Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында мемлекет дамуының жаға идеологиялық тұғырнамасын ұсынылды. Біздің болашағымыз - балалар, жастар. Елбасының алға қойған мақсаттарының бірі де бірегейі ол - болашаққа бағдар. Елбасы: "Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деді. Яғни балабақшадағы балапандарға рухани дамуды санасына сіңіре білсек, болашағымыздың бағыты дұрыс деп санаймын. Балалар кез келген ақпаратты бойына тез сіңіреді және жадында сақтайды. Бүгінгі жасап жатқан тірлігіміз – болашақтың жемісі.
1962 жылы сәуір айының басында Оңтүстік Қазақстан облысының Мырзашөл аймағындағы Мақтаарал ауданына қарасты Мырзакент (Славянка) кеңшарының Жайлыбаев ауылында дүниеге келген Набат Амангелдіқызы Наурызбаеваның атабабасы осы Маңғыстау топырағынан. Әкесі Амангелді мақта егістігінде тракторшы, шешесі Зибаш фермада сауыншы болып жұмыс істейтін Набат өз тумаластарымен бірге әжесінің бауырында өседі. Әжесі Сүйрік болса, тұрмыс тауқыметін көп көрген, атасы Диділ соғыста жүргенде Киров каналын қазысқан колхозшы екен. Жеңісті Будапешт қаласында қарсы алып, ауылға аман-есен оралған майдангер Диділ Күшікбаев жарақат салдарынан көп ұзамай қайтыс болады. Жалғыз ұлын қайтсе жеткізем деп, ертеңнен кешке дейін жер қазған жесір әйел көп ұзамай көзінен айрылып, үйде отырып қалады. Жалғызының жапырағы жайылып 7 ұл, 4 қыз, 11 немере сүйген көкірегі ояу қария көбіне қыз немеренің үлкені Набатты жанына алып, батырлар жырын дауыстап оқытып қойып, тыңдап отыратын. Әжесінің қызы болып өскен Набат өз шешесін жеңеше деп атап кетеді.
Өзбекстанмен іргелес, орысы, қазағы, кәрісі, грегі бір үйдің баласындай тату тұратын, шағын ауыл да туып-өскен Набат онжылдықты сол жерде аяқтап, 1980 жылы Жетісай қаласы, Ғани Мұратбаев атындағы педагогикалық училищенің «Мектепке дейінгі мекемедегі тәрбие» бөлімін бітіріп шығады. Осы оқу орнының жолдамасымен 1983 жылы Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы педагогика институтының «Мектепке дейінгі педагогика және психология» мамандығы бойынша 1988 жылы бітіріп шыққан Набат Амангелдіқызы алған білімімен шектеліп қалмай, Қазақ инженерлік-гуманитарлық университетінің «Жалпы педагогика және психология» мамандығына 2003 жылы сырттай түсіп, 2005 жылы аталған оқу орнын үздік диплом мен тәмамдайды.
Еңбек жолын 1983 жылы тәрбиешіліктен бастаған жас маман Жайлыбаев ауылындағы балабақшасында 2 жыл жұмыс жасайды. Мамандығы – педагог-психолог болғандықтан өзі ұнататын жұмыстың қырсырын меңгеруге талпынады. Қызмет бабында өзін көрсете білген жас маман әуелі әдіскер, одан меңгерушілікке жоғарылайды. 1985 – 1988 жылдар аралығында 3 жыл балабақша басшысы қызметін атқарады. Одақ ыдыраған тұста көптеген балабақшалардағы жұмыс тоқтап, мекемелер жабыла бастады. Сондықтан оның екінші мамандық алып, мектепке баруына тура келді.
Балабақшаның жабылуына байланысты ең әуелі балаларды мектепке даярлау тобының мұғалімдігінен бастап, кейін мектеп мұғалімдігін де меңгеріп алады. 1988 жылдан 1990 жылға дейін Г.С.Титов атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі, 1990–1994 аралығында қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып сабақ береді. Бұлар ұқсас мамандық болғанмен әрқайсысы өз бетінше бір-бір ғылым. Әдістемесінде біраз өзгешеліктер бар, бірақ Набат жаңа мамандықты тез игеріп алды. Мектепте түрлі сайыстарға қатысып, өзін көрсете жүріп, М.Әуезов атындағы университеттің «5–9 сынып тардағы қазақ тілі мен әдебиет пәнін оқыту әдістемесі» курсын бітіріп, Г.С.Титов атындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметін 2007 жылға дейін атқарады. Адал еңбек әрқашан өз бағасын алады. Осы жылдардағы жетістіктерін ескере отырып, 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық білім департаменті оны «Білім саласында жеткен жетістіктері үшін» алғыс хатымен марапаттап, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісіне ұсынады. Өзіне артылған үлкен сенім Набаттың бала тәрбиесі мен оқыту жұмысына деген жауапкершілігін бұрынғыдан да күшейте түседі.
«2007 жылы жанұя жағдайына байланысты Маңғыстауға көшерде шешем Зибаш та, енем Ибахан да қатты қиналды. Менің қастарында жүргенімді жақсы көрді. Кейін екеуі бір жылда қайтыс болып кетті. Қайын атам Байрам Наурызбаев 2017 жылы қайтыс болды. Біз болсақ осы жердің дәмі тартып, атамекенімізге оралдық. Одан жаман болған жоқпыз. Қаншама жақсы адамдармен таныстық. Жеке кәсіп ашып, кәсіпкер болдық», – дейді ол. Жаңа аудан Мұнайлыға қоныс танғасын №1 мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасқан Набат Амангелдіқызы 2008-2009 жылдар аралығында осы мектептің инновациялық жұмыстар жөніндегі, 2009 жылдан мектеп директорының оқу ісі жөніндегі (әдіскер) орынбасары қызметін атқарды.
Өнерге деген сүйіспеншілігі жоғары, жасынан сахна қойылымдарына қатысып жүретін, жаны нәзік Набат мектепте драмалық үйірмеге жетекшілік етеді. Қай іске кіріссе де, нәтиже шығара білетін іскер келіншек көп ұзамай өзі жетекшілік ететін топты түрлі сайыстарға қатыстырып, өнерлерін аудан, облыс жұртшылығына таныта бастайды. Оқушылардың талантты ұжымдарын анықтау мақсатында өткізілген «Қазақстанның жас таланттары» атты облыстық байқауда үйірме оқушылары ІІ жүлделі орынды жеңіп алып, алғыс хатпен марапатталады. Осы жылы ҚР КҒА-ның ІХ Маңғыстау облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясының алғыс хатымен марапатталады.
Жалпы баламен жұмыс жасау рақат. Олар періште ғой, айтқаныңды ұғып алып, өзіңе айтып беріп жатса, соған қуанасың. Әр баланың бойында белгілі бір затқа деген қызығушылық болады. Біз соны байқап, одан әрі жетілдіре білсек, түбінде сол баладан үлкен маман иесі, немесе белгілі қоғам қайраткері шығады деп ойлаймын»,– дейді Н.Наурызбаева.
Елбасының халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейтін Жолдауындағы өзекті мәселе еліміздің болашағы мектепке дейінгі балаларға арналған «Балапан» бағдарламасы Набаттың ойына қозғау салып, өз мамандығына оралуына себеп болады. 2011 жылы «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы шағын кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы «Арай» бағдарламасы ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарта бастағанда қатты қуанды. Өзінің бизнес жоспарын жасақтап, «Арай» әлеуметтік әріптестігінің бағдарламасы жобалары байқауы жеңімпазының сертификатына ие болып, 850 мың теңге қайтарымсыз несиеге қол жеткізеді. Бұл бағдарлама қаржы жағынан қысылып, өз кәсібін қалай бастауын білмей жүрген қолы қысқа адамдар үшін үлкен қолдау. Оған қосымша, Маңғыстау облыстық микрокредиттеу орталығының Мұнайлы аудандақ филиалынан 10% несиемен 6 млн. теңге қаражат алады. Қолына аз да болса қаражат тиген Набат алдына қойған мақсатын іске асыру үшін жекеменшік балабақша ашу жұмысына бірден кірісіп кетеді.
«Мынау – әуел баста өзімнің жекеменшік тұрғын үйім еді. Соның құжаттарын балабақша ретінде қайтадан рәсімдеп, іші сыртын балабақшаға сай қайта жасақтап, өз ісімді бастап кеттім. Қағаз-құжаттарын жасақтау қиындық туғызғанмен, кездескен қиындықтардың бәрін жеңіп шығып, өз күшімізбен балабақша аштық. Арман орындалды. Халықтың баласын бағып, тәрбиелейтін болғасын барлығы талапқа сай болуы керек. Соның бәрін тиісті мамандардан үйрене жүріп, бірте-бірте қалпына келтіріп, стандарттық талапқа сай жасақтадым. Балабақшаның іші сыртын бітіру – бір ғана шаруаның біткені. Енді, екінші бір күрделі шаруа кезек күтіп тұр еді. Бұл – балабақша мамандарын жинақтау. Кадрларды іріктеу де оңай болған жоқ. Кейбір мұғалім мамандар ды курстан оқытып, балабақша тәрбиешісін даярладық. Ең алғаш Мұнайлы ауданы, Басқұдық селосында жеке кәсіпкер ретінде 70 орындық «Арай» жекеменшік балабақшасы 2011 жылы қазан айында 12 қызметкер, 70 балдырғанмен өз жұмысын бастады. Мекемеміз кеңейе келе мамандар толығып, 6 тәрбиеші, 3 тәрбиешінің көмекшісі, 2 аспаз, есепші, медбике, қоймашы, қарауыл, кәріз жүйесін жөндеуші т.б барлығы 20 адамға өсті. Қызметкерлердің айлық табысынан зейнетақы қорына тиісті пайыздары құйылуда, кейбіреулері тұрмыстарын түзеу үшін банктен несие алып жатыр. Жұмыс уақыты да, жалақылары да мемлекеттік мекеме жұмысшыларымен бірдей.
Есеп құжаттарымызды облыстық қаржы бақылау бөлімінің қызметкерлері келіп тексеріп отырады. Біз өнім өндіруші кәсіпорын емеспіз, қызмет көрсету мекемесіміз. Түскен қаржыдан өкіметке 3% салық төлейміз. Есеп-қисабыңды дұрыс жүргізіп, салығыңды уақытында төлеп, жұмысыңды адал атқарсаң, кәсіпкер болудың да қиын ештеңесі жоқ. Жалпы қазіргі заманда, біздің елімізде шағын кәсіпкерлікпен айналысам деген адамға жол ашық. Жалпы ауданның балабақшаны бақылайтын, осы салаға қатысы бар мекеме мамандары жеке кәсіпкер ретінде көмек сұрап барғандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қолдау көрсетуден аянған емес. Балалар тәрбиеленетін жер болғасын, біз де барлығына – өрт қауіпсіздігі, санитарлық-тазалық, медициналық бақылау жағына баса назар аударып, талапқа сай болуға тырыстық. Жеке кәсіпкер ретінде отбасы жағдайы төмен, жартылай жетім балалардың бақшамызға тегін келуіне жағдай жасадық. Ондай балалар саны басында 8 еді, қазір 5-еу. Сонымен бірге бақшамызға бір отбасынан 2-3 бала келетін жас жанұяларға да көмек ретінде төлемақысы төмендетілген. Тәрбиешілердің балаларының тегін тәрбиеленуіне жағдай жасап отырмыз. Жалпы жеміс ағаштарын, гүл өсіргенді ұнатамын. Көшіп келгесін түрлі өсімдіктер өсіріп көрдім. Сонда байқағаным, Маңғыстау жеріне бір жылдық сәндік гүлдер жақсы өседі екен. Бала пәк, таза. Сондықтан мен олардан күш-қуат аламын. Балаларды өте жақсы көремін. Олар ойындағысын ашық айтады, ештеңені жасырмайды. Балалардың қасында жүрсең, өзің де жақсы көңіл-күйде жүресің.
Отағасым – Досжан Наурызбаев Жамбыл мелиоративтік оқу орнын бітірген, құрылыс, кәріз жүйелерінің білгір маманы. Жасыратыны жоқ, осы жұмыстың бір жағын алып жүрген сол кісі. Қызым – Ақжелен қаржы қызметкері, үлкен ұлым – Ғалымжан әскери қызметкер, кішісі Айтжан – әскери байланысшы. Жұмыстары ауыр, уақытпен са- наспай, күн-түн демей жүре береді. Немерелерім Абзал, Балсая, Диас, Диана, Сұлу, Нұрсаяларды қызықтап жүріп жатырмыз. Қазіргі таңда балабақша аумағын кеңейту және мектеп жасына дейінгі балаларға тәрбие мен білім беру саласының ең озық тәжірибесін енгізу мақсатында жұмыстанудамын. Ол үшін Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту орталығынан 7,5%-бен 3 млн. теңге несие алдым. Шаруа істеймін, іс жүргіземін деп талпыныс білдірген адамдарға жергілікті басшылар қолдан келген көмектерін аяп жатқан жоқ. Азаматтардың бәріне рахмет! Тек кәсіпкер боламын деген адамның өзі белсенді болуы керек»,– дейді кәсіпкер.
Басшының сөзінің растығына балабақша ұжымының елеулі еңбегі үшін түрлі марапаттарға ие болғанын дәлелдейтін құжат – мақтау қағаздарды көріп көз жеткіздік. 2011 жылы «Кәсіпкерлік ынталылығы және қоғамдық белсенділігі үшін», «Кәсіпкерлерді дамыту қоры» сертификаттарына, «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалінде қол жеткен табыстары және орындаушылық шеберлігі үшін», «Адал еңбегі және Басқұдық селолық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» алғыс хаттарына, аудандық «Ертегілер елінде» сайысында ІІ орынға, «Кішкентай Ханшайым» байқауында ІІІ орынға, аудандық «Білім ұясы: Ең үздік мек- тепке дейінгі ұйым педагогі – 2012» байқауында ІІІ орынға ие болған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстау вокзалынан былтыр миллионнан астам жолаушы сапар шеккенБалалардың бос уақытын қызықты, танымдық ойын-сабақтармен өткізу өз алдына, ертегі тыңдату, мультфильмдер тамашалатудың олардың тәрбиесі мен ой өрісін дамытуда үлкен орын алатыны белгілі. Сондықтан әуелден аудан көлеміндегі түрлі байқау, сайыстарда сахналық қойылымдарға қатысып, қабілетті әртіс атанып жүрген Набат өз балабақшасында шағын қуыршақ театрын ашып, балалармен жұмыс жүргізіп отыр. Біз тәрбиеленушілермен бірге «Мыстан кемпірді алдаған қыздар» деген ертегіні тамашаладық. Балаларға қуаныш сыйлап үлгерген Набаттың «Бауырсақ» қуыршақ театры р пертуарында: «Маша мен аю», «Шалқан», «Түлкі, аю, қойшы», «Қожанасыр», «Жыл басына таласқан хайуанаттар», «Қызыл телпек», «Тазша бала», «Мақта қыз бен мысық», «Кім неден күшті?», «Күншіл үйрек», «Бір уыс мақта», «Жеті лақ» т.б. ертегілер бар.
Жалпы шағын бизнесте көбіне әйел адамдар үлкен жетістіктерге жетеді. Соған қарағанда, құжат рәсімдеу, кезек күту, кейбір бюрократ шенеуніктердің алдында жа- сымау жағынан ерлерге қарағанда әйелдердің ерік-жігері басымырақ па деп қаласың.
Жасынан үй шаруасына жұмсалып, ата-анасы жұмыста жүргенде бауырларына бас көз болып жүретін үйінің үлкені Набат елгезек, пысық болып өсті. Еңбек еткен жанның ештеңеден тарықпайтынын ерте түсінгенінің пайдасын аз көрмеді. Туған жерден алысқа, атамекенге көшіп келгенде де екі қолға бір жұмыс тапты. Жеке кәсіпті жүргізу, елдің баласын бағу, 20 шақты адамды жұмыспен қамту оңай болмайтынын түсінді, бірақ еңбек етуден шаршамайтын, өзінде барды өзгемен бөлісуге әзір тұратын, біл- генін жастарға үйрете білетін, өзі де үйренуден талмайтын Набат көп ұзамай ісін жолға қойып, өзі құрған «Арай» жекеменшік балабақшасын аяғынан тік тұрғызды.
«Мен Тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, жастары білімді, бәсекеге қабілетті, патриоттық сезімдері жоғары, саналары ашық болатынына нық сенімдемін. Осындай сеніммен жұмысымыз алға басып келеді. Кішкентай бүлдіршіндеріміз ел болашағына өз үлестерін қосып, әртүрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Жыл сайын балабақшамыздан жетпістен аса балдырған мектеп табалдарығын аттайды. Балапандардың қуанышына балаша қуанып, олардың алған жетістіктеріне марқайып қаламыз. Балалардың жетістігі – қоғам жетістігі деп ойлаймын. Талғат Айару деген бүлдіршініміз биыл 3-6 жастағы балалар арасында Мұнайлы аудандық «Ұлы дала ұрпақтары» шығармашылығы фестивалінде «Жезтаңдай әнші» номинациясы бойынша І орын, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында облыстық «Ұлы дала ұрпақтары» атты балалар арасындағы шығармашылық фестивалінде ІІ орын, «Жауқазын» аудандық балалар шығармашылығы өнер фестивалінің «Әнші балапан» бөлімі бойынша бас жүлде, аудандық «Әнші балапан» атты бүлдіршіндер байқауында кішкентай әнші номинациясын алып қуантса, Аманжол Арайлым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына орай аудандық «Рәміздер – мақтанышым» сырттай сурет байқауынан ІІІ орынды, аудандық «Жауқазын» балалар шығармашылығы өнер фестивалінің «Биырғағы» бөлімі бойынша «Арай» жекеменшік балабақшасының бүлдіршіндері І орын жеңіп алды. Аудан бойынша «Ең үздік балабақша» байқауының жүлдегері.
– Біз балалардың шығармашылық дамуына ерекше мән береміз. Балалардың саналы да сапалы білім алуы үшін тәрбиешілеріміз бен педагогтарымызды семинарлар мен курстарға жіберіп, қабілеттілігін арттырып отыруды жоспардан тыс қалдырмаймыз. Сондай семинарлардың бірі «Step by step» әдістемесі, М.Монтессори технологиясы бойынша білім беру, жаңа технологияларды пайдалану арқылы мектепке дейінгі жастағы балалардың танымдық тәжірибесінің даму деңгейін арттыру, интерактивті формалар мен жаңа білім беретін технологияларды пайдалану, тәй-тәй технологиясы секілді бағдарламаларды жүзеге асырып, басқа балабақшалармен тәжірибе алмасып отырады», – дейді Набат Амангелдіқызы.
Набат Мұнайлы ауданының іргесі қаланғаннан жаңа мекеннің саяси-қоғамдық шараларына бір кісідей атсалысумен келеді. Сайлауалды даярлықтар, басқа да шараларға белсенді қатысатын Н.Наурызбаева – Басқұдық ауылына танымал тұлға. Оның осы еңбегі ауданның 10 жылдық мерейтойы қарсаңында мерекелік төсбелгімен аталып өтті.
Аулаға кіргеннен байқалатын жинақылық, иесінің ұқыптылығынан хабар бергендей. Шүпірлеген балапандардай сәбилердің бірінің басынан сипап, бірімен шүйіркелесіп, жан-жағына мейірім шуағын шашып жүретін балабақша басшысы нағыз бала жанының бағбаны секілді.
«Бір жаққа шыға қалсам, балалар аман ба екен деп тыныш таппаймын» дейді тынымсыз еңбекке әбден дағдыланып кеткен кейіпкеріміз. Бүгінде ол мол бейнеттің зейнетін көріп, еңбегі жанып, елге қызмет еткеніне ырза. Кәсіпкер атанып, көптің алғысына бөленіп жүрген қазақтың қарапайым әйелі Набат Наурызбаеваның осындай жарқын ісі жастарымызға үлгі болса екен дейміз.
Үміт ЖӘЛЕКЕ