©
Міне, жер бетіндегі тіршілік атаулының асыға күткен күні – Наурыз да келіп жетті. Жер-ана бусанды, тұла бойына нәр берер жылылықты сезген өсімдік атаулы бүршігін жарып көгере бастады. Күн ызғары да әне, бірте-бірте шегініп төбе асып барады. Шаруа баққан қазақ: «бұрынғы шалдар «үт – қарын айы, наурыз – желін айы» деп отырушы еді, жаратқан жақсылығыңды төге көр» деп жан-жағына мейірлене көз тігеді. Содан кейін қасындағы немересіне маңғыстаулықтардың наурыз мерекесін тойлауы жөнінде көрген, естігендерін айтатын-ды. Жалпы мұсылман елдері жыл басын наурыздың 22-сінде күн мен түннің теңелу кезеңінен бастайды. Бірақ Қазақстанның батыс аймағы, әсіресе, Маңғыстауда жыл басын наурыздың 22-сінде емес, 14-інде тойлайды. Неге? Бұл өлкенің тұрғындарының жыл басын өзге аймақтарға қарағанда бір жеті бұрын бастауының сыры неде?
Маңғыстаулықтар беріге дейін айлардың (дұрысында жұлдыздардың) арабша атауын пайдаланып келді. Олар: Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді деп аталады. Осы ескіше (арабша) айлардың аталуына байланысты мақал мәтелдер, естеліктер халық жадында мықты сақталған. Өмір тәжірибесінен алынған сол сөздердің қате кеткен жері тағы жоқ. Мысалы, «Таразыда таң суиды, сүмбіледе су суиды» дейді. Әсетте (июль, шілде) таңда таразы деген жұлдыз туады. Осы уақытта таңның салқындауына байланысты айтылған сөз. Ал сүмбіледе (август, тамыз) судан ерекше бір салқындық сезіледі немесе «Ақырап, қауыс, кәріқұртаңды тауыс». Мұның мағынасы ақырап (октябрь – қазан), қауыс (ноябрь – қараша) айларында күн салқындайды, кәрі, ақсақ малдарыңды жарататын уақыт болды деген сөз. Міне, осы қауыс, жеді (декабрь – желтоқсан) айларында күн суытып, қар жауып, бұрқақ болады. «Саратан (май – мамыр), зауза (июнь – маусым) сенен де қорқам» дейді екен бұрынғылар.
Өлкемізге белгілі археолог А.Астафьев Оңтүстік Сібір түркілерінде уақыт есебі тоғыз күндіктермен жүргізілгенін айтады. Олардың күнтізбесі негізінен жылдың төрт мезгілімен сәйкес келетін төрт температуралық циклға бөлектелген. Есеп күн ұзару басталатын қысқы қысқа күннен жүргізілген. Қысқы суық тоғыз күннен тұратын тоғыз апта – бұл аяздың «тууы» мен «өлуі» (23 желтоқсаннан 14 наурызға дейін). 14 наурыздан бастап жапырақ «есейіп» көкек келетін көктем туады. «Мүмкін осы дәстүр Маңғыстауға XVIII ғасырдың бірінші жартысында адай қазақтарымен бірге көшіп келген шығар» деген өз болжамын да айтады.
Қалай болғанда да көктемнің алғашқы нышаны өлке жерінде наурыздың 14-інде белгілі болады. Олар осы күнді жыл басы деп санаған. Осы күннің алдында (14 наурыздан екі-үш күн бұрын) «Наурыздың ақша қары» жауады. Бірақ ол тез ериді. Кей уақыттарда оны «Құс қанаты» деп те атайды. Яғни құс келер алдындағы соңғы қар немесе салқындық еседі.
Наурыз туралы сонау ерте заманнан бізге жеткен аңыз-әңгімелер көп. Қазақ үшін наурыз «Ұлыстың ұлы күні» болып есептелген. Өйткені алғашқы мал төлдеп, ауыздың аққа тиетін уақыты да осы. Қыс ызғары қайтады, мал аузы көкке тиеді. Біреудің екеу болып, өлінің әрі тартар, тірінің бері тартар, тіршілік атаулының тірлік танытар мерзімі. Халық арасында бұл күні «Самарқанның көк тасы да ериді» деген сөз бар. Бұл сөз де бекерден-бекер айтыла салмаған. Ертеде Самарқанды билеген атақты хандардың қабірінің басына киесі бар деп қымбат көкшіл тас – нефридті қояды екен. Күн мен түн теңелген кезде қандай құдыреті бар екенін кім білсін, сол тас буланып, терлейтін көрінеді. Яғни көзінің тірісінде қатыгез болған хан өткен ісіне өкініп, райынан қайтты, бұл кейінгілерге көрсетер үлгі деп есептеген.
Наурыз таңы атып, жан-жағына шапағын шашқанда жеті қат жер астынан жылы бу көтеріледі, жеті қат көктен нұр жауады дейді. Дәл осы сәтте ұяда жатқан құстар да, індегі жануар да, судағы балық та, жаңа бөртіп келе жатқан өсімдіктер де басын көтеріп, бір сәт қозғалмай тұрып, наурызға құрмет қылады деген ұғым да бар. Адамдардың өткен өкпе назын ұмытып, бірін-бірі құшағына алуы да содан қалған болса керек.
Сонымен қатар ұлыстың ұлы күніне байланысты айтылатын аңыздардың бірінде наурыз күні жаңбыр жауады. Оны халық арасында «Рахмет жаңбыры» деп те атайды. Сол жаңбырдан өсімдіктердің бойына нәр жүгіріп, оған жер бетіндегі тірлік атаулының иелері қатты қуанады екен. Осы кезде терең дарияның түбінде күн кешетін «садап» деп аталатын балық та су бетіне шығып «Ей, Жаратқан, мені де құр қалдырмай өз несібемді бере көр» деп жауып тұрған жаңбырға аузын тосатын көрінеді. Сонда аузына тамған бір тамшыға риза болып «Шапағатыңа рахмет, мен болдым, тойдым» деп қайтадан су түбіне кетіп қозғалмай жата береді. Көп ұзамай оның ішінде әлгі аузына тамған жалғыз тамшыдан гауһар тас пайда болады екен. Дүр гауһар наурыз айының алғашқы жаңбырынан пайда болатын құбылыс көрінеді. Сол гауһардан жер бетіндегі тіршілік ететін өсімдік, жан жануарларға тұқым тарайды деп те айтылатын.
Міне, әріден келе жатқан, бізге жеткен аңыздар осылай өріледі. Аңыз түбі – шындықтан бастау алады.
Қазақ, тіпті түрік мифологиясының негізін салған Серікбол Қондыбай: «Мифология – ойдан шығарылған қиял емес. Ол – өткен заман адамының шындығын бойына сақтап қалған ата-баба сарқыты. Ол – өткенді саналы түрде бұрмалаудың, жалғандықтың ескерткіші емес, бірнеше мәрте бүктеліп, оралып, ақиқаты мен қатесі қатар өрілген өрім қамшысы» деп жазып еді. Сондықтан атадан қалған осы аңыздардан шындық пен тәлім, өнеге іздегеніміз дұрыс сияқты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қариялар көңілін аулап қайттыӨлке тұрғындары амал күнгі мерекені 14 наурыздан бастап келеді. Тіпті Қазақстанның басқа аймақтарынан келген қонақтар да маңғыстаулықтардың наурызды ерекше тойлауына, салт-дәстүрімізге ерекше мән беріп, 14-інде бастауды ақылға қонымды деп есептейді. Бірақ бір «әттеген-айы» соңғы кезеңдері осы бір асыл дәстүріміз сақталмайды емес, лайланып бара жатқан секілді. Өйткені көптеген ағайындар 13 наурыз күні бір жерде бас қосып, түнгі сағат 12-ні күтеді, содан кейін бір-бірімен көрісіп тарасады. Әрине, бұл жерде біз біреудің ағайындарын шақырған пейіл кеңдігіне, дастарханына араласу емес, бағзыдан келе жатқан тұма дәстүрімізге қылау түспесінші деген ой. Түнгі сағат 12-де қол алысып көріскенді бұрын көріп пе едік? Болмаса бізден бұрын өткен сұңғыла шалдардан қалған із бар ма еді? Дәл қазір түнгі сағат 12-ні күтетін кешке қатысып жүрген жастарымыздың уақыт өте келе: «Біз көрген жерде үлкендеріміз наурызды 14-не қараған түнде тойлайтын еді» деп айтпасына кім кепіл? Жасымыз жетпіске, одан асқан ақсақалдарымыздың кейінгі ұрпақтарға көрсетіп келе жатқан өнегеміздің тұма, тұнық дәстүрімізге қайшы екенін ойлау керек сияқты. Жарықтық таңмен таласа тұрып, ешкімнің ру-жігін бөле-жармай, топырлап келіп үлкеннің батасын алып, бауырсақ пен ірімшік құртқа қалтасын сықа толтырып, мәз болып жүретін, наурыз қасиетін жанымен сезінетін бала қуанышы қайда қалмақ?
Маңғыстау жері ұлтымыздың салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған, асыл мұрамызды сақтай білген, өзгелер өнеге тұтқан мекен едік. Ұлттық болмысымызды сақтап, дәстүрдәбімізді лайлап алмайық, ағайын!
Отыншы КӨШБАЙҰЛЫ, өлкетанушы, жазушы