Амал мерекесі жыл – басы саналып, мұнайлылықтар арасында жыл өткен сайын құлпырып, гүлденіп, жаңаша мән-мағынада тойланып келеді. Бұл күні үлкен-кіші бір-бірімен қол алысып, төс қағыстырып, жүрекжарды ыстық лебіздерін білдіріп, «Жылдан жылға, Амалдан амалға аман-есен жетейік!..» деген асыл ниеттер жолдайды. Береке-бірлікке шақырар аталы сөздер молынан айтылады. «Қырықтың бірі – Қыдыр» дегендей бұл күні әрбір адам қырық кісімен көрісуі қажет деген де ұғым бар.
Міне, ел-жұрт үшін маңыздылығы жоғары саналатын Амал мерекесін Мұнайлы ауданы халқы шат- шадыман, көтеріңкі күйде айрықша атап өтті. Айтулы мереке Мұнайлы ауданы орталығындағы «Тәуелсіздік» саябағына олимпиада және әртүрлі сайыстың жүлдегер оқушыларының қатысуымен ағаш көшеттері отырғызылып, «Білімділер аллеясын» ашу рәсімімен басталды. Мұндағы іс-шараға аудан, ауыл басшылары, аудандық мәслихат депутаттары және мекеме, ұйым жетекшілері белсене қатысты. Аға буын өкілдері жастарға үлгі болып, игі тілектерін айтып, ақ баталарын берді. Мұнда отырғызылған ағаш көшеттерін алдағы уақытта күтімге алу жағы да сөз болды.
«Амал оң болсын, ақ мол болсын!» деп бір-біріне лебіз білдірген қариялар мен ақ жаулықты аналар Мұнайлы ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залындағы Мұнайлы аудандық мәслихат аппараты қызметкерлері мен мәслихат депутаттарының Амал мерекесіне арнап ұйымдастырған іс-шарасына бет бұрды. Мерекеге келген барлық басшылардың қазақтың ұлттық киімдерімен жүргені көңіл қуантты, әрі сүйсіндірді. Мұнайлы аудандық мәслихат хатшысы Бердібек Назардың ұйымдастыруымен өткен Амал мерекесі тұнып тұрған қазақы дәстүрді жаңаша жарқырата көрсетуді негізге алғаны көрініп-ақ тұрды. Барлық ел қалаулылары ұлттық киім киіп, ақжарма тілектерін айтып, көрісуге келгендерді құрақ ұша жылы қабылдап жатты. Келушілер де олардың тыңнан жол тауып, рухани жаңғыру кезеңінде ата-баба дәстүрін жаңа заманға сай бейімдеп, өткізіп жатқандарына шынайы алғыстарын білдірді.
Расында да аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залы қазақы салт-дәстүрге тұнып тұрды. Бір бұрышында киіз үйдің керегесі керіліп, онда ұлттық нақыштағы ою-өрнектер мен мұндалайды. Түрлі ұлттық бұйымдар қойылып, ұлттық киім киген қыз-келіншектер қолды-аяққа тұрмай қызметтерін жасады. Қонақтарға жеті дәм қосылған наурыз көже, шұбат ұсынылды. Киелі дәм мен ағарғаннан ауыз тиген көпшілік ел қалаулыларының игілікті ісіне ризашылықтарын білдіріп, баталарын беріп жатты. Тағы бір сәтте ұлт аспаптар ансамблінің әуезді әндері орындалып тұрды. Қазақы әндер жүректерді баурап алып жатты.
Шарада Мұнайлы ауданы әкімі Нұрлан Тәжібаев қалың көпшілікті жыл басы саналатын Амал мерекесімен қызу құттықтап, аудандық мәслихат депутаттарының бастамасы көпшілікке үлгі болсын дегенді баса айтып, өз ризашылығын білдірді. Сөз кезегін алған аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Назар ұйымдастырылған шараның ерекшелігіне тоқталып, мән-мағынасын қысқаша түсіндіріп өтті. Ол өз сөзінде: «Амал мерекесі – атадан балаға мирас болған қасиетті мереке. Сол үшін жастарымызға үлгі болсын деп ұлттық нақышта киініп, ұлттық үрдісте сөзіміз сапталсын деген асыл ниетімізді жүзеге асыруды ниет еттік. Жаңаша құлпыртып, жаңаша леп беруді мақсатқа алдық. Бүгін біздер жыл басы саналатын Амал мерекесінде баршаға сыйлық жасағалы отырмыз. Ол – қоржынға салынған сыйлық. Оның ішінде не бар дейсіздер ғой, онда ұлттық тағам түрлері бар. Атап айтқанда, бауырсақ, ірімшік, құрт, тағы басқалар. Сонымен бірге «Наурыз көжені қалай дайындауға болады?» деген де жадынама бар.
Қарап отырсақ, жыл сайын қаңтардың 1-дегі жаңа жылда қалта-қалта сыйлықтар жа- саймыз. Ал неге осындай сыйлықты Наурызда жасамасқа? Мұнайлы аудандық мәслихат депутаттарының жаңа үрдісін қолдап, қуаттасақ, ұтпасақ, ұтылмаймыз. Наурызда қоржынға ұлттық тағам түрлерін салып, бір-бірімізге тарту етсек, елдігіміздің аспандағаны деп білеміз.
Бұл бастама аяқсыз қалмауы тиіс, деп те ой түйеміз. Ел қалаулылары ұйымдастырған шарада аудандық мәслихаттың депутаты Айларбек Шыршықбаев Қыдыр ата кейіпіне еніп, баршаны Амал мерекесімен құттықтап, батасын берді. Төрге орнатылған үстелге үлкен ас келіп, көпшілік ауыз тиді. Есте қалар мерекеде ел қалаулыларына көпшілік ақ баталарын беріп, жаңа бастамаға өз ризашылықтарын білдірді.
Мұнайлы ауданы әкімдігінен бастау алған Амал мерекесі Батыр ауылдық округіндегі «Амал келді – жыл келді!» атты аудандық мерекелік шараға жалғасты. Ауыл әкімшілігі жанынан тігілген, ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер сонадайдан әсемдігімен көз тартады. Мұнда да алаңда орнатылған сахнада әуелеген ән, күмбірлеген күй орындалып, барша аудан тұрғындарын шаттандырып, мерейлерін асырып тұрды.
Мұнайлы ауданы әкімі Нұрлан Тәжібаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бердібек Назар бастаған көпшілік ауыл ақсақалдарымен және ақ жаулықты әжелермен көрісіп, Амал мерекесімен қызу құттықтағаннан соң №10 орта мектеп жанына ағаш көшеттерін отырғызу рәсіміне бет бұрды. «Еккен талымыз саялы ағаш болып жетілсін!» деген ниетпен аталар да, әжелер де көшет егу ісіне жұмыла кірісті. Бірі күрекпен түбіне топырақ салып жатса, енді бірі су құйып жатты. Қарап тұрған адам болмады, бәрі бір кісідей жұмылып, игі істі атқарды.
Көшет отырғызудан соң мектеп директоры Құралай Нұрманованың бастауымен білім ордасындағы академик, тарих ғылымының докторы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Өмірзақ Озғанбайдың атына жаңадан ашылған арнайы кабинетке келіп, атқарылған істерді тамашалады. Мектеп директорының түсіндірмесінен байқалғандай, мұнда жас жеткіншектерге толымды тәрбие берерлік жұмыстар әлі де жалғасын табатынын аңғардық. Осы арнайы кабинетті көпшілікпен бірге тамашалау барысында Мұнайлы ауданы басшысы өз ойын ашық айтып қалды. Ол ұсыныс – білім ордасында Қазақ елінің Тұңғыш Президентіне арнап кабинет ашу ісі болатын. Мектеп басшысы бұл ұсынысты толық қолдайтынын, жақын арада оны жүзеге асыратынын көпшілік алдында мәлімдеді. Бұған кабинетті тамашалауға келген көпшілік өз ризашылық сезімдерін білдірді.
Мектеп ішін аралап, танысып шыққан әлеумет әкімшілік алдындағы алаңда орналасқан сахна жанына келді. Мерекені жүргізуші сахна төріне Мұнайлы ауданы әкімі Нұрлан Тәжібаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Бердібек Назарды құрметпен шақырды. Сөзге шыққан Мұнайлы ауданы басшылары мерекелік жүрекжарды лебіздерін жолдап, елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтатын Амал мерекесімен баршаны қызу құттықтады. Сөйтіп № 10 орта мектебінің Алтынай Абиева, Рустем Юсупов, Гулнур Серкбаева сынды ұстаздарына ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Алғыс хатын салтанатты жағдайда табыс етті. Ал ауыл басшысы Қалнияз Оңдабаев аталмыш мектептің 8 мұғалімін «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатымен марапаттады.
Елді қуанышқа, шаттыққа бөлейтін Амал мерекесінде сахна төріне ауданның Құрметті азаматы, Бекет атаның ұрпағы Бердіхан Сандыбаевты және ауыл ақсақалы Жасин Әділхановты құрметпен шақырып, қалың көпшілік бата тіледі. Батагөй ақсақалдар баршаны айтулы мерекемен қызу құттықтап, халықтың бірлігі бұдан да әрі нығайып, толағай табыстарға жетіп, Тәуелсіз Қазақ елінің аспаны мәңгі ашық болуын тілеп, жүректен жарып шыққан ақ баталарын берді. Данагөй баталарына барша жұрт «әумин!» десті.
Амалға келген қонақтар Батыр ауылдық округі әкімшілігінің және №10 орта мектебі ұжымының мерекеге арнап тігілген киіз үйлеріндегі жайылған ақ дастарқандағы ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Өз ризашылықтарын білдіріп, ақ ниеттерін жолдап жатты.
Ал сахна төрінде үлкен-кішісі бар аудан өнерпаздары өз өнерлерін жарқырата паш етті. Сонымен бірге №10 орта мектептің ұстаздары мен оқушылары да концерттік бағдарлама ұсынып, көрерменді тәнті етті. Ал бойжеткен қыздар мен бозбала жігіттер Алтыбақан теуіп жатса, тағы бір жерде әртүрлі спорттық шаралар қызып жатты. Тұсау кесу, шаш алу рәсімі де өткізілді. Мерекеге келген үлкені бар, жасы бар, барлығының Амал мерекесін ұйымдастырушыларға деген алғысы шексіз еді.
Осы арада мына өнегелікке толы бір істі айта кеткен жөн. Ол Мұнайлы ауданы басшысы Нұрлан Тәжібаев бастаған топ Амал мерекесімен аудандағы ел сыйлаған ақсақалдардың үйіне арнайы барып, сәлем беруі болатын. Баянды ауылындағы Ұлы Отан соғысының ардагері Абдулла Утаевтың, Басқұдық ауылындағы Тәжібай Түрікпенбаевтың, Батыр ауылындағы Сайын ақсақалдың шаңырақтарына арнайы барып, мерекемен құттықтап, көріскені еді. Мұндай тәрбиелілігі жоғары істер жастарымызға жұғысты болып жатса, нұр үстіне нұр дейміз.
Амал мерекесіне арналып барлық ауыл және ауылдық округтерде «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» тақырыбында жастардың ауыл ақсақалдарымен көрісу рәсімдері де болып өтті.
Д.ХАНСҰЛТАН