Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қайсар қаламгер Сейітжан Гүлжауһар Нұрсапқызының өмірден озғанына жыл толды.
Бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын, 1966 жылдың тамыз айында сол кездегі Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне республикамыздың түкпір-түкпірінен келген жиырма бас талапкер оқуға қабылданып, студент атандық. Біздің бұл жылғы оқуға түсуіміздің бұған дейінгі қабылдаулардан біраз өзгешіліктері, ерекше қиындықтары болды. Яғни тура осы жылы орта мектепті оныншы және он бірінші сынып оқитындар қатар бітіріп, абитурент-үміткерлер әдеттегіден екі есе көбейіп, жоғары оқу орындарында түсуде бұрын-соңды кездеспеген конкурс байқалды. Оның үстіне, тап осы жылы журналистка факультетіне кемінде екі жыл еңбек өтілі бар талапкер ғана қабылданады деген ереже де аяқ астынан күшін жойып, бұл мамандыққа кез-келген адам құжат өткізетін болды. Бұл жаңалықтар сол кездегі Қазақстандағы журналистер дайындайтын жалғыз факультетке түсіп, студент атанғысы келетіндерді барынша көбейітті. Міне, осындай қалың нөпір конкурстан сүрінбей өтудің қаншалықты қиын болғаны, одан ең дарынды, қабілетті жастардың ғана іріктеліп шыққаны айтпаса да түсінікті. Соған орай, осы жылы оқуға түскендердің бәрі дерлік кейін республикамыздың түкпір-түкпіріндегі баспасөздің түрлі салаларында жемісті еңбек етіп, қазақ журналистикасының өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты.
Сондай-ақ, олардың арасынан Баққожа Мұқаи, Смағұл Елубай, Жақау Дәуренбеков, Дәулет Сейсенұлы сынды белгілі қаламгер-жазушылар да шықты.
Бұл жылғы қиын сынақтан сүрінбей өткендердің арасында бес-алты қыз да бар еді. Бұл да сол жылғы журналистика факультетіне қабылдаудағы бір жаңалық болды. Өйткені, бұған дейін бұл мамандыққа осынша көп қыздар түспеген екен. Жалпы, ол заманда журналистка саласында нәзік жандылар өте аз болатын, тіпті, қыз балаға журналистика қол емес деген пікірлер де ашық айтылатын. Осыған орай, қазақ журналисткасына қыз-келіншектірдің қазіргідей қаптап келуі сол біз оқыған курстан басталды деп айтуымызға да болады.
Міне, ерекше құбылыс сияқтанып журналистика факультетіне қабылданған сол бес-алты қыздың бірі – біз арнайы сөз еткелі отырған Гүлжауһар Сейітжан еді.
Бүгінгі күні өткенге көз жіберіп, ойланып отырсам, бұдан жарты ғасырдың аржағындағы қыздар мен қазіргі заманғы қыздар мүлдем екібасқа секілденіп көрінеді. Әіресе, Гүлжауһар ерекше еді. Ол оқуға түскенде мектепті жаңа ғана бітірген еді; соған қарамастан мінезі барыншасалмақты, байсалды болатын. Ешқандай артық сөйлемейді, орынсыз күлмейді, қуанғанын да, ренжігенін де білдірмейді. Жан баласымен жүз шайыспайды, тіпті, қабағын да шытпайды; ақырын ғана жымиып қоятын сыпайы қалпынан бір сәт айнымайды. Яғни, оның бойында нағыз қазақы қызға тән жақсықасиеттердің бәрі бар еді. Әрине, ол кезде біз Гүлжауһардың бойында мұндай ерекше қасиеттердің қайдан, қалайқалыптасқанын білген жоқпыз, тіпті, бұл туралы мүлдем ойламаппыз да. Мұны мен тек арада сан жылдар өткенде түсіндім; тіпті өз көзіммен көріп, сезіндім десем де болады. Сөз реті келгенде, бұл жөнінде айта кеткен дұрыс. Гүлжауһардың туған жері – Алтайдың аржағы, Шәуешек қаласы еді. Оның жеті жасқа дейінгі өмірі осы өлкеде өткен. Мен кейін қызмет бабымен Қытайдағы қазақтар тұратын өңірлерді түгел араладым; Шәуешекте де әлденеше рет болдым. Міне, сондай сапарларда жүріп бұл өңірде қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрі, ана тілі, ұлттық қадір-қасиеті өте жақсы сақталғанына сан рет куә болдым. Гүлжауһар титтей күнінен бастап, міне, осындай ортада тәрбие алып, қазақ халқының барлық жақсықасиеттерін болмысына, кішкентай жүрегіне сіңіріп үлгерген екен. Ал ата-анасымен бірге тарихи отаны – Қазақстанға оралған соң Семейжерінде мектепке барып, оқып, білім алған. Семей де - қазақтың қаймағы бұзылмай, уыздай ұйыған қасиетті өңір. Балалық шағы мен бойжеткен кезінің осындай жақсы орталарда өтуі Гүлжауһардың болмысында жақсы қасиеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткені анық.
Университетте бесжыл бірге оқығанда біздің Гүлжауһар туралы алғашқы қалыптасқан жақсы пікірімізге ешқандай сызат түскен жоқ. Ұстаздарымыздың сөзімен айтқанда ол үлгірімі де жақсы, тәртібі де керемет, болашағынан үлкен үміт күттіретін алдыңы қатарлы студенттердің бірі болды. Ара-арасында өлең де жазып, жасақын ретінде көзге түсіп те қоятын. Сондықтан да біз Гүлжауһарды оқу бітірген соң Алматыда қалып, не Семейге барып, жақсы журналист, танымал ақын болады деп ойлайтынбыз.
Бірақкейін бәрі басқаша болды. Гүлжауһар университет бітіргеннен кейін бұрын бармаған, өмірінде көрмеген, туған жерінен мыңдаған шақырым алыс, бір қиырдағы Маңғыстауға барып, бүкіл ғұмырын сол өлкеге арнады. Бұл өлкеге бой үйретіп, барынша бауыр басып, қазақы тілмен айтқанда «тастай батып, судай сіңді». Ақтау қалалық теледидарында, облыстық газетте қызмет істеді. Он жылдай осы өңірдегі «Қазақ тілі» қоғамын басқарды. Облыстық әкімшілікте жауапты қызметтер атқарды.Соның нәтижесінде халықтың ризашылығы мен құрметіне бөленді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Былтыр Маңғыстаудан солтүстік өңірлерге 300 тұрғын көшкенГүлжауһар Сейітжан ақын ретінде де жұртшылыққа осы өңірде барынша танымал болды. Бұған оның қаламынан туған «Тұңғыш», «Ақерке», «Үміт жағалауы», «Жолайрық», «Гүлайым», «Маңғыстауым - ғұмырымның арнасы», «Жаңаөзен оттары», «Маңғыстаумұнайшылары», «Жер ана перзенттері», «Жүректегі жазулар» атты кітаптары айқын дәлел.
Сондай-ақ, Гүлжауһар Маңғыстау өңіріне кең танымал болған ондаған әндердің сөзін де жазған.
Осындай сөз реті келгенде, Гүлжауһардың отбасы, яғни жан жары, Жоламан Бошалақ екеуінің шынайы жарастығы туралы бір-екі ауыз сөз айта кету – парызымыз. Жоламан да журналистика факультетіне бізбен бірге түсті; бес жыл жатақханада бірге тұрдық; студенттік өмірдің бүкіл қызығын басымыздан қатар өткердік. Ол бізден бір-екі жас үлкен еді; мінезі де салмақты, көрген-білгені де көптеу – сондықтан да бәріміз оны «Жолеке» деп атап, құрметтедік. Міне, осы Жоламан оқуға түскен күннен бастап Алматыдағы қаптаған көп қыздардың ешқайыссына қарамай, тек Гүлжауһарға көңіл білдірді. Гүлжауһар да өзге ешқандай жігітке назар аудармай, жалғыз Жолекеңді таңдады.Сөйтіп бес жыл бірге оқыған екеуі университет бітірген соң қол ұстасып Маңғыстауға аттанды. Екеуі ең үлгілі, тату-тәтті отбасы атанды. Өмір бойы бір біріне шынайы демеу бола білді. Соған орай, Жоламан Бошалақ та журналист ретінде Маңғыстау өңіріне кеңінен танымал болып, облыстық газеттің басредакторы дәрежесіне дейін көтерілді.
Бірге оқыған екі жастың бас қосып, қатарласа осындай танымал тұлға болуы өте сирек кездесетін жағдай. Сондықтан бұл біздің курстастардың бәрі үшін мақтан тұтатын, өзгелерге үлгі етіп айтуға тұратын ерекше жағдай. Тек өкініштісі, Гүлжауһар жарық дүниеден ерте кетті. Дегенмен, шүкіршілік ететін ретіміз де бар. Бүгін жарық дүниеде Гүлжауһардың өзі жоқ болғанымен, артындағы ұрпағы – Жолекең екеуінің қызы Жанар, үбірлі-шүбірлі немерелері бар.
Гүлжауһар Сейітжан сынды қазақтың асыл қызына халықтан дарыған барлық жақсы қасиеттероның ұрпақтарының бойында одан әрі жалғаса беретініне біз кәміл сенеміз!
Университетті 1971жылы бітірген курстастарының атынан, Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері