©
Ақтау қаласы қоғамдық кеңесінің жаңа жылдағы қалалық мәслихат сессиясымен бірлікте өткізілген он алтыншы отырысында 20-дан астам мәселе қаралды. Отырысқа Ақтау қаласының әкімі, қала прокуроры, облыстық мәслихат депутаттары қатысты.
Қылмыстар саны төмендеген...
2017 жылдың ІІ жартыжылдығында ІІБ жергілікті полиция қызметі бөліністерімен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайту бағытында ұйымдыстырылған алдын алу іс-шараларының нәтижесінде Ақтау қаласы бойынша жалпы тіркелген қылмыстар саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 12,5%-ға төмендеді, – деп бастаған Ақтау қалалық ІІБ ЖПҚ бастығының орынбасары А.Абдуатов онша ауыр емес қылмыстар – 25,3%-ға (526 – 393), ауырлығы орташа қылмыстар – 16,1%-ға, соның ішінде ұрлық – 11,3%-ға, тонау – 10%-ға, жасөспірімдер арасында жасалған қылмыс саны 26,7%-ға төмендегенін айтты. Алайда ауыр қылмыс саны 6,6%ға өскен.
«Нөлдік төзімділік қағидаты» бойынша 17 мың 753 тұлға (2016 – 16861) әкімшілік жауапқа тартылыпты. «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде азаматтардың қатысуы туралы» Заңы негізінде, қала бойынша 111 адамнан құрылған 20 қоғамдық ұйым жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысуда. 2017 жылдың 12 айында сондай 33 азаматтың қатысуымен 10 қылмыс ашылып, 187 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған, оларға сыйақы ретінде 748 мың 770 теңге берілген. Қаңғыбастықпен айналысатын және көшеде беймезгіл қараусыз жүретін 240 жасөспірім анықталған. Есепті кезеңде мектеп қабырғаларында жасөспірімдермен қылмыс жасау оқиғаларына жол берілмеген. Жол-патрулдік полиция бөліністерімен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар нәтижесінде Ақтау қаласы бойынша жол-көлік оқиғаларының саны 8,2%-ға төмендеп, 39607 құқық бұзушылық дерегі бойынша 254 млн. 502 мың 440 теңге айыппұл салынған, оның 175 млн. 440 мың 722 теңгесі (68,93%) мемлекет пайдасына өндірілді. Қалта ұрлығы көбейіп тұрғаны және белгілі 10 ұры бар екені айтылды.
Сондай-ақ есеп беруші биыл Ақтау қаласы бойынша 600 камера орнатылатынын жеткізді. Есепті кезеңде камералардың көмегімен 11 қылмыс ашылып, 683 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан баяндамашыға көптеген сауалдар қойылды. Атап айтқанда, айыппұлдарды өндіру көрсеткішінің төмендігі, жаңа учаскелік бекеттер ашу, автотұрақтарды реттеу, букмекерлік кеңселердің қызметін бақылау мәселелеріне қатысты жағдайлар қозғалды.
А.Абдуатовтың айтуынша, бүгінгі таңда қалада 53 учаскелік инспектор бар және олардың әрбірінің талап бойынша 2400 адамды қамтуға тиіс жүктемесі бар. Іс жүзінде жұмыс ауқымы шамадан көп. Жаңа 35-шағынауданда тірек бекеті ашылып, 32 Б шағынаудан ашу жоспарланғанымен, жаңа аудандарды толық қамтуға полицияның күші жетпей отырғаны белгілі болды. Соған байланысты кеңес төрағасы баяндамашыға бұл мәселені реттеу бойынша ұсыныс беру туралы ескертті. Сондай-ақ 28 бен 29-ш/а аралығындағы Жаңаөзен, Жетібайға такси жүретін орындағы автотұрақтың жол қозғалысына кедергі келтіретіндігі қозғалып, оны басқа жерге көшіру жайы әңгіме болды.
Ақтауда 7601 бала туылған
Ақтау қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесінің басшысы Айша Елемесованың есебінен алынған мәліметтер бойынша өткен жылы шаһар тұрғындарына барлығы 15908 қызмет көрсетілген. Ақтауда 7601 бала дүниеге келген. Өткен жылы 2431 неке құру тіркелсе, 758 некені бұзу туралы құжат рәсімделген. Қазірде «АХАЖ» ақпараттық жүйесін енгізу бойынша «Емұрағат» жасақталуда. Оған 1959 жылдан бері сақтаулы тұрған қорды электронды форматқа көшіру көзделіп отыр.
Қала әкімінің есебінен мәліметтер
Өткен жылдың қорытындысы бойынша қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 182 млрд. 850 млн. теңгенің өнімін өндірген (нақты көлем индексі – 101,9%), өндірістік мекемелерден бюджетке түсім алдыңғы жылдағыдан 4,9%-ға артқан. Өткен жылмен салыстырғанда негізгі капиталға инвестиция көлемі 86,7 млрд. теңгені құрап, 21,2%ға, құрылыс жұмыстарының көлемі 21,7%ға кеміген.
Былтырғы жылы экономиканың түрлі салаларында 11452 жаңа жұмыс орны құрылды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Жеті жанұя (26 адам) Солтүстік Қазақстан облысына көшірілді.
Есепті кезеңде қала халқының саны 185,9 мың адам, оның ішінде белсенді халық – 115,6 мың адам, яғни халықтың 64,7%-ын құрайды.
«Жаңа серпін» бағдарламасы бойынша облысымыздың басқа қала, аудандарынан келген жас мамандардың баспана мәселесін шешу үшін жер қойнауын пайдаланушылар есебінен 31 Б шағын ауданда 110 орындық, «Шығыс-1» шағынауданында 500 орындық жатақханалар пайдалануға берілген. «Нұрлы жер» бағдарламасымен кезектегі тұлғаларды тұрғын үймен қамту бойынша «Қазақстанның ипотекалық компаниясының» есебінен 192 адамға үй берілген. Тұрғын үй кезегінде бүгінгі таңда 9329 адам тұр. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен 2740 пәтер берілмекші.
Апатты үйлерді жою бойынша қала әкімдігінің 2014–2019 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес 144 пәтерлі 9 үй бұзылып, орнына 325 пәтерлік 3 үй салынды. Қалған апаттық 96 пәтерлік 6 үй биыл бұзылып, орнына 3 үйді 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау жоспарлануда.
Инженерлік желілер құрылысына республикалық бюджеттен жалпы құны 27 млрд. 539 млн. теңгені құрайтын 15 жоба министрліктерге ұсынылды. Жалпы ұзындығы 464,4 шақырымды құрайтын жылу желілерінің 74%-ы, кәріз желілерінің 42%-ы, ауызсу және техникалық су құбырларының 76%-ы жөндеуді талап етеді.
Ақтау қаласының электр энергетикалық жүйесін дамытуға жергілікті бюджеттен 304,8 млн. теңге бөлінсе, сонымен қатар құны 1,6 млрд. теңге болатын «Хазар» НТҚ стансасының құрылыс жұмыстары басталған. Орталық шағынаудандарды электр энергиясымен сенімді үздіксіз қамтамасыз ету үшін жаңадан «Ботаникалық бақ» НТҚ құрылысын салу бойынша жобасы жасақталуда.
Сан салалы шаруа бар
Қалада орналасқан 25 мектептегі балалар саны – 34230. Ал мектептердің бала оқыту күші 28187 балаға арналған, оның ішінде Рауаннан Өмірзақ селосына, Мұнайлы ауданынан Ақтау қаласына қатынап оқитындар саны 1210. Ақтау қаласының 16, 17, 31, 31А, 31Б, 32В, З5, «Шығыс-2», «Шығыс-3» шағынаудандарында балабақша, мектеп орындары болмауына байланысты 2100 орынға арналған 3 мектеп құрылысына жоба әзірленуде. 34-шағынауданда 900 орындық мектеп құрылысының ЖСҚ әзірленген, сараптама алдағы сәуір айында аяқталуы тиіс.
Ақтау қаласын абаттандыру, көше жарығын орнату, көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарына қомақты қаржы бөлініп, біраз жұмыстар атқарылған. Былтыр 250 млн. теңгеге 33 лифт орнатылған. Игерілмеген жер учаскелерін анықтау, мемлекет меншігіне қайтару және қайта айналымға енгізу бағытында 2016-2017 ж.ж. жұмыс тобы анықтаған 396 жер учаскесінің алдыңғы жылы 13 және былтыр 7 жер учаскесі қайтарылып, 138 жер телімі иелеріне ескерту берілген. Өткен жылы автокөлік жолдары бойынша 2 млрд. 287 млн. теңге қаржы игерілген. Ақтау қаласы аумағында жалпы ұзындығы 176 шақырымды құрайтын 6 маршрутпен 68 автобус халыққа қызмет көрсетуде. Тағы бір бағыт бойынша маршрут (№12) ашу жұмыстары жүргізілуде. Барлық маршрут авто бустарында GPS жүйесі қондырылған. Енді ұялы телефонға орнатылған қосымшадағы Infobus бағдарламасы арқылы қандай автобус қай бағытта және қанша минутта аялдамаға келетіндігін анықтауға болады.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2017 жылы қала бойынша өңірлік үйлестіру кеңесіне 55 жоба ұсынылып, нәтижесінде жалпы құны 6 млрд. 700 млн. теңгені құрайтын 41 жоба келісіліп, 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 1,7 млрд. теңге болатын 4 жоба іске асырылып, 171 жұмыс орны ашылды. Биылғы жылы жалпы құны 41,9 млрд. теңгені құрайтын және 126 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 3 жобаны енгізу жоспарланып отыр. «Жылы жағажай» (МАЭК-тен «Алау» балалар лагерінің аралығына дейінгі аралық, 25 шм құрайды) жағалауының туристік аймағын дамыту үшін тиісті егжей-тегжейлі жоспар әзірленді...
Ақтау қаласы әкімдігінің www.аktau.gov.kz ресми интернет ресурсы AWARD.KZ 2017 ұлттық интернет премиясында «өзін-өзі басқару мен билік органдары» номинациясы бойынша республикадағы мемлекеттік органдардың арасында 1-орынды иеленгенін де айта кетелік.
Қаладағы болып жатқан әртүрлі жағдайларға қатысты шұғыл әрекет ету мақсатында WhatsApp желісінде «Обстановка» чаты жұмыс жасайды. Бұл чатқа қала әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекеме мен коммуналдық кәсіпорындар басшылары енгізілген.
2018 жылы халық пен билік арасындағы өзара әрекеттестік пен кері байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін әкімдіктің ресми сайтымен интеграцияланған SMART AKTAU мобильдік қосымшасын жасақтау жоспарлануда.
Қарызға батқан «қала жолдарын» қайтеді?..
Ақтау қаласының тазалығын және абаттандыру жұмыстарын атқарып отырған «Қала жолдары» мекемесі өткен жылдар ішінде алымсалығы бар жалпы 417 млн. теңге қарызды (өзге мекемелерге бережағы – 261 млн. теңге) болып, шаруасы тығырыққа тіреліп тұр. Осы өткір мәселеге қатысты қала әкімі облыстық қаржылық бақылау жасайтын ревизия комиссиясына мекеменің қаржы шаруашылық жағдайын тексеру жүргізуге өтінім бергенін айтты. Оның кейінгі тағдыры сол тексеріс нәтижесіне қарай анықталмақшы. Жаңа жылға қала әкімдігі аталмыш мекемемен қызмет көрсету бойынша 2,5 млрд. теңгеге келісімшартқа отырған. Былтырғы жылы ақылы еңбек демалыстарын ала алмаған сол мекеменің 60 жұмысшысы қала әкіміне арыз-шағымын айтып келгені де айтылды. Алайда олардың мәселесі нақты қалай шешілері әзірге белгісіз күйде қалып отыр. Қайткен күнде де қаланың көшелерін сыпырып, қоқыстан тазарту, абаттандыру жұмыстары жүргізілуі керек. Биылғы келісімшарт бойынша олардың есебіне ақша аударылса, оның қомақты бөлігі бұрынғы қарызы есебінде ұсталмақшы. Сонымен мәселе әзірге қырынан тұр!.. Айт қандай, Ақтау қаласын электр энергиясы мен жабдықтаушы «АУЭС» мекемесінің қаржылық-шаруашылық жағдайы да мәз болмай тұрғаны белгілі болды.
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ
Көрнекі сурет сайттың архивінен