Күрделі әрі қиын кәсіпті аяққа нық тұрғызу нәзік жандардың да қолынан келеді. Оны Артық Ізжанова дәлелдеді. Аты ғана емес, мінезі де ер мінезді нәзік жан ер азаматтарымызбен пара-пар қызмет етіп жүргендердің бірі. Бүгінде Таушық ауыл шаруашылығы ЖШС-не «Шөп-2» жеке кәсіпкерлігі арқылы малдардың қыстық шөп азығын тауып беріп отыр.
Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы талай адамның тағдырын өзгертіп, мүлдем ойына келмеген шаруамен айналысуға мәжбүрледі. Осы тұста әйел-аналарымыз мықтылығын танытты. Бірі базар жағалап сауда жасаса, екіншісі жеке кәсіп көздерін іздестірді.
Еңбек адамы қашан да ел алдында. Абыройы асқақ, келбеті келісті Артық Ізжанова қара нардың жүгін көтерген қайыспас тұлға.
Жеке кәсіпкер «Шөп-2» атты шөп шабумен айналысатын жеке кәсібінде өзінен бөлек 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Апайдың бір ренжитін жері бұл жұмысқа жергілікті жердің балалары бармайды, "сондықтан мен шетел азаматтарына жұмыс беріп отырмын", – дейді. Қыс бойы қарап жатпай көктемгі науқанға техникасын сайлап қояды.
Шаруашылықта негізінен түйе малы болғандықтан наурыз-сәуір айларында түйенің сүйікті сораңды шөбін шабу науқанын ертерек бастап кетеді.
Өмірлік жары Иманғазиев Сайын да мамандығы бойынша тракторист.
– Осы кәсібімді ілгері алып, абыроймен атқарып жүргеніме азаматымның көмегі, демеушілігі мол дейді, - Артық апай. Нәзік жанды тұлғаның көріктілігі қашан да отбасымен екендігі белгілі.
Шаруа басында жүріп шаңырақтағы бала тәрбиесін қалт жібермеген ана бүгінде қос ұлын ұяға, екі қызын қияға қондырған, жапырағы жайылып он шақты немере, он шақты жиен сүйіп отыр. Алдағы уақытта облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Нұр капитал» жобасы арқылы балаларын да кәсіпке баулығысы келетіндігін жеткізді.
- 1984 жылы шөп шабуға аспаз қызметіне бардым. Содан 1994 жылы ең үздік фермер атағы бар Тұрар Жолдыбаев ағамыз директор болып келді. Сол кісінің қолдауымен 1996 жылдан бастап осы кәсіпкерлікті қолға алдым. Бір жылдары шөп жақсы шығады, бір жылдары қуаңшылық болады, - дейді Артық апай. Ол бастаған бригада жыл сайын тонналап шөп жинап, совхозға тапсырады.
Заманның ағысымен нарықтық қоғамда кәсіпкерліктің тізгініне жармаса бойлаған ол жағаға шығып қалмау жолында қанша қиындықтарға қайыспастан мойымай алға ұмтылып келеді.
«Келелі істің алға басуы үшін нақты мақсат – бағыт береді. Алдағы істер келер күннің еншісінде атқарыла береді. Жас кезімізде қай істің де тетігін табу қиындықпен келетін болса бүгінгі күні ынталы болып, көп еңбектенсең қай істің де ретін оңай табуға бола- тынын аңғардым», - дейді өз тәжірибесін сарапқа салған кәсіпкер Артық Ізжанова. Бұл сөз кейінгі толқынға ой салып, өзін-өзі жұмыспен қамтуға қам жасауға сеп болатындай-ақ.
Жадыра ЖОЛДАСОВА