Жақында «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында «Кедергісіз келешек» жобасы аясында құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке мәселелерін шешуге арналған қоғамдық қабылдау өтті. Қатал тағдырдың тәлкегіне түсіп, кемтарлықтың қыл бұғауын мойнына артқан жандар өңірімізде аз емес. Олардың мұң-мұқтажын тыңдап, қоғамда еркін бейімделіп, жұмысқа тартылуы үшін мемлекет барынша жұмыстанып жатыр. Алайда қоғамдық қабылдауға келген мүмкіндігі шектеулі жандардың көкейінде жүрген түйткілді мәселелері шаш етектен екен. Бірі еңбекке етене араласуды қаласа, бірі қаржылық қолдауға зәру. Қоғамдық қабылдауға келген Қалбике Жайменова – ІІ-топ мүгедегі. Басқұдық ауылында тұратын ол немересін өзі бағып отыр. Ұлының қолға алар жалақысы – 50 мың теңге. Келіні немересі 1,5 жасқа толғанда, үйден кетіп қалған. Кішкентай отбасы сол азғана жалақыға қарап, күн кешуде. - Бұрын күзет қызметінде жұмыс істедім. Немерем мектепке барғалы жұмысымды тастауға мәжбүр болдым. Себебі немеремді таңғы жетіде Мұнайлы жаққа баратын автобусқа отырғызып, түскі 12 жарымда қарсы аламын. Әкесі үйдің тұрмысын ойлап, жұмысқа кетеді. Менен басқа балаға қарайтын ешкім жоқ. Қазір күн ұзарып жатыр. Күзет қызметіне қайта орналасуды ойлап жүрмін. Немерем де мектепке өзі барып-келуге кішкене үйренісіп қалған. Алайда әзірше жұмыс жоқ. Маған осы мәселе бойынша қол ұшын берсеңіз, - дейді Қалбике апа. Оған жиынға қатысушылар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру орталығында мәселені шешуге көмек беретінін айтты. Онымен қоса Қалбике апа немересін қамқорлығына алғысы келеді. Бұл сұрақта оған Маңғыстау облысы әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі кеңесшісі Владислав Трифонов жәрдем беретін болды. «Менің жеке қабылдауыма келіңіз. Мен сізге құқықтық көмек көрсетуге тырысамын. Бағыт сілтеп, құжаттар жинауыңызға көмектесемін»,-деп уәде берді кеңесші. Қабылдауға тағы бір қиындыққа тірелген, ІІ топ мүгедектігі бар әйел келді. Венера Исмагулова өзі мүмкіндігі шектеулі жан болса да, өздігінен еркін жүре алмайтын, ауыр дертке ұшыраған екі жас мүгедек қыздарды бағып отыр. Сіңілісі Айнұр Исмагулова бала кезінен ІІ топ мүгедегі, шизофрения дертіне шалдыққан, психодиспансердің есебінде тұр. Жиен сіңілісі Гүлстан Ерғалиева да бала кезінен ІІ топта,қалш-қалш еткізген ұстамалы ауруы бар. Екеуі де көп жылдан бері ауыр дерттің азабын көруде.Екі бөлмелі қуыстай үйде 8 адам тұрып жатыр. Оның үшеуі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Айнұр мүгедек ретінде 2006 жылы үй кезегіне тіркелген, алайда баспана қашан берілетіні белгісіз. Венера апа құзырлы орган өкілдерінен осы мәселені тездетіп шешіп беруін сұрады. - Дерті дендеген науқастарды кішкентай үйде бірге ұстау – өте қиын. Және бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Науқастардыешбір жеңілдіктерден айырмай, тұрғын үй кезегінен шығармай уақытша білікті дәрігерлердің бақылауына беруге мүмкіндік бар ма? Сондай-ақ жылына бір рет емдетуге квота берілсе екен, - деп жанайқайын жеткізді Венера апа. Владислав Трифонов баспана мәселесіне көмек беру қиынға соғатынын, бірақ қалған проблемалардың шешуіне жәрдемдесуге тырысатынын айтып, жеке қабылдауына шақырды. Онымен қоса, облыстық психодиспансер бас дәрігерінің орынбасары Айымгүл Қалибекқызы квота алып беруге көмектесетінін айтып, Венера Исмагулованың көңілін көншітті. Көмек сұрағандардың қатарында ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Орынбасар Жетпісбаев та болды. Жұбайы екеуі мүмкіндігі шектеулі жандар, жұмыссыз. 2 шағынаудандағы жатақханада тұрады. Оған төленетін пәтерақы - 40 мың теңге. Екеуінің алар жәрдемақысы соған жұмсалып, азық-түлік пен дәрі-дәрмектерге ақша жетпей қалады. «Нұр Отан» партиясына соңғы үмітін арқалап келген олар қаржы не жұмыс жағынан қандай да бір қолдау көрсетуін сұрады. ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Нұрлы жер» аясында қанша баспана тапсырылды - Екеумізге де ұзақ жүріп-тұру қиын болғандықтан, жұмыс табу қиын. Осы уақытқа дейін бізге белгілі депутат Аббат Өрісбаев көп көмек берді. Жатақханадағы бастапқы 6 айын да төлеуге жәрдемдесті. Оған алғысымыз шексіз. Қазір дәрі-дәрмектердің құны шарықтап тұр. Жатақханаға төлеп жатқандықтан, емге ақша жетпей қалады. Қазір Мұнайлыдағы тұрғын үй кезегінде тұрмыз. Аудан әкімі Нұрлан Тәжібаевтың сөзінше, бұйырса, үй сәуір-мамыр айында берілмек. Бірақ оған дейін шыдай аламыз ба? Ай сайын ақшамыз тұрып жатқан үйге кетіп жатыр. Тегін берілетін дәрі-дәрмектер, аяққа қатты күш түсірмей жасайтын жұмыс табылса ризамыз, - деді Орынбасар аға. Оған денсаулық сақтау саласының мамандары тегін дәрі-дәрмектер мемлекет бекіткен тізімге сәйкес берілетінін айтты. Тізімде жоқ дәрілерді науқастардың өздері сатып алуы міндетті. Ал жұмыс не қаржы жағынан мәселені облыс әкімінің кеңесшісі қарастырамыз деді. Ол отбасыны жеке қабылдауына шақырып, мәселелердің түйінін тарқатуға жұмыстанатынын жеткізді. Қоғамдық қабылдау барысында 5 азаматтың арызы тыңдалып, жан-жақты талқыланып, оң шешімдері шықты.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген автор
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="48466,48467,48468"]