©
Ақтау қаласында өткен Наурыз мерекесі халқымыздың бірлігі мен бақуатты тұрмысын, ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүріміздің өміршеңдігін тағы да бір паш етті десек артық емес. Табиғаттың жайсаң мінезі бұл күні де теңіз жағасында тігілген киіз үйлер қалашығында серуен құрып, Ұлыстың ұлы күнін тойлаған жұртшылықты шын мәнінде қуанышқа кенелтті.
Осы күні Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі де былтырғыдай киіз үй тігіп, Наурыз мерекесін тойлауға өз үлесін қосты.
Үлкен сахнада болған мерекелік құттықтаудан кейін бұл шаңырыққа ел ағалары, ақсақал қариялармен бірге қоғамдық бірлестік мүшелері мен жұртшылық өкілдері бас қосып, әдемі отырыс болды. Наурыз мерекесін тойлауға келген жұртшылыққа Наурыз көже мен бауырсақ және дәмді ұлттық тағамдар ұсынылды.
Киіз үйде жайылған Наурыз дастарқанында Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бектұр Төлеуғалиев жиылған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтады. Наурыз мейрамының мәнін, қазақ қоғамындағы дәстүрлі маңызын түсіндіруімен қатар, қазіргі кезеңдегі халықтар достығы, ұлттық бірлік туралы ой бөліскен қаламгер Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласы мен «Әлеуметтік бес бастамасы» туралы да тағылымды әңгіме айтты.
Дастарқандас болған ел ағалары мен қоғамдық бірлестік мүшелері Наурыз мерекесімен жұртшылықты құттықтап, Кеше мен Бүгінді, Бүгін мен Болашақты сабақтастырған Наурыз атты мерекенің аясындағы әдемі отырыстың көрігін қыздырды.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда пәтер дауы медиативтік келісіммен аяқталды