Қазақстанның батыс өңірінде әз-Наурыз Амал мерекесімен басталды. Көктемнің келуін, табиғаттың жаңаруын, жұртшылықтың қыстан аман-есен шыққанын білдіретін Амал мерекесін Маңғыстау жұртшылығы асыға күтеді. Мейраммен қатар, бұл күні тұрғындар Жаңаөзен қаласының 50 жылдық мерейтойының да ашылуын кең көлемде атап өтті.
Өнерпаздардың сахналық көріністері мен әуелеткен әуендері көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйласа, мерекенің көркін қыздырған спорттық жарыстар да тартысты өтіп, жеңімпаздар диплом медаль және кубокпен марапатталды. Шара тоғызқұмалақ, арқан тартыс ойыны, зіл тасын көтеру, асық ату және армрестлинг-қол күресі сынды спорттық жарыстармен толықты.
Зіл тасын көтеру бойынша І орынды Әлібек Әжіғалиев иеленсе, ІІ орынға Мұхтар Елубаев, ІІІ орынға Марат Аманжолов ие болды. Арқан тартыс ойыны бойынша І орынды «Қызылсай» командасы, ІІ орынды № 15 орта мектеп командасы, ІІІ орынды қалалық білім бөлімі командалары иеленді. Қол күресі бойынша І орынды Ерлан Алланбаев қанжығасына байласа, ІІ орынға Нұрлыбек Жолдасов лайық деп танылып, ІІІ орын Ербол Есенамановқа бұйырды. Асық атудан бойынша орындар келесі ретте бөлінді: І орын - Оразбек Нұрғиса, ІІ орын - Ақниет Ермеков, ІІІ орын - Бексұлтан Қамысбаев. Тоғызқұмалақтан ерлер арасында І орынды Жамбыл Атаниязов, ІІ орынды - Саламат Мұсаев, ІІІ орынды - Марат Атаназаров иеленді. Ал, әйелдер арасында Майра Қадырова І орынға ие болса, Гүлсім Рысғалиева ІІ орынға, - Әсемай Багитова ІІІ орынға лайық деп танылды.
Меруерт НҰРБЕРГЕНҚЫЗЫ, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: 2022 жылы Ақтау сымсыз интернетпен қамтылмақ