Әріптесіміз Мұратбай Ұлықпан биыл асқаралы 60 жасқа шығып, мерейтойы қала деңгейінде тойланды. Наурыздың 30-ы күні «Мұнайшы» мәдениет сарайында ақылшы ағаның еңбек жолындағы жеткен кемелді кезеңі ұлықталып, халық алдында «Қауырсын қанат қаламым» атты шығармашылық әдеби кеші өтті.
Журналистика саласының майын ағызып, жілігін шаққан кәсіби маман, репортаж, очерк, памфлет, фельетон жанрларының шебері, сыншы, жазушы, өлкетанушы, «Беті ашылмаған келіншек» әңгімесі, «Тілім қышып барады», «Ымға түсінесің бе?» сатиралық еңбектері, «Ұрпағына ұран болған аталар», «Оралдым ортасына Отанымның», «Баба рухымен табысу», «Тылсымы терең құпиялы Маңғыстау», «Шоғы батыр және оның ұрпақтары», «Шоғы батыр оралды Маңғыстауға», «Ақ ордасы Адайдың» секілді еңбектерінің авторы Мұратбай Ұлықпанның мерейтойлық кешіне қала активі, өңіріміздің өлкетанушы азаматтары, өндірістік, кәсіптік мекемелер өкілдері, журналистің ағайын-тума, құрбы-құрдас, дос-жарандары мен қала тұрғындары да қатысты. Кешті М.Ұлықпанның шәкірті Бақтыбай Жайлау жүргізді.
Кеш шымылдығын ашқан әдемі биден соң, мерейтой иесі мен жұбайы сахна төріне көтерілді. Сәлемдесу сөзді алған М.Ұлықпан: - Менің жалпы мамандығым журналист. Модератор айтып жатыр ғой ақын, сатирик, жазушы, өлкетанушы деп мұның бәрі журналистіктің барысында іске асып жатқан жағдайлар. Себебі, журналист қоғамдық өмірдің қай саласы болса да, міндетті түрде атсалысып отыратын, кейде жазып отырып қара сөзге сыймайтын жерлерін өлеңге сыйдыртып жіберетін жан, - деді. Одан соң, өз қаламынан шыққан «Қонақбайдың қонақтары», «Режиссердің өңі мен түсі», «Құлқын мен сылқым», «Оралман» атты сатиралық өлеңдерін оқып берді.
Мерекелік кеште қала әкімі Әділбек Дауылбаев өзінің құттықтау лебізін білдіріп, ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, қала әкімі: «Бүгін, міне қаламыздағы үлкен бір азаматымыздың еңбегіне сай құрмет көрсетіліп жатыр. Мұның барлығы, яғни қоғам үшін, ел үшін сіңірген еңбек, үлкен жолдың арқасы. Журналистік жазбаларыңызбен қатар, сатиралық өлеңдеріңіз, жазушылық өнеріңіздегі әңгімелер, шежірелік, өлкетанушылық рухани мол еңбектеріңіз халық үшін құнды дүниелер. Қаламыңыз мұқалмасын, жырларыңыз ғұмырлы болуын тілеймін», - деп, құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты.
Сондай-ақ, сөз алған қалалық мәслихат хатшысы С.Мыңбай: - Біз, «Шамның жарығы түбіне түспейді» дегендей қасымыздағы қуатты, білімді, даналық ойы бар адамдардың жүргенін байқамайтынымыз бар. Мұратбай інімді біраздан білемін. Әдебиетті бала кезімізден сүйіп өскендіктен, шығармаларын оқып жүремін. Алғашында журналист көп қой қәзір, басына «Тұлға» деп айдар тағып, бората беретін. Мұратбайды да, сондай ақындардың, журналистердің бірі деп ойладым. Кейін шығармашылығына ден қойып қарасам, мәнді, мағыналы екенін байқадым. Әдеби шығармаға, публицистикалық жанрлардағы шығармаларға қойылатын үш талап, яғни мазмұн, теория, стиль, осылардың барлығын Мұратбайдың шығармалары қамтиды. Сондай-ақ, көп мақалалар тек қана әдемілеп барлығы жақсы, болып жатыр, толып жатыр, өркендеп жатырмыз деген сипатта жазылады. Бірақ, қоғамда үлкен-үлкен кемшіліктер де бар. Соны мақалаларында ашық жазып, көрсете білетін де Мұратбай Ұлықпан. Өмір жасың ұзақ болып, талдамалы шығармаларды өмірге әкеле бер демекпін, - деді.
Жалпы, шарада «Бақытым - денсаулығым, базарым - балаларым, мақтанышым - мамандығым, табысым - талантым, қаруым - қаламым» деген ұстанымды ұстанатын шығармашылық иесін құттықтап, сый-сияпат тапсырып, жүрекжарды тілегін жеткізуге келгендер аз болмады. Атап өтер болсақ, құттықтаушылар қатарында белгілі тарихшы- өлкетанушы Отыншы Көшбай, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, өлкетанушы Алқажан Еділхан, «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Сағындық Рзахметов, «Жаңаөзен» қалалық газетінің редакторы Гүлнәз Бөлекбаева болып, «Өзенмұнайгаз» мұнай компаниясы да бұл қатардан тыс қалмады. Сондай-ақ, кешке қатыса алмаған бірқатар қонақтардың, қазақтың ақыны Сабыр Адай мен облыстық мәслихаттың құттықтаулары мен арнау өлеңдері оқылып, мерейтой иесіне табысталды.
Жас ақын, айтыскер Арғынбек Қалыбай «Негізі шенеуніктер шошушы еді, Дәл осы Мұратбайдай ақын көрсе, ... Еліңнің жаңғырғаны осы емес пе, Ақынын құрмет тұтып әкім келсе, ... Ақиқатты айтпаса жүре алмайтын, Шындықтың шырылдаған өлермені, Зер салып тыңдай білсең шындығы көп, Шахановтан кем емес өлеңдері, ... Ұлықпан Жолдасовтан кем болмай тұр Мұратбай Ұлықпанның көрермені» деп жырласа, жыршы-термеші Қармыс Разбаев «Том том кітап жазылған, Бабамыздың іздері. Ерінбей хатқа түсіріп, Тарихқа қалдырған. Еңбегің бар Мұреке, Аталардың ғұмырын, Артық көрдің жанынан. Баяғы би мен шешендей, Дарыған қасиет қасыңнан», - деп өз арнауын арнады. Жастар ақынның патриоттық өлеңдерін оқып, кеш М.Ұлықпанның сөзіне жазылған әнші Нұрлан Мұрыновтың орындауындағы «Жаңаөзен» әнімен өз мәресіне жетті.
Жанайым ЖАРЫЛҚАП
Өткен аптада әріптес ағамыз Мұратбай Ұлықпан 60 жасқа толып, өзінің шығармашылық кешін өткізген еді.
Қаламызда Мұратбай ағаны танымайтын адам кемде кем шығар. Өйткені оқырмандар мен көрермендер оны тік мінезді, бетке айтатын, басшыдан қорықпай әділдікті тура айтып, жазатын тәжірибелі журналист, жазушы ретінде жақсы біледі. Бала кезінен қара сөздің қайнарынан қанып ішіп, әдебиетке, журналистикаға асау жылқыдай бұлқынбай-жұлқынбай, иірімі терең өзендей жылы ағыспен келген Мұратбай Әбілханұлы да асқаралы алпыстың төріне шығыпты. Шерхан Мұртаза атамыз «Алпыс деген - талтүс» деп бағалаған екен. Ендеше, өмірінің талтүсіне ентікпей-шалдықпай жеткен қаламгердің қол жеткізген жетістігі - қанжығасы майланған аңшыдай қомақты. Кейбір ғалымдар «жазушылық оқу-тоқумен жүре қалыптасады» деп айтқанмен, менің ойымша шынайы сөз шебері жаратылысынан қаламгер болып туады. Әрбір шығармашылық тұлға - шыңырау секілді жұмбақ әлемнің иесі. Әрине, әдебиетке, журналистикаға, жалпы жазушылыққа ентелеп келу бар да, онда тұрақтап қалу қиын. Бір ойлы дүниесімен жарқ етіп, кейін мүлде көрінбей кеткен қаламгерлер де кездеседі. Бұл жағынан, біз сөз етіп отырған М.Ұлықпанның жолы болғандығын байқаймыз.
Мұратбай ағамен 2009 жылдың жаз мезгілінде таныстым. Сол жылы Жалымбетов емханасында анаммен жүр едім, дәрігерге кіру кезегінде Мұратбай аға да тұр екен. Оның алдында жергілікті телеарнадан көріп жүрген соң ағаны алғаш рет көргенде танымал әншілерді көргендей қуанып кеттім де, бойымдағы батылдықты жинап, жанына барып «Сіз журналист Мұратбай Ұлықпансыз ба?» дедім, ол да «Иә, дәл өзімін» деп жауап берді. Сол кезде Мұратбай аға қалалық «Жаңаөзен» газетінде және Атырау қаласында шығатын газетте жұмыс жасайтынын айтты. Араға бір жыл салып, 2010 жылы мен оқуымды бітірген соң өзімнің түлеп ұшқан қалама келіп, «Жаңаөзен» газетіне жұмысқа орналасқан күннен бастап осы күнге дейін Мұратбай ағамен әріптестік жолымыз жалғасып келеді. Осы жылдар аралығында ағамыз журналистика бойынша талай бағыт-бағдар беріп, тақырыптарды ұсынып, менің мақала жазуымның қалыптасуына көмектесті. Бүгінде бір кабинетте Жазира, мен және Мұратбай аға болып үшеуміз отырамыз. Мұратбай аға Жазира екеумізге үнемі ақыл-кеңесін айтып отырады. «Жастарсыңдар, бір жерде отырмаңыздар, әр жерге барып, қоғамдағы әртүрлі тақырыптарды іздеп, газетке жазыңыздар» дейді. Кей кездері аға әзілін айтып, бір күлдіртсе, енді бірде ой саларлық әңгімелерін де айтып отырады. Мұратбай ағаны көбісі тік мінезді, қатал жан деп ойлайды. Бірақ, олай емес. Ағаның жүрегі жұмсақ. Жан дүниесі таза, мейірімді. Бір емес он-он бес кітаптың авторы, барлық тақырыпқа еркін қалам тербейтін журналист ағаның жолы кейінгі жастарға үлгі-өнеге. Қалалық «Жаңаөзен» газетінде Мұратбай ағаның тұрақты түрде ұйымдастыратын «Тікенек» айдарын оқырман асыға күтіп жүреді. Өйткені бұл айдарда журналист бүгінгі қоғамның мәселесін астарлап, әзілмен шынайы жеткізеді. Соңғы уақытта аға бұрынғыдай өткір тақырыптарды жазбай кетті. Көбінесе шежіре бағытына қарай ойысып, қалам тербеп жүр. Мұратбай ағаның өмірдегі асыл жары Дариға апа екеуі 3 ұл мен 2 қызды тәрбиелеп, барлығын аяқтандырып, бүгінде олардан тараған топырлаған немере мен жиендердің қызықтарына бөленіп отырған ардақты ата мен әже.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда «Мағжан көктемі» фестивалінің облыстық кезеңі өттіМұратбай ағаның екі өкпеден қыспай, жорғалап, еліктіріп отыратын шұрайлы тілі сүйсіндіреді. Журналист, жазушы аға қай тақырыпқа қалам тербесе де ерекше, жан жақты сараптап, нақты фактімен жеткізеді. Мұратбай аға тек ғана жазушы емес, ол сондай-ақ ақын. Бірнеше өлеңдері де бар. Мұратбай Әбілханұлы қызметінде газеттің әрбір санының шығуына тер төгіп, басылым беделінің өсуіне үлес қосуда.
Түптеп айтқанда, ел ағасы Мұратбай Ұлықпанның қаламгерлік жолы кемел кезеңінде тұр. Қалам мен қайрат мұқалмасын, зерде мен зейін жоғалмасын!
Гүлсім МҰРЫНОВА
«Жаңаөзен» газетіне жұмысқа орналасқан кезімде, яғни осыдан төрт жыл бұрын, жазуға-сызуға араласпай газеттің кезекті санына кезекші редактор болғаным бар. Бұл өзі құрамдағы тілшілердің кезекпе-кезек орындайтын міндеті. Содан университетте редакторлық сабақты оқығанмен, практика жүзінде қалай қарекет етерімді білмедім. Кімнен көмек сұрап, артылған жұмысты тыңғылықты орындарымды ойланып отырғанымды көрген болуы керек, бір қарағанда түрі қатал, мінезі тік көрінетін ағай қасына шақырып, редакторлық белгілерді дәптерге сызып, әрқайсысының қасына қолданатын тұстарын көрсетіп берген. Бұдан бөлек, газеттің бетінде кеткен пунктуациялық және фонетикалық, морфологиялық қателер үлкен жауапкершілік әкелетінін түсіндіргені бар.
Ағайды сол сәттен бастап жастарға ұстаз, өз ісінің нағыз білгірі екенін ұқтым, әлі күнге дейін бұл ойымды өзгертуге ешқандай себеп те болмады. Өйткені, әр жазған материалымның сөз саптауына, жеткізе алмаған ой мен жалпы мақала құрылымына аса мән беріп, жіберген қателігімді түзеп отырады. Оған қоса, «Көңіл айту», «Қазанама» секілді салмақ көтермейтін жазбалар газеттің ең төменгі орнында тұру керектігі сияқты редакторлық қарым-қабілеттерімен бөлісіп, ақпаратпен қатар талдамалық, көркем-әдеби жанрларда жазуды үйрену қажеттігін естен шығарған емес. Ағайдан ішкі қызметкерлерден бөлек, журналистикаға оқып жатырған студенттермен қатар жазу-сызуға қызығушылығы бар мектеп оқушылары, жұмысқа араласып, қызметте өз жолы бар жастар да келіп ақыл сұрап, өз ризашылықтарын білдіріп жататынына көз куә.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА