©
Отбасын шат-шадыман қуанышқа кенелтетін сәбидің күлкісінен қымбат нәрсе бар ма екен, сірә? Ата-анасының асылы болған әр бала — ата тектің жалғасы, бүкіл бір елдің болашағы, мемлекеттің ең бір құнды капиталы. Сондықтан әр шаңыраққа дені сау сәбидің келуіне әр әулетпен бірге мемлекет пен тұтас қоғам да мүдделі.
Өңіріміздегі Маңғыстау облыстық перинаталдық орталықта ана мен мен бала өмірі үшін тәулік бойы үздіксіз жұмыс жүріп жатады. Сырттан қарағанда, аяғы ауыр бір келіншек келіп, аман-сау босанып, сәбиін құшақтап, жанына жақын адамдарының ортасында шаттыққа кенелген күйі кетіп бара жатады. Ал ана болу бақыты бұйырған әр әйел мен оның баласының амандығы жолында кімдер қанша еңбек етті, о жағы бізге беймәлім. Расында да, бұл — орталық дәрігерлерінің тікелей міндеті.
Жақында жұмыс бабымен осы перинаталдық орталықта болғанымызда орталық директорының ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі орынбасары Роза Баданованы жолықтырып, әңгіме барысында бұрын өзіміз аса көңіл бөле бермей келген біраз нәрсеге қанықтық.
- Ана мен бала саулығын қорғау – халық денсаулығын қорғаудың өзекті мәселелерінің бірі, - деді Роза Әбілхайырқызы. - Әрине, босанатын ана ауыр халде болса, алдымызда ең бірінші әйелді аман алып қалу міндеті тұрады. Дегенмен, іштегі шарананы да мүмкіндігінше сақтап қалуға тырысамыз, жарық дүниеге келмегенімен, ол да — адам. Көбінесе, ана мен баланы қатар аман алып қалып жатамыз да. Өкінішке орай, жүкті әйелдердің көпшілігі өздеріне қарамайтыны, өздерін өздері күтпейтіні жасырын емес. Мысалы кей келіншектер бір, не бір жарым жылда босанып тұрады. Немесе ортасында тағы жүктіліктер болады. Сонда, не онысы түсіп қалады, не шарана дамымай, өспей қалады, немесе уақытынан бұрын босанып, бала шетінеп кетіп жатады. Жас келіншектердің кейбірінде жүрек ауруы, қан қысымының жоғары болуы, бүйректің, бауырдың түрлі аурулары болады. Созылмалы аурулардың жүктілік кезінде күшейіп кететін қаупі бар. Сонда да емделместен бір рет аман-сау босанса осы ауруымен, болды, алда да осылай аман-сау босана берем деп ойлайды да, келесі жылы, арғы жылы тағы бала көтере береді. Сосын өзінің созылмалы ауруы босанған кезде асқынса, оны дәрігерлерден көреді «қараған жоқ, емдеген жоқ» деп. Бізде науқас қаралмайды деген жоқ. Күнде қанша адам түседі, соның барлығы міндетті түрде бақылауда болады. Ал науқасы ауыр боп түскендер туралы ақпаратты денсаулық сақтау басқармасына үздіксіз жіберіп отырамыз.
Облыстық перинаталдық орталық үшінші деңгейдегі емдеу мекемесі болғандықтан мұнда Ақтау қаласы мен өңіріміздің барлық қала-аудандарында тұратын қосымша науқасы бар немесе ауруы асқынған әйелдер босанады. Олардың бір қатары өздері келіп жатса, ауыр жағдайға тап болғандарына орталықтың білікті мамандары шұғыл жетеді. Бірде автокөлік, пойызбен, бірде санитарлық авиация ұшағымен. Алдыңғы аптада алыста тұратын ауыр жағдайдағы келіншектерге төрт мәрте шақырту түскен. Бейнеу, Түпқараған аудандары мен Жаңаөзен қаласына. Форт-Шевченко қаласына бірінші шақырту түскенде автокөлікпен жолға шұғыл жиналған мамандар аудандық орталық ауруханадағы дәрігерлерге ота жасай беру керектігін айтады да, өздері барып, отаны әрі қарай жалғастырады. Сол жерде науқас әйелді қона-жатып, емдеген дәрігерлер беті бері қарағасын оны ұшақ шақыртып, перинаталдық орталыққа алып келеді. Қазір келіншектің жағдайы жақсарып қалды.
- Бұл әйел төртінші баласына аяғы ауыр еді, - деді санавицияның акушер-гинекологы Сәуле Алиакбарова. - Үйінде құлап қалды ма, білмеймін не болғанын, ауыр жағдайда аудандық ауруханаға түскен. Түпқарағандық әріптестеріміз бастаған отаны сәтті аяқтап, ертеңіне ұшақпен алып келгелі тәуір болып қалды. Үздіксіз бақылауда. Қазір аппараттан айырып, өзі дем алып жатыр. Әдетте плацента немесе баланың жолдасы нәресте туғаннан кейін бөлінеді. Ал кейбір жүктілік жағдайларда плацента жатыр қабырғасынан мезгілі жетпей, баладан бұрын бөлініп, жатырдың қабырғасы қанайды. Ондайда әйел өліп кетуі мүмкін. Қанға тұншыққан шарананы да құтқарып қалуымыз екіталай. Бұл жолы да солай болып, шарана шетінеп кетті. Мұны медицинада, күнделікті жұмыста отслойка дейміз. Кеңес заманында медицина институтында оқып, жұмыс істедік қой. Сол кезде бізге егер жүкті әйелде отслойка бар деп шешсек, дереу ота жасау керектігін тапсыратын. Бұл қағида бүгін де өзгерген жоқ.
Сәуле Алайдарқызы — 1998 жылдан бері санавиацияда жұмыс істеп келеді. 1985 жылы Алматыдағы мемлекеттік медицина институтын бітірген. Өз ісін шексіз сүйетін оның мол тәжірибесі жас әріптестеріне үлгі және үлкен мектеп десек те қателеспеспіз. Оның айтуынша, санавиация деген аты болғанымен, шұғыл медициналық көмек көрсететін дәрігерлер бұрын аудандарға, алыс елді мекендерге автокөлікпен, пойызбен қатынап жүріпті. Жиырма жылдан бері ғана алыс жерлерге ұшақпен жетіп баратын мүмкіндік пайда болған.
- Әйелдерге шұғыл медициналық көмек көрсетуге мен ғана кете бермеймін, - дейді ол. - перинаталдық орталықтағы білікті дәрігерлердің барлығы да жұмыстың ретіне қарай бара береді. Дегенмен, орталық директоры Жамал Жаманбаева облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас акушер-гинекологы болғандықтан, сол кісі шешеді қайсы дәргердің жолға шығатынын. Ал біз үшін ең маңыздысы — ана мен бала денсаулығы жолындағы сын сағаттарының сәтті өтуі.
Аллаға шүкір, дәрігерлердің еңбегі еш кетіп жатқан жоқ. Өте сирек жағдайлар болмаса, көптеген келіншектер ауыр сәттерді артқа тастап, үйлеріне аман-есен оралып жатыр. Оны өткен жылғы көрсеткіштен де байқау қиын емес. Статистикаға сенсек, 2017 жылы 7194 әйел өмірге сәби әкелсе, олардың 1913-і ота жасау арқылы босанған. Ал 93 әйел ауыр жағдайда болып, аяғынан тұрып кеткен. Биылғы екі айда 2000 әйел босанды. Осы уақытта орталыққа ауыр жағдайда түскен 14 әйелдің денсаулығы жақсарды.
- Біздің мамандарымыз әр науқасты құтқару үшін бар білімі мен тәжірибесін сарқа отырып жұмыс істейді, - дейді Роза Баданова. - Алайда, келіншектер бойына бала бітпес бұрын өз денсаулығына көңіл бөлсе екен дегім келеді. Созылмалы ауруы болса, емделгені дұрыс. Әйелдердің денсаулығы оның туатын баласына да әсер етпей қоймайды. Тоғыз ай, он күн көтеріп, азаптанып туған баланың дені сау болғаны әр отбасының бақыты емес пе?
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Сурет сайттың архивінен