Көктем айы – мерекелі ай. 8 наурыз, Амал мерекесі, Наурыз мейрамы – қоса-қабат келіп, қазақтың кәрі-жасын той-думанға қарық қылады. Осы айдың қыз-келіншектер үшін қуанышы ерекше. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Мерейлі отбасы» атанған Орын және Құндыз Құлсариевтердің жанұясында қазақтың «Қыз төркіндету» дәстүрі жалғасын тауып, нағыз ұлттық рухани жаңғырудың үлгісін көрсетті. Әсіресе оның қыздары үшін ерекше қуанышқа ұласқан отбасылық мерекенің куәсі болдық.
Отбасы басшысы Орын Құлсариев – өңірге танымал өнерпаз ретінде «Маңғыстау маржандары» ансамблінің негізін қалаушы, Алжирде өткен Х халықаралық фестивальдің дипломанты. Бүгінде сексеннің алтауына келіп отырған ақсақал әлі де болса қоғамдағы жаңалық атаулыға құлақ түріп отыратын, өмірге құштар жан. Оның 1957 жылы Ақтөбе музыка училищесін бітіргенін, 1975 жылы Алматы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының оркестрінде Шамғон Қажығалиев, Қаршыға Ахмедияровтардан сабақ алып, 1 айлық курстан өткенін қанағат тұтпай, 77 жасында Х.Досмұхамбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің музыка факультетін тәмамдап, дирижерлік маманы бойынша жоғары білім дипломына қол жеткізуі осының дәлелі болса керек.
Маңғыстау облысының және Қарақия ауданының құрметті азаматы, «Аға домбырашы» атағы бар Орекең мәдениет саласындағы ұзақ жылдар бойғы еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған. Ардагер ұстаз өз отбасының құрылу тарихынан сыр шертіп, мерекенің кіріспе сөзін бастап берді.
– Құндызға 1950 жылы 18 жасымда үйлендім. Оған дейін біздің үйімізде шешем, Қолғанат және мен – үш жан болатын. Менің алғашқы еңбек жолымды бастаған кезім. Күнелтіс жағдайымыз мұндай молшылықта болған жоқ. Шешеміз Болған шалбар ауылының қызы, ақылды, қайратты, қолы шебер әйел болды. Менің анамның жас кезінен киім тігу, киіз басып, өрмек тоқу сияқты өнерден хабары мол болған. Жұрт менің атымды атамай «Мәшінші кемпірдің баласы» дейтін. Сол тігіншілік өнер Құндызға да жұғысты болып, осы үйдегі түрлі ою-өрнек салған құрақ көрпелер өз қолынан шыққан.
Қыз бала – «жат жұрттық болғанмен» әрқашан ұшқан ұясының тілекшісі, інібауырларына жанашыр апа-қарындас. Менің әр қызым дүниеге келгенде өз басымда да жақсы жаңалықтар болып, өнер жолымдағы жетістіктерге қолым жетіп отырды. Ендігі тілегім біз дүниеден өткен соң да, осы қарым-қатынас, туыстық татулық үзілмей, жиендер мен нағашылар арасындағы байланыс осы қалпын да қалса екен. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп бекерге айтылмаған, аузыңыз бір, тату-тәтті болыңдар!– деп батасын берді ұшқан ұясына төркіндеп келіп отырған 9 қыз бен 2 ұлдың әкесі ұрпақтарына.
Одан соң ата-анасының төрінде қазақ салты бойынша төркіндей келіп, төрде тізіліп отырған 9 қыздың үлкені Рухия Шетпе ауылында кітапханашы болып 40 жылдай қызмет етіп зейнетке шығыпты, жолдасы Орақ ұзақ жылдар теміржолда істеп, қайтыс болған. Рухия Орынқызы – 3 ұл, 1 қыздың анасы, 8 немеренің әжесі.
Екінші қызы – Айжан құнан орыс ауылының келіні, жеке кәсіпкерлікпен айналысады, тігінші шебер. Әжесінен жастай шеберлікті үйренген. Жолдасы Амангелді мұнайшы, 4 баласы бар.
Үшінші қыз – Гүлжан Қызылорда қаласынан аталмыш мерекеге арнайы келіпті. Мамандығы – мұғалім. Күйеуі Жоламан – ардагер мұнайшы. Ақылбек, Нұрлыбек, Әділбек және Меруерт атты 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отырған үлгілі отбасының бірі. Балаларының бәрі – де жоғары білімді мамандар.
Төртінші қызы – Ғалия мұнайшы геолог, жер қойнауын игеру саласының ардагері. 1 ұл, 3 қыздың анасы. 9 немеренің әжесі. Күйеуі Көмек – мұнайшы.
Гүлнары музыкант, пединститут бітірген. Күйеуі Бөкенбай, 2 ұл, 1 қызы бар. Гүлнар Ақтаудағы №34 балабақшада балғын бөбектерді музыкаға баулиды.
Әке жолын қуған өнерпаз қыз Рахила – Алматы музыкалық училищесін, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған жоғары білімді музыка маманы. Бүгінде Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық оркестрдің дирижері, мәдениет саласына еңбек сіңірген қайраткер.
Өнерде өз жолын тапқан Рахила Құрманғазы атындағы республикалық байқаудың, Нұрғиса Тілендиев атындағы республикалық дирижерлер байқауының лауреаты. 30 жыл өнер саласында істеп келеді. Былтыр Атырау қаласында «Қазақ оркестрінің қарлығашы» тақырыбымен жеке концерті өтті. Отбасында күйеуі, инженер-механика маманы Ерланмен екеуі 2 қыз, 1 ұл өсіріп отыр.
Светасы инженер-геолог, Өзенде «Бұрғылау» мекемесінде істейді. 2 қыздың анасы, 4 немеренің әжесі.
Ата-ана үйіндегі мерекеге Бейнеуден келіп қатысқан Раушаны медбике, 5 бала, 2 немересі бар. Күйеуі Жарас – мұнайшы. Ұлы Жасұлан ән салып, жиналғандарды өнерімен қуантты.
Кенжеші Өзенде тұрады. Жоғары білімді, жоғары категориялы есепші. Ұлы Аспарух 10сыныпта. Қызы Зәмзагүл медицина институтында оқиды.
Төркін сыбағаға бұрынғы заманда мал берілетін болса, бүгінгі дәстүрді жаңғыртушы отбасының келіні Бағлан бастаған келіндер төркіндей келген апа қайынсіңлілеріне ұлттық әшекей бұйымдар топтамасын – күміс алқа, сырға, сақина, білезік тарту етті.
Орекеңнің інісі, өңірге белгілі мұнайшы геолог марқұм Қолғанат зайыбы Меделхан, өкіл қызы – марқұм ақын, жазушы Гүлжауһар Сейітжанның жолдасы, өңірге белгілі журналист Жоламан Бошалақ сөйлеп, жанұя басшысының адамды жатсынбайтын бауырмалдығын, жақын-жуықтың басын қосып, ағалық қамқорлық жасай білетін көшбасшылық қасиетіне терең тоқталды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Кәсіптің кілтін тапқанТөркіндей келген сіңлілері атынан қыздардың үлкені Рухия:
– Осы шаңырақтан өсіп-өндік, бәрімізді оқытып-тоқытып тәрбиеледі, бүгін біздің басымызды қосып, төркіндетіп жатқан ата-анам мен бауырларыма, келіндеріме рахмет айтам. Қуаныштымыз, қыздары ата-ана абыройына нұқсан келтірмей 9 рудың шаңырағын ұстап, ана-әже атанып отыр. Көке, апа! Сіздерге алғысымыз шексіз! Алланың берген жасын жасай беріңіз! – деген ақ тілегін айтты.
Орекеңнің қыздарын төркіндетіп, өз отбасында рухани жаңғыру үлгісін паш етуіне мұрындық болған қолындағы келін-баласы Сәкен мен Бағылан да – Мәди, Әли есімді ұлдар мен Сымбаттай қыз бала тәрбиелеп өсірген ата-ана. Сәкен инженер-құрылысшы, әйелі Бағылан – дәрігер. Мәдиі Алматы мемлекеттік Құрылыс академиясын биыл бітіреді, Әлиі – Назарбаев мектебінің оқушысы. Қыздары Сымбат тұрмыста.
Орекеңнің үлкен ұлы Сәтбай Өзенде инженер-механик болып жұмыс істейді. Келіні Баршагүл екеуінен 6 бала, 8 немере бар.
Мерейлі отбасы мүшелерінің ұл-қыздары өнерге жақын, түрлі аспаптарда ойнап, ән салады. Бұл мереке үстінде де ән айтылып, көңілді әңгімелер тиегі ағытылып, төркіндей келген қыздар ата-ана, іні-бауырға ақ тілек алғыстарын айтты.
Үміт ЖӘЛЕКЕ