Көктемнің алғашқы күні ынтымақ-бірлігіміздің ұйытқысына айналған алғыс айту күні аталып өтеді. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» хакім Абай айтпақшы, баршаның баласын бауырына басқан халық үшін де, елімізге келіп, пана тапқан ұлттар үшін де атаулы күннің орны ерекше.
Алайда айдың-күннің амандығында да сырт ағайынның қамқорлығына зәру жандар баршылық. Біріне Алла тағала кемтарлықты, енді біріне жалғыз қарттықты сынақ етіп жазған екен. Ұлы ойшыл Сенека «Жақсылыққа құр сөз арқылы шақырып, ынтықтыру мүмкін емес. Адамның табиғаты сол - кез келген нәрседе үлгіні қажет етеді» деген екен. Міне, өз мысалдарында жақсылық жасап, көпшілікті қайырымдылық көрсетуге ұйытып жүрген «Жаңаөзен қайырымды жандар» еріктілер тобы көпшілігімізге таныс. Жаңаөзен қаласы бойынша 60-қа тарта ерікті жастың басын қосқан топтың мақсаты биік, істері ізгілікке толы. Түрлі салада қызмет жасайтын жастар зәру жандарға өз мамандықтары бойынша кәсіби көмектерін көрсетіп қана қоймай, жалғызбасты жандарға, мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы мерекелік кештер, түрлі сайыстар ұйымдастыруды қолға алған. «Батамен ел көгерер» демекші, өткен жылдың наурыз мейрамында Ақтау қаласындағы қарттар үйін бір күнге болсын шаттыққа толтырып, жүзден астам қарияның көңілін жадыратты. Қуаныш себепшілері - «Жаңаөзен қайырымды жандар» тобы. Қарттар үйінің алдына он екі қанат киіз үй тігіп, ғаламтор арқылы қосымша еріктілерді тартып, дастархан жайып, спорттық сайыстар, ұлттық салт-дәстүр көріністерін қариялардың назарына ұсынды. Балаша жадыраған қарттар да жастық шақтарын еске алып, алғыстарын аямады. Қазіргі күнге дейін олардың еріктілер тобының мүшелеріне деген ықыластары ерекше. Шынайы жанашырлары, қолдаушылар ретінде біледі.
- Топты құру кезіндегі негізгі мақсат көмекке зәру жандарға титтей де болсын қолғабысымызды тигізу, жастарымыздың бойындағы адамгершілік дәнін өсіріп, қоғамымызды барынша ізгілендіру. Біздің бастамалар көпшілік тарапынан үнемі қолдауға ие болып жатады. Мысалы мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге арналған «Ертегілер елінде» атты жобамыз ата-аналардың да ыстық ықыласына бөленді. Көмегіміз тиген жандардың жүздерінен ризашылық лебін көру біз үшін үлкен қуаныш, - дейді топ жетекшісі Сәнім Мұрадова.
«Ертегілер елінен» кейін ата-аналардың өтініштерін ескеріп, еріктілер тобы «Жұлдызды сәт» жобасын қолға алды. Мүмкіндіктері шектеулі дегенімізбен қоржындары өнерге толы бүлдіршіндер Жаңаөзен, Бейнеу, Қарақия, Ақтау қалаларында ән, би, қолөнер, мәнерлеп оқу сайыстарында бақтарын сынап, облыстық кезеңге жолдама алды. Бір қаладан басталған жоба басқа да елдімекендегі еріктілердің қолдауына ие болып, көпшілік үшін қуаныш сыйлады.
Әрине, бұл топтың атқарған келелі істерінің бір парасы ғана. Жас болса да, жүректерінде көпшілікке деген махаббаттары зор топ мүшелеріне Қарлығаш Сисенованың алғысы шексіз.
- Менің балам Өсербайға топ мүшелерінің ықыласы қашанда ыстық. Балам «Ертегілер елінде», «Жұлдызды сәт» жобаларына қатысып, өзі сияқты балаларды көріп, өмірге, өнерге деген құлшынысы ашылды. Қашанда балаларды топтастырып, ойын алаңдарына, хайуанаттар бағына апарып, жіті көңіл бөліп жүреді. Осынау ізгілікті істері үшін рахмет! - дейді ағынан жарылып.
Жандары жайсаң жаңаөзендіктердің қолға алған әлеуметтік жобалары бұнымен ғана шектелмейді. Өткен жылдың жаз айларынан бері «Көктем» шағынауданында зәру жандардың қажеті үшін ашылған қайырымдылық дүкенінің жұмыс жасап жатқанынан да көпшілік хабардар. Хабардар болып қана қоймай, өзгенің қажетіне жарар деген бұйымдарын, киім-кешектерін тапсыруды әдетке айналдырған.
Бастапқыда көптеген азаматтар мұқтаж жалғызбасты, көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға өз қаражаттарына азды-көпті азық-түлік таратуды әдетке айналдырады. Кейін көпшіліктің киімнің, тұрмысқа қажетті заттардың жеткіліксіздігі жөніндегі өтініштерін тыңдай келе дүкен ашу идеясы келеді.
- Әли Агисов есімді азамат бізге атаулы ғимаратты тегін жалға беріп отыр. Оған айтар алғысымыз шексіз. «Жылы жүрек - жомарт қол» деп атаған қайырымдылық дүкеніне үнемі қажетті заттарды тапсырып, көпшілік игілігіне пайдалансын дейтін қала тұрғындарына да рахмет, - дейді игі бастамаға қатысушылардың бірі Гүлжан Пасырова.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бұл — құбылыс қойГүлжанның айтуынша, өзі дүкенде тұратын бір күннің ішінде 40-қа тарта адам келіп, қажетті заттарын алады. «Ең бастысы, олар сол киімдерді киіп келіп, енді тоңбай, жылы, әдемі болып жүргендерін айтқан кезде көз қуанады» екен.
Халқымыз қашан да «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Алайда табиғатынан қарапайым атымтай жомарт, жақсылыққа жаны құштар азаматтар өз аттарын ашып айтып, әйгілеуді ұнатып жатпайды. Біздің мақала кейіпкерлеріміз де сондай. Сәнім еріктілер тобының алпысқа тарта мүшесінің ортақ жұмысын мадақтаса, Гүлжан дүкен жұмысын бірге бастаған азаматтардың адамгершілік қасиеттерін алға тартады. Алайда көпшілік өз қуаныштарына себепші жандарды ұмытпақ емес.
Алғыс айту күні де осындай ордалы істерді мен демей көпшіліктің ризашылығы үшін атқарып жүрген азаматтарға бас иетін күн екендігін ескерсек, өзгенің мұқтаждығына бей-жай қарай алмайтын жандардың қатары көбейе түссе екен дейміз.
Жанайым ЖАРЫЛҚАП