Нұржігіт Жұбатыров 1920 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында дүниеге келген. Ата-бабалары Жем-Сағыз өзендерінің бойын жайлаған. Нұржігіттің әкесі Жұбатыр Досмағамбетұлы – 1878 жылы Ақтөбе маңында туған Қараш Тойғұл ауылының белді азаматы, айналасына әділдігімен аты шыққан би, ағайынның басын қосып, топ бастап жүретін ұзын бойлы, шамалы адамға күш бермейтін қайратты адам болыпты.
Кейін қызыл үкіметтің құрығы мойнына түскен Жұбатыр ақсақал жалғыз баласы Нұржігіт пен інісі Тәженнің баласы Нұржаубайды балалар үйіне тапсыруды ойлайды. Балалар үйіне жасы 12-ден асқан бозбалаларды алмайды екен, сондықтан олардың жасын 2 жасқа кішірейтіп, 1920 жылы туған Нұржігіттің жеке куәлігін 1922 жылы туған қылып жаздырып, балалар үйіне өткізіп жібереді.
Балалар үйіне қабылданған Нұржігіт оқуда озат болып, интернат жанындағы жетіжылдық мектепті жақсы бітіреді. Одан соң мамандық иесі атанып, білім алуды көздеген ол 1938 жылы Чарджоудың саяси-ағарту қызметкерлерін даярлайтын мектепті бітіріп, аудандық кеңесте өкіл, Ташауыздың Көне Үргеніш ауданына қарасты «Интернационал» ауылдық кеңесінде мұғалімдік қызмет атқарады. Ауыл-ауылдарды атпен аралап, қазақ балаларының сауатын ашуға кіріседі.
Осы жұмыста жүргенде неміс басқыншыларының Кеңестер Одағына бір түнде басып кіріп, екі арадағы бейбіт келісімді бұзып, соғыс бастағаны туралы хабар естіледі. Отанға қауіп төнгенде, бой тасалап қалуды азаматтығына сын көрген талай боздақ өз еркімен майдан даласына лек-лек болып жөнеліп жатады. 1941 жылдың желтоқсан айында Қызыл әскер құрамына шақырылған Нұржігіт те соғысқа аттанады.
Басында Нұржігіт атты кавалерия бөлімшелерінің қатарында соғысқа қатысады. Жаудың төпелеген бомбасы мен артиллериялық шабуылына қарсы өзен бойындағы ұрыста аяғына жарықшақ тиіп, жараланған Нұржігіт Жұбатыров өзеннің арғы бетіне өткенше жанын мазалаған ауруға шыдап бағады.
Соңынан медсанбатта емделіп шыққан қызыл жауынгер Жұбатыров 218-атқыштар полкінің 345-атқыштар дивизиясының құрамында ерлікке толы Сталинград қорғаны майданына қатысады. Қалаға кірер тұста кескілескен ұрыс болады. Таң алдында неміс фашистерінің пушкілері аузынан қара түтінді бұрқылдатып, жер-жерді гүрсілдеген жарылыс жайлап алады. Жақын маңдағы қоймалар мен мұнай сақтау орындары жана бастайды, сол кезде бір қатты жарылыстың дүмпуінен Нұржігіттің құлағы естімей қалады. Жүрегі қысылып, жаралы жігіттің әр сәті ауыр сынға алады. Жерге ұшқан снаряд жарықшағы тиген гимнастеркасының өңірі паршаланып, денесін шабақтап тастаған екен. Саялы ағаштың тасасында қалған Жұбатыров жерге жабысып жата береді. Қасында бір украин жігіті бар еді. Алыста автоматтан қаз-қатар оқ жаудырып келе жатқан фашистердің әскері көрінеді. Екеуінің көпке қарсы тұра алмасы белгілі еді, әрі осы ұрыста Нұржігіт ауыр жараланған болатын.
Госпитальға жатып шыққан Нұржігіт соғыстағы жауынгерлік жолын 118-миниметшілер полкында жалғастырып, Қырымнан Балтық жағалауына дейін жүріп өтті. Өзге жолдастарымен бірге Қырымды, Севасто польді, Белоруссияны, Балтық жағалауын фашист басқыншыларынан азат етісіп, Кенигс берг шабуылына қатысып, туған ел алдындағы жауынгерлік борышын өтеді.
Әрбір елді мекенді азат ету үшін жан беріскен шайқастарға түсуге тура келді. Жауды тезірек жеңуді мақсат еткен жауынгерлер жан аямай соғысты. Үш-төрт күндеп жау оғының астында жатса да, өлім туралы ойламады. Осы ұрыстарда Нұржігіт талай майдандас достарынан айырылды.
Майданда ерлігімен көзге түскен Нұржігіт Жұбатыров «Севастопольді азат еткені үшін» медалімен марапатталып, лениндік партия қатарына қабылданды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жағалау келбеті жаңғырмақСоғыстың соңғы сәтін соқтырған жеңіс күнін немістің Пиллау қаласында қарсы алған Нұржігіт майдандас жолдастарымен бірге аспанға автоматтан оқ атып, қуанышын білдірген. Түнгі аспанға жарқ-жұрқ оқ ұшқыны жұлдызша атылды. Көптен күткен жеңістің қуанышымен жауынгерлер ұйқы көрген жоқ. Жап-жас жігіттер соғыс жылдарында өздері көрген қиындық, өмір мен өлім беттескен сын сағаттарының артта қалғанына сене алар емес. Сол күннен алған әсері туралы қойын дәптеріне «Жеңіске жеттік!» деген бір ауыз сөз жазып қойды.
Нұрекең Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «1941-45 жылғы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» мерекелік медальдармен, Бас қолбасшының алғыс хатымен марапатталған.
Соғыстан соң елге жеңіспен оралған жауынгер Нұржігіт Жұбатыров еңбектен қол үзбей жүріп, сауда-финанс техникумын, Москва кеңес сауда институтын бітіріп, 52 жыл сауда саласында үздіксіз қызмет етті. Ұзақ жылдар облпотрепсоздың бақылауревизиялық бөлімінің аға ревизоры қызметін абыроймен атқарды. Ел-жұртқа абыройлы азамат, сыйлы маман атанды. Ағайын туысқа қамқор, жолдастарының арасында беделді болды.
80-жылдардың басында Өзбекстанның Бұхара облысында орын алған әйгілі «Мақта ісі» дауына қатысты құрылған мәскеулік Т.Гдлян мен Н.Иванов басқарған Ю.Андроповтың жеке қадағалауында болған өте құпия комиссия құрамында болуы – Нұржігіт Жұбатыровтың өз саласында беделді де білгір маман болғанын айқындайтын факт.
1978 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Батыр ана» атағына ие болған жұбайы Қаншайым Ақжігітова екеуі Хабибулла, Қомыт, Қосай, Абай, Бақтыбай, Серік, Түгелбай, Дүзелбай, Бақытжан, Ырысжан, Райхан, Дәулет, Нұрсұлу есімді 13 ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Балаларын оқытып, адам қатарына қосуды мақсат еткен Нұржігіт әкелік борышын молынан өтеп, немере сүйіп, 1999 жылы дүниеден өтті.
Бүгінде Нұржігіт Жұбатырұлының ұрпақтары өсіп-өніп, бір кездері ата-бабалары солақай саясат салдарынан ұрпақ қамын ойлап еріксіз көшіп кеткен атамекенге қайта оралып, Маңғыстау топырағында өмір сүріп, еңбек етіп, қараштың белгілі бір әулетінің жапырағы жайылып жатыр. Ұлдары бір-бір шаңырақтың иесі атанып, қыздары бір-бір үйдің түтінін түтетіп, отбасын құрып, ұрпақ өсіріп отыр.
Үміт ЖӘЛЕКЕ