Табиғат, жер-дүние жаңарып, жасанатын, күн мен түн теңесетін, ырыс пен берекенің, ризық пен несібенің бастауы болған Ұлыстың ұлы күні өңірімізде кең көлемде тойлануда. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтап, әдет-ғұрыптар мен жөн-жоралғылардың жөнін тауып, дәріптеп жүрген «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы әз Наурызды мерекелеп, жаңа жыл басымен қауышты. Түркі халықтарына ортақ мереке Қаламқас кенорнында өзіндік болмыс-бояуымен, сән-салтанатымен тойланды.
Кенорнындағы көңілді көктем мерекесінде орталық алаңға жағалай киіз үй пішіндес үйлер тігіліп, кең дастархан жайылып, қазан көтерілді. Алтыбақан құрылып, сахна да мерекеге сай әсем безендірілді. Ұлттық киім киген мұнайшылар нұрлы Наурыздың айшықтары көрініс тапқан алаңға қарай ағылды. Бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық сұрасқан мұнайшылар «Бір жасың құтты болсын!», «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» «Құтты, берекелі жыл болғай» деп ақ тілектің тиегін ағытты. Бұл күні аспан ашылып, күн жылынып, табиғат та нұрланып сала берді.
Шуақты да шұғылалы күнде мерекелік көңіл-күймен думандатқан мұнайшыларға құттықтау лебіздері айтылып, мерейді өсіретін марапаттар табысталды. Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров жиылған көпшілікті салтымызға сіңген, ырыстың, береке мен молшылықтың, жаңғырудың мерекесімен құттықтап, елімізге бейбітшілік, әр шаңыраққа амандық, шаттық тіледі. Жармағанбет Қайырмағанбетұлы 90 жылдық тарихы бар Маңғыстау ауданының қазына қаржысын молайтып, халықтың әл-ауқатының әлденуіне, тұрмысының түзелуіне зор үлес қосып келе жатқан «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының ұжымына аудан халқы атынан алғыс айтты.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн: «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Жаңа жылда халықтардың достығы мен береке-бірлігі арта түссін. Біздің компаниямен бірге тығыз қарым- қатынаста жұмыс жасап келе жатқан Маңғыстау ауданының халқын да мерекемен құттықтаймын! Біз қолымыздан келгенше көмектесуге дайынбыз. Осы көктем мейрамы әрбір шаңыраққа жақсылық, қуаныш, ырыс әкелсін!» – деп тілек білдірді.
Наурыз тілекті жалғаған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Жетібай Төлеғожаев ақжарма лебізін жеткізді.
– Құрметті қонақтар мен мұнайшылар! Сіздерді береке мен бірліктің бастауы, ізігілік пен ынтымаққа үндейтін жыл басы – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа деп, жаңа жылдан үлкен үміт, жоралы жақсылық күтеміз. Жаңа жылға жақсы табыстармен, көрсеткіштермен жетуімізде мұнайшылардың зор үлесі бар. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ауызбіршілікте, татулықта жұмыла еңбек етейік. Еліміз үшін қазыналы, мерекелі, құтты жыл болсын! Табалдырығымыздан аттағалы тұрған Ұлыстың ұлы күні елдің ырысы мен ынтымағын нығайтып, әр отбасының береке- бірлігін арттырсын. Жыл жемісті болсын, ардақты ағайын!, – деді Жетібай Қуанайұлы.
Салтанатты сәтте өндірістің өркенін өсіріп, еңбекқорлығымен көзге түскен бір топ мұнайшыға Маңғыстау ауданы әкімінің алғыс хаты, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Құрмет грамотасы, алғыс хаты және мұнай-газ саласына еңбегі сіңген қызметкерлерге «CNPC» АҚ Қазақстанмен әріптестігіне 20 жыл толуына орай мерекелік медалі табысталды.
– Бүгін Ұлыстың ұлы күнінде компаниямыздың атынан Құрмет грамотасымен марапатталдым. Мерекеде басшылық тарапынан еңбегіміз еленгеніне қуанып, шаттанып тұрмын. Бір марқайып, жасап қалуымыз жұмыс істеуге, еңбек етуге құлшындыра түседі. Мен осы кенорнында 22 жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы жылдар ішінде мұнайды игеру жұмысына атсалысып, өз үлесімді қосып келемін. Барша маңғыстаулықтарды мейрам-шаттыққа кенелетін Наурыз мерекесімен құттықтаймын!, – деді «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы №3 мұнай және газ өндіру цехының 4 дәрежелі мұнай және газ өндіру операторы Азанғали Ербозов.
Сән-салтанаты жарасым тапқан мерекеде думандатқан жұртшылық өнерпаз мұнайшылардың өнерін тамашалап, мәре-сәре болды. Сазды сәлемін ала келген мұнайшылар Қаламқас аспанын әнге бөледі. Орталыққа жиналған қалың көрермен би билеп, ән салып, кештің көркін қыздыра түсті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Амал мерекесі жаңғырудың жаршысы– Мерекеде мерейіміз тасып, ыстық ықылас пен құрметке бөлендік. Концерттің де көрермені болдық. Кенорнында 2002 жылдан бері қызмет етіп келемін. Сол жылдан бері машинист, оператор, шебер қызметтерін абыройлы атқарып, еңбек жолында шыңдалдым. Мамандықтың қыр-сырын тәжірибемен үйрендім. Біздің цехта 40 адам жұмыс жасайды. Әрқайсысының өз міндеті, жауапкершілігі бар. Ақшымырау ауылының тұрғынымын, жарыммен бірге 5 ұл-қызды тәрибелеп отырмын. Жаңару мен жаңғырудың мерекесі құтты болсын!, – деді Маңғыстау ауданы әкімінің алғыс хатын иеленген «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының алдын-ала су айыру қондырғысы бөлімшесінің басшысы Серік Заханов.
Ақ тілегін ала келген меймандар қаз-қатар тігілген үйлерге түсіп, наурызкөже ішіп, ақтан ауыз тиді. Дастархан басында ізгі тілектер айтылып, бата беріліп, мейірімін шашқан көктемнің бұл күнін көпшілік берекенің бастауы десіп, жақсы нышанға балап жатты.
Наурыз-думанда мұнайшылар мерекенің мазмұнын айшықтаған ұлттық спорт түрлеріне белсене қатысты. Гір тасын көтеру, арқан тарту, қазақша күрес сынды ұлттық спорт ойындарынан тартысқа түсті. Сайыстарға Маңғыстау ауданындағы ауыл тұрғындары да қатысып, жүлде алды. Мәселен, қазақша күресте Шетпе ауылының тұрғындары Ғайса Қалмұханов, Ерлан Серіков, Бағдат Ерғазы жүлделі орындарды жеңіп алды. Гір тасын көтеру сайысында 1-орынды Еркебұлан Қанатбаев («Oil Services Company» ЖШС ), 2-орынды Руслан Бекбосынов («Oil Services Company» ЖШС), 3-орынды Рақымжан Алғожаев қанжығасына байлады. Арқан тартуда Шебір ауылының жігіттері ептілік пен жылдамдық танытып 1-орынды иеленсе, 2-орын «Oil Services Company» ЖШС тобына, 3-орын «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының 2-цехына бұйырды. Жүлдегерлерге грамота мен ақшалай сыйлық табысталды.
«Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы Нұрпейіс Сәрсенбайдың айтуынша, өткен жылы 4 млн. 45 мың тонна қара алтынды өндірген қаламқастық мұнайшылар биыл да жоспарланған межені орындау үшін аянбай еңбек етуде. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында көзделген көрсеткішті орындаған мұнайшылар қауымы жаңа жылға лайықты еңбек тартуымен жетіп отыр. Осы жылдың еншісінде мұнайшылар жаңа тәжірибелік жұмысты жемісті атқаруды жоспарға қойған.
Жүздерінен шаттықтың лебі есіп, мерекелік көңіл-күй құшағында думандатып, арқа-жарқа болған мұнайшылар келер жылдан жақсылық тілеп тарасты.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="50259,50258,50261,50260,50262,50429"]