі ретінде Батыс Лутц, Шығыс Лутц өзендері маңындағы ұрыстарға қатысады.
1944 ж. 13 қазанда 3-Прибалтика майданының Рига қаласында бекінген немістердің мықты теңіз әскери бекінісі үшін соғыста 249-гвардиялық атқыштар полкі құрамындағы минометтік взводтың айрықша ерлігімен көзге түскен Ж.Әлмұратовтың взводына Бас қолбасшы, Армия генералдары Масленников пен Еременконың алғыс хаты беріліп, жауынгерлердің көпшілігі үкіметтің наградаларына ұсынылды. 1945 жылдың наурыз айында Ленинград әскери округі офицерлерінің білім көтеру курсында оқып, командалық құрамның запастағы офицер, аға лейтенант әскери атағы беріліп 1945 ж. 11 қарашада елге қайтарылады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жағалау келбеті жаңғырмақҰлы Отан соғысындағы Жолдас Әлмұратовтың еңбектері бағаланып «Қызыл жұлдыз» (16.08.1944) орденімен, «Ерлігі үшін» (1943), «Москваны қорғағаны үшін» (1943), «Ленинградты қорғағаны үшін» (1944), «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» (05.1945) медальдарымен және Бас қолбасшының 4 мәрте алғыс хатымен марапатталған.
Майданнан оралған жауынгерлердің алдарында зор міндеттер тұрды. Олар тек соғыстан бүлінген, тұралаған халық шаруашылығын қалпына келтірумен ғана емес, елде ырыс молшылығын жасау, елдің әлеуметтік жағдайын арттыру болды. Соғыста шыңдалған ұрпақ осы міндеттерді орындауға жұдырықтай жұмыла кірісті.
1945 жылдың аяғына дейін жауынгерлік сапта болған Жолдас аға елге оралғаннан кейін өзінің әскери қызметін жастарға әскери дайындық сабағы арқылы Шахта орта, Шетпе орталау мектептерінде оқушыларға үйретумен еңбек етті. 1948–1963 ж.ж. Таушық поселкелік Советінің хатшысы, Қызан, Тиген ауылдық кеңестерінің төрағасы, Екпінді колхозының басқарма төрағасы, «Қызыл таң» колхозы басқармасы төрағасының орынбасары, «Жаңа жол» колхозында ферма басқарушысы, «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозы мен Куйбышев атындағы совхозын да есепші, Жыңғылды ауылында жинақ касса меңгерушісі, өмірінің соңғы жылдарында Шетпе арнаулы шаруашылық мекемесінде зоотехник-дайындаушы сияқты жауапты қызметтерін атқарды.
Бұл азаматтың еңбек жолын саралап қарағанда өлкенің барлық өңірлерінде еңбек етіп, ауданның халық шаруашылығын дамытуда елеулі еңбек еткенін аңғарамыз. Ел үшін қызмет ету – асыл мұрат. 1942 жылдан Коммунистік партияның мүшесі, 1948–1965 ж.ж. үздіксіз поселкелік, ауылдық кеңестердің депутаты болып сайланған Жолдас ағаның саналы еңбек жолындағы мінсіз қызметтері бағаланып «Ерлік еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне» (1970) және Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Майдангер, офицер Жолдас Әлмұратов 1984 ж. дүниеден озды. Жолдасы Жәкес екеуі 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Олардың барлығы да арнаулы орта, жоғары білім алып өздерінің мамандықтары бойынша халық шаруашылығының әртүрлі салаларында еңбек етеді. Үлкен ұлы Тұрар да әке жолымен ұзақ жылдары кеңестік жүйедегі жұмыстарда еңбек етті. Қазір дүниеден озғанмен оның да балашағасы бар. Жолдасы Оңай ата-ене жолын берік ұстанып, Әлмұратовтар әулетінің шаңырағын биік ұстап отыр.
Қазақстанның құрметті журналисі, тарихшы Жұмабай Доспанов Ұлы Отан соғысы тақырыбын біраз жыл бойы зерттеп, 12 мыңға жуық қазақ офицерлерінің деректерін жинап 25 томдық материалды баспаға ұсынған болатын. Аманшылық болса бұл еңбек Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында оқырман қолына тимек. Енді осы еңбекке маңғыстаулық офицерлердің енген, енбегені ол жағы бізге белгісіз.
Халық әрдайым өзінің батыр ұлдарын, тұғыры биік азаматтарын есіне алып, өмірдің талай «тар жол-тайғақ кешу» кезеңдерін бастан кешірген аға ұрпақтың саналы өмір жолдарын алдарына бағдар етеді.
Қойлыбай ҚАРАЖАНҰЛЫ, ҚР Журналистер одағының мүшесі, халық ағарту ісінің озық қызметкері, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы