©
Жыл сайын аймақ көлемінде атқарылған істерді халық алдында баяндап, өткен жылдың есебін беріп, келер жылдың жоспарларын елге ұсыну, бұқараның талап-тілектерін орындау – әкімдердің негізгі міндетіне айналған. Атқарушы билік пен халықтың қарым-қатынасын нығайта түсетін бұл шаралар Мемлекет басшысының тікелей тапсырмаларының бірі саналады.
Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев халық алдында есеп берді. Есеп беру жиынына ҚР Президент әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Қалилла Абдуллаев, облыс әкімінің орынбасары Бекмұрат Жүсіпов және аудан-ауыл активтері қатысты.
Аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев халық алдындағы есептік кездесуінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында 2017 жылы атқарылған іс-шаралар мен 2018 жылға арналған міндет-жоспарларын баяндап берді. Аудан әкімі былтырғы жылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жұмыстар Елбасы Жолдауларында берілген және Үкіметтің, облыс әкімінің тапсырмаларын, сондай-ақ, аудан тұрғындарының өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін орындауға бағытталғанын атап кетті.
«Құрметті аудан тұрғындары, жыл сайын сіздермен бас қосып, өткенімізді қорытындылап, жоспарымызды бірлесе жүргізу игі дәстүрімізге айналды. Жалпы облысымыз ел көлемінде халық саны артып, алға шықса, Мұнайлы ауданында жыл басындағы көрсеткішкіне сәйкес тұрғындар саны 152 300 адамды құрап отыр (105,9%). Ауданымыздағы халық санының өсуі – өркендеуіміздің бір көрінісі» деді Нұрлан Төлегенұлы.
Әкім есебіне сүйенсек, халық санының артуымен бірге тұрғын үй мәселелері де оң шешімін тауып келеді. 28 қаңтар айына дейінгі есеп бойынша ауданда жалпы көлемі 139 мың 800 шаршы метр тұрғын үйлер іске қосылған, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 117% көрсеткішке жетіп, 20 мың 400 шаршы метрге көбейген. 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 24 пәтерлік 12 үй, барлығы 288 пәтер құрылысы салынып, несиелік бағытта азаматтарға табысталуда. Бүгінде 113 отбасы осы бағдарлама бойынша қоныс тойларын жасап, пәтер кілтіне ие болды.
Биыл Батыр ауылында 4 пәтерлік 40 үйдің құрылысы басталып, оның 64 пәтерден құралған 16 үйі және барлығы 192 пәтерден құралған 8 тұрғын үй 2018 жылдың сәуір айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 2018 жылы наурыз айында Батыр ауылдық округіндегі Емір шағынауданынан 4 пәтерлі 24 тұрғын үйдің барлығы 96 пәтерді құрайтын құрылыс жұмыстары қарқынды бастау алған.
Аудандағы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі де ұлғайған, нақты айтсақ бүгінгі күнге дейін 70 418,9 млн. теңгені құрайды. Өнеркәсіп өнімдерінің нақты көлем индекстері – 100,8 пайызға орындалып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі - 16,02 млрд. теңгені құраса, құрылыс жұмыстарының нақты көлемі 16 млрд. 390 млн. 500 мың теңгеге жеткен. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданда ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемін 1 млрд. 455 млн. теңге көлемінде орындау міндеті жүктелген. Қазіргі таңда аталған тапсырма 1 млрд. 648,6 млн. теңгеге орындалып, өткен жылмен салыстырғанда 117,3 пайызды құраған.
«2017 жылдан бастап ауданда «Экзотикалық құстар әлемі» құс фабрикасы жұмыс істейді. Онда үйрек, қаз, түйеқұс, бөдене, күрке тауық, қырғауыл, фазан және павлин сияқты 5000-ға жуық құс өсіріледі. Мұнайлы ауданының 10 жылдық мерейтойы аясында Маңғыстау ауылында 6 000 тонна ұн сақтайтын астық қоймасы бар «Асқар» ұн-жарма өңдейтін өндірістік комбинаты іске қосылды. Ұн комбинаты қазірде тәулігіне 120 тонна жоғары, бірінші сұрыпты ұн және 30 тонна кебек дайындап, сауда-саттыққа шығаруда. Осы жылдың наурыз айында «Мұнайлы» сауда маркасымен ұн шығаруды бастайды», - деді Нұрлан Тәжібаев.
Аудан халқының жұмыспен қамтылу әлеуеті өткен жылмен салыстырғанда арта түскен. 2017 жылдың 1 желтоқсанында барлық экономикалық қызмет түрі бойынша жұмысшыларының орташа жалақысы 140 260 теңгені құрап, 2016 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 14 026 теңгеге өскен. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша 2017 жылы ауданда 2100 жұмыс орнын ашу міндеттелген. Жыл бойы 2895 жұмыс орны құрылып, 2016 жылмен салыстырғанда 667 жұмыс орнына көбейді. Қазіргі уақытта 1387 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген.
Халық санының өсімі бала туу көрсеткішінің үлес салмағымен тікелей байланысты екенін ескерген аудан басшылығы балабақша құрылыстарына да ерекше көңіл бөліпті. Мәселен, өткен жылы ауданда 499 орындық 7 жекеменшік балабақша ашылған, Маңғыстау-2 тұрғын үй аумағынан мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағытында 140 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде. Осындай 140 орындық 2 балабақшаны мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағытында Маңғыстау-3, Қызылтөбе-2 тұрғын үй массивтерінен салу негізгі жоспарға алынған. Былтыр «Көңілімқос», «Мұхаммед» денсаулық ұйымдары іске қосылып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіле бастады. Бүгінде «Мұхаммед» жекеменшік денсаулық клиникасы Басқұдық ауылының 10 000 тұрғынын тіркеуге алып мемлекеттік тапсырыспен тұрғындарға сапалы дәрігерлік қызметтерін ұсынды. Аудандағы денсаулық сақтау саласында 1 жасқа дейінгі сәби өлімі азайып, 2,4 промильге төмендеді, ана өлімі тіркелмеген.
Қазіргі уақытта аудандағы өзекті мәселелердің бірі ауылдарды ауылішілік жолмен қамтамасыз ету болып отыр. Аудан әкімі қоғамдық көліктердің, тұрғындардың жүріп -тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған бұл жұмыстар жоспарлы түрде шешіліп келе жатқанын айтты. «Аталған мәселелерді шешу мақсатында 2017 жылы Баянды ауылында 3 шақырым, Атамекен ауылында 2,4 шақырым, Қызылтөбе -2 елді мекенінде 5,5 шақырым, Қызылтөбе-2 – Жаңа Дәулет елді мекендеріне 7,8 шақырым, Маңғыстау-3, 4 елді мекендеріне 4,2 шақырым, аудандық маңыздағы Жаңаөзен-Құрық автожолының аралығына 6 шақырым барлығы 27 шақырым асфальт жолы төселді. Аудан инфрақұрылымын жақсарту, жол сапасының талапқа сай болуы әрқашан бақылауымызда болады» дейді әкім.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру бағытында Мұнайлы ауданының іс-шаралар жоспары түзілген. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 кіші бағдарламасы бойынша базалық жобаларды жүзеге асыру жұмыстарының іс-шаралар жоспары жасақталды, жауапты мамандар бекітіліп бірқатар маңызды жұмыстар жүзеге асқан. Оның аясында Атамекен ауылында «ИСА» спорт кешені, Басқұдық ауылында «Батыр» спорт залы, осы ауылдың бастауыш сынып оқушыларына арналған жекеменшік мектеп ғимараты, Маңғыстау ауылында «Шоғы батыр» мұражайы, Баянды ауылында «Серікболтану» клубы мен кабинеті ашылған. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш ашылған Мұнайлы ауданының «Мерейлі мекен – Мұнайлым!» атты 10 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өткізілді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ауылына қарап, азаматын таныСонымен қатар, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын орындау әрі ауылдық округтерде тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, іске асыру мақсатында 2018 жылы Мұнайлы ауданын дамытуға бағытталған маңызды міндеттерді іске асыру көзделген. Бұл ретте ауылдық округтерді сумен қамтамасыз ету, көпқабатты тұрғын үй құрылыстары, ауылішілік автокөлік жолдарын салу, кітапхана, 200 орындық ауыл клубы құрылыстары, 150 орындық аурухана құрылысы, 500 орындық аудандық мәдениет үйі құрылысы, 100 отбасыға арналған жатақхана құрылысы, 1200, 600, 320 орындық мектеп құрылыстары мен ауқымды жобалар биылғы жылдың басты жоспарына алынды. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында ауылшаруашылығы, шағын және орта бизнес саласын мемлекеттік қолдау шаралары арқылы дамыту және кемінде 3700 жұмыс орнын құруды аудан әкімдігі назарда ұстап отыр.
«Елбасымыз өз Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолын анық көрсетіп, нақты міндеттер қойды. Президентіміздің өңірдегі ең сенімді серігі, басты тірегі ретінде, оның барлық тың ойлары мен бастамаларын ойдағыдай іске асыруға, халықтың жарқын болашағы мен еліміздің кемел келешегі үшін аянбай еңбек ететін боламыз. Осыған орай, барлық тапсырмалар мүлтіксіз, уақытылы, нәтижелі іске асырылады. Ол үшін жоғарыда атап өткен міндеттерді үнемі талдап, аудан тұрғындарын жасалған жұмыстар туралы хабардар етіп отырамыз. Аудан тұрғындарымен Жолдауда айтылған тапсырмаларды бірлесіп, абыроймен атқарып, өңірдің табысты даму жолын одан әрі жалғастырамыз» деп сөзін түйіндеді Нұрлан Тәжібаев.
Есептік жиын қорытындысында Мұнайлы ауданы облыс басшысы Ералы Тоғжанов жүктеген 160 хаттамалық тапсырманың 114-і толық орындалып, 46 тапсырманың 22-сі биыл іске асыру жоспарланғаны, 24 міндет тұрақты бақылауға алынып, жоспардың жүйелі орындалуы ерекше аталды. Тұрғындар өз тарапынан аудан әкімінің есебінде баяндалған тыңғылықты атқарылған іс-шараларға ризалық білдіріп, алғыс-тілектерін жеткізді.
Жайық НАҒЫМАШ, Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="48175,48174,48177,48176"]