2016 жылдан бастап Қазақстан халқы көктемнің алғашқы күнін Алғыс айту күні деп атап өтіп келеді. Сол жылдың 14 қаңтарында Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын.
Осы айтулы мереке күні қаламызда қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылып, Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев, Жаңаөзен қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай, қала әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Балзира Марқашова мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетті. Арбаға таңылған 1-ші топтағы мүгедек Балишбек Алагөзов пен Берік Тұрсабекке электронды мүгедек арбасын сыйлап, Людмила Башкеноваға қаржылай көмек берді. Сондай-ақ Жаңаөзендегі соңғы ҰОС ардагері Кеңесбай Еңсегеновтің де хал-жағдайын сұрап, ақшалай сыйлық ұсынды.
- Қала басшылығы бүгінгі мереке күнін ескеріп, ардагерімізге алғысын білдіріп және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды аз да болса қажеттіліктерін өтеп, қуантуға атсалысты. «Қызыл крест» қоғамы 2 жанға электронды арба сатып алып берді. Мұндай арба мүгедектердің күнделікті тіршілігін біршама жеңілдетеді, - деді Б.Марқашова.
Жалпы қайырымдылық шарасы облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен «Жомарт жүрек» акциясы аясында жүзеге асырылды.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА