Мұнайлы ауданы әкімі мен ауыл әкімдерінің жыл сайынғы халықпен есептік кездесулері биыл аудан орталығындағы Маңғыстау ауылынан басталып, өзге ауылдарда жалғасты. Аталған жиындарда не айтылды, халықтың көкейіндегі қандай сұрақтар жауап тауып, нендей істер атқарылмақ, оны басылымның бұған дейінгі екі санында жарияладық. Қорытынды кездесу жайында келесі аптада кеңірек жазатын боламыз.
Басқұдық ауылдық округінде
Мұнайлы ауданы әкімі Нұрлан Тәжібаев пен ауыл әкімі Өсер Тілепов әдеттегідей жиылған халық пен аудан белсенділері алдында өз баяндамаларын оқыды. Еске сала кетсек, бұл – ауыл басшылығына өткен жылы сайланған Ө.Тлеповтың алғашқы есептік кездесуі. Оның баяндамасына сүйенсек, Басқұдықта бүгінде табиғи өсім жоғары. Жылына мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Қазіргі халық саны 30 мыңға жуықтаған. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында да жұмыстар жаман емес, 188 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, 3920 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік жағынан осал санаттағы отбасылардың өмір сүру деңгейін жақсарту бағытында 86 отбасы «Өрлеу» бағдарламасына қатыстырылып, мал шаруашылығы, нан пісірумен және тігін тігумен айналысуда. Денсаулық сақтау саласында «Болашақ» тұрғын үй массивінен «Мұхамбет» жекеменшік медициналық орталығы ашылып, халық игілігіне берілген. Нысанның іске қосылуы жұмыссыздарға жаңа жұмыс орындарын ашқан. Сонымен қатар ауылдық округте кезінде жобаға енбей қалған аумақтардың электр энергиясын тарту және елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары да қолға алынған. Осы аталғандарды өз баяндамасында келтірген ауыл әкімі өткен жылғы есептік кездесуде тұрғындардан түскен ұсыныс-пікірлердің орындалысын, ағымдағы жылғы жоспарларды да таныстырды. Одан соң сөз алған Мұнайлы ауданы басшысы 2017 жылы жасалған, 2018 жылға жүктелген меже-міндеттер туралы айтып, тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарына жауап берді. Жиын әкімдердің жұмысына қанағаттанған халықтың игі тілегімен аяқталды.
Атамекен ауылдық округінде
Ауылдағы бұл жолғы есептік кездесудің бір ерекшелігі Атамекен әкімі Ескендір Ибрагимовтың аталған ауыл тұрғындарына алғаш рет есеп беруі болды. Алдымен ауыл әкімі, кейін оның есебін тыңдаған Мұнайлы ауданы әкімі Нұрлан Тәжібаев 2017 жылы атқарылған, ағымдағы жылы жасалатын жұмыстарды баяндап, өз есептерін қорытты. Басқосуға облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары, тұрғындар мен өзге де мекеме басшылары қатысты.
Жылдағы әдетінше атамекендіктер биыл да белсенділік танытып, ауылдың қажеттіліктерін ортаға салып, жасалған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Сөйлеушілер, ұсыныс-пікір айтушылар көп болды. Тұрғындардың бірі «Құбыр жүйесі тартылып қойса да әлі су жіберілмеді» деп ауыз су мәселесін қозғаса, басқасы «Осы құрылыстың жер бетіне шығып тұрған бөлшектерін жолдан өткен көліктер таптап, бүлдіріп кете ме?» деп алаңдаушылықтарын жеткізді. Кейбіреулері "Су құбыры жүргізілді, енді жол салу мәселесі шешілсе, балшықта жүруден құтылар едік" деген базынасын білдірді. Балалар алаңқайларын, спорт алаңдарын, әлеуметтік нысандар салу жайы да көтеріліп, мәселенің түп-төркіні елді мекен шегінде жер жоқтығына тірелетіні айтылды. Дегенмен билік өкілдері бұл түйінді де тарқату жағын қарастыруда екен. Бос тұрған жеке меншік жер орындардың, қаңырап жатқан ескі нысандардың иелерімен осы тұрғыда жүргізілетін келіссөздер мұның жауабын айқындамақ. Жол белгілерін орнату, газ бен токқа ақы төлеу орнындағы ұзын-сонар кезекті жою, пошта ғимаратын кеңіту жөнінде де ұсыныстар беріліп, қаперге алынды. Ауыл ардагерлер кеңесінен Құлжан Егізқараев, қоғамдық кеңестен Райхан Дәрібаева және басқа да сөзге шыққандар әкімдердің жұмысына жақсы баға беріп, алдағы уақытта да халық үшін жағымды жаңалықтарды күтетінін жеткізді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мұнайлыда көрсетілген мемлекеттік қызметтің сапасын талқыладыҚоғамдық кеңесте
Мұнайлы ауданы әкімі Нұрлан Тәжібаевтың өткен жылы жасаған жұмыстарының қорытынды баяндамасы аудандық қоғамдық кеңес отырысында да тыңдалды.
Басқосуда кеңес мүшелерінен бөлек облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Найзабек Жайлау, Мұнайлы аудандық мәслихат депутаттары, ауыл мен ауылдық округ әкімдері, жергілікті және аймақтық мемлекеттік мекеме басшылары болды. Жиынды қоғамдық кеңес төрағасы Табылды Әміров ашып, жүргізді. Мұнда да Мұнайлы ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, былтырғы жылғы жасалған жұмыстарды саласаласы мен саралап көрсеткен аудан басшысы ауылдарда өткен есептік кездесулерде көтерілген мәселелер бойынша да кеңірек тоқталды. Баяндаманы тыңдап, сауалдарына жауап алған кеңес мүшелері "қанағаттанарлық" бағасын берді. Жиында негізінен кеңес мүшелерінен, депутаттардан жер теліміне қатысты сұрақтар болып, жеке тұрғын үй үшін, кәсіпкерлік, қосалқы шаруашылық мақсаттарда жер бөлу, Маңғыстау ауылындағы ескі көпір орнының құрылысын бастау, теміржол вокзалына жаңа ғимарат орнын белгілеу, теміржол өткелінде болашақта болатын кептелісті ескеріп, айналма жол салу, басқа да соған ұқсас мәселелер айтылды.
Шахида ЖҰМАН