8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев мұнайлы өлкенің дамуына еңбегі сіңген әйелдерді, қазіргі таңда әр салада қызмет етіп, ісінде үздік қыз-келіншектерді, жас болса да кәсіп ашып, еңбек етіп жүрген қыздарды қабылдап, мерекемен құттықтады.
Сөз басында, Жаңаөзен қаласының басшысы қаланың қалыптасуы мен дамуындағы әйелдердің рөліне тоқтала келіп, оларға денсаулық, сүйіспеншілік, бақ-береке және табыс тіледі.
- Осындай мерекеде қыз-келіншектерімізге жеткізген көңіл, тілек, сыйлық әдемі мерекенің одан әрі әдемілігін аша түседі. Сол себепті де Жаңаөзен қаласы үшін қызмет етіп, тұрғындардың алғысына бөленіп жүрген әйел азаматтарын жинап отырмыз. Сіздер қала экономикасының барлық саласын өрге бастыруға үлес қосып, еліміздің баянды болашығына игілікті іс жасап жатырсыздар. Алғыс айтамын, - деді Ә.Дауылбаев.
Қала әкімінің құттықтау сөзінен кейін зейнеткер Салиқа Есжанова, кәсіпкер Тілектес Болатбаева ризашылықтарын жеткізіп, дәстүрлі әнші Жанар Нұрмаханова қазақтың кереметтей әдемі әнін орындады.
- 1973 жылы Алматы қаласында шет тілдері институтын бітіргеннен кейін жолдамамен Маңғыстауға келдім. Қызылсай кентіндегі мектепте неміс тілі пәнінен сабақ беретін жас маман болып орналастым. Менің оқушыларым республика, облыс, қала бойынша қызметтерде, биіктерден көріне білді. Ол кезде партияға мүше боласың, жіберген жұмысына барасың. Бір жылдан соң мектеп директорының орынбасары, кейін №1 Т.Әлиев атындағы мектепте ұстаздық қызметімді жалғастырып, партия басқару ісіне араластым. Сол мектептің директоры, кейін қалалық мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» қалалық филиалы төрайымы қызметтерін атқардым. Осы қызметтен зейнетке шығып, бүгінгі күні көрген бейнеттерімнің зейнетін көрудемін. Еңбегім еленбей қалған жоқ. «Ерен еңбегі» үшін және т.б. әртүрлі марапаттарға ие болдым. Осылай еңбегім арқылы халқымның сый-құрметіне бөленгеніме ризамын. Қазіргі таңда жекеменшік кәсібім бар. Қала дамуына әлі де үлесімді қосып, халыққа қызмет етіп келемін деп ойлаймын. Бүгінгі мерекені пайдаланып, әйелдер қауымын шын жүректен құттықтаймын. Жарқырап, жайнап, қаланың өркендеуіне үлестеріңді қосып жүреберіңдер, - деді зейнеткер Салиқа Есжанова.
Қабылдауда қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Бекмағанбетовте тілектерін білдіріп, құттықтады. Әйелдерге қала әкімінің атынан сыйлықтар тапсырылды. Сонан соң барлық қатысушыларды «Мұнайшы» мәдениет сарайын да өтетін «Ана - өмір, ана - бақыт, ана - жыр» атты салтанатты кешті тамашалауға шақырды.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА