Қарақия ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қ.Беков және Сенек, Құланды, Бостан, Болашақ ауылдары әкімінің есептік кездесулері 6 ақпаннан бастап, бірнеше күнге созылды. Сондай-ақ Мұнайшы, Жетібай ауылы әкімдерінің 2017 жылы атқарылған жұмыс нәтижелері туралы есебі 9 ақпанда тыңдалды. Мәдениет үйлері мен әкімдік залында өткен жиындарға ауыл тұрғындары, мемлекеттік және коммуналдық мекеме басшылары, ұстаздар, дәрігерлер және әкімшілік қызметкерлері қатысты. Аталмыш отырыстарды Қарақия аудандық мәслихат төрағасы А.Мееров ашып, жүргізіп отырды.
Өз есебін Елбасы Жолдауымен сабақтастыра отырып, баяндаған әкімдер өнеркәсіп саласы, мал шаруашылығы, өсім көрсеткіштері, «Бизнестің жол картасы-2020», «Үдемелі-индустриялды инновациялық даму», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамту жол картасы-2020», «Нұрлы жол» тәрізді мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, шағын және орта кәсіпкерлік, тұрғын үй мен автомобиль жолдары, таза ауыз су, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларындағы жетістіктер, діни бірлестіктер, қылмыспен күрес тақырыбына арнады. Жиынға қатысқан ауыл ақсақалдары әкімдердің есебін тыңдап, атқарылған істерге оң бағасын берді. Сөз сөйлегендер өздерін толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салып, сауалдарына нақты жауап алды. Кездесулерде сөз алған тұрғындар әр ауылдың қордаланған мәселелерін айта отырып, атқарылған істерге, әкімдердің жұмысына оң баға берді. Барлық сауалдар мен ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, 2018 жылы атқарылатын жұмыстар жоспарына енгізілетін болды. Сондай-ақ ең соңғы қорытынды кездесу 13 ақпанда Құрық ауылында өтті.
Аршын КЕРЕЙ, Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ