Жуырда облыс әкімінің орынбасары Шолпан Лазарқызы өңірдің ағымдағы әлеуметтік даму ахуалын талқылап, әлеуметтік сала шығындары жөнінде есеп берді. Басқосуға жер қойнауын пайдалаушы компаниялар қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.
«Бүгінгі таңда өңірде көмірсутек шикізатын барлау және өндіру бойынша 31 кәсіпорын және 200-ге жуық пайдалы қазбаларды барлау және игерумен айналысатын компаниялар тіркелген. Соның ішінде, өзара өнімді бөлісу келісімі негізінде «Маерск Ойл», «КОМ Мунай», «Тасбулат Ойл Корпорэйшн», «НКОК» және т.б компаниялар қызмет етеді. Олар жергілікті атқарушы органдармен келіссөз негізінде жеке-дара әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда. Өңір экономикасының өрлеуі мұнай-газ саласы дамуымен тікелей байланысты. Былтыр облыс дамуына бюджеттен 33 млрд. теңге көлемінде қаржы бағытталды. Нақтылап айтсақ, республикалық бюджет трансферттері есебінен 13 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 19 млрд. теңге және Ұлттық қордан 2 млрд.-тан аса қаражат бөлінді. 2015 жылы жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан 1,8 млрд. теңге бюджет қазынасына құйылды. Десекте, әлеуметтік жауапкершіліктен жалтарған кәсіпорындар жетерлік. Мәселен, «Хазар Мұнай», «ҚазМұнайТеңіз», «Қарақұдықмұнай», «СК Петролиум» компаниялары келісімде көрсетілген әлеуметтік міндеттемелерін орындамаған. 2015 жылы денсаулық сақтау саласына 1,7 млрд. теңге қаражат бөлінді. 7 елді мекендерге дәрігерлерік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. Ақтауда ана мен бала қорғау орталығы құрылысы жүзеге асуда. Білім саласына 7,6 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. 4080 орындық 18 балабақша ғимараты құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді білім ордасымен қамту 77,4 пайызға орындалды. Апатты жағдайдағы және үш аусымды мектептерді жою мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Мұнайлы ауданы Атамекен ауылында 1200 орындық оқу ордасы, Қарақия ауданы Құланды және Жетібай ауылдарында әрқайсысы 624 орындық екі мектепел игілігіне табысталды. Форт-Шевченко қаласында 550 орындық мектеп-интернат іске қосылды. НКОК компаниясы қаржылай демеушілігімен Түпқараған ауданы Таушық ауылында спорт сарайы салынды. «Ком-Мұнай» және «Тасболат Ойл» компаниялары қаржылай қолдауы негізінде Маңғыстау ауданы Ақшымырау ауылында ауыл клубы және Қарақия ауданы Құрық ауылында спорт стадионы бой көтерді. Өңір бойынша сумен қамту жүйесін дамытуға 7,9 млрд. теңге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қаыптастыру мен тұрғын үймен қамту жобасына 8,4 млрд. теңге, автожолдарды салу және күрделі жөндеу жұмыстарына 3,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. "Өзенмұнайгаз" АҚ әлеумет әлеуетін арттыру саласына 900 млн. теңге көлемінде қаражат бағыттады. Компания есебінен Құландыда ауылішілік жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Жаңаөзен қаласы "Шаңырақ" шағынауданындағы үй аулалары көгалдандырылды.Халықты жұмыспен қамту жұмысы жүзеге асып, Қарақия ауданы Құрық, Жетібай, Мұнайшы ауылішілік жолдарға жөндеу жүргізілді»,-деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпорындардың бірегейі – НКОК компаниясы. Былтыр компания қаржылық қолдауымен Маңғыстау өңірінде 89 әлеуметтік инфрақұрылымдық жоба сәтті жүзеге асты. Биыл облыс бойынша 29 әлеуметтік маңызды нысан құрылысы қолға алынды. Оның 20-сы құжаттық рәсімдеуден өтуде. Іргелі кәсіпорын Жаңаөзен қаласы Рахат, Теңге ауылдарында спорт сарайларын салу, Форт-Шевченко қаласында 48 пәтерлік тұрғын үй кешені құрылысын аяқтау, Ақтауда «Бокс орталығы» спорт кешенін салу және өзгеде жобалар жоспарлаған.
Сонымен қоса басқосуда мұнай-газ кеніштерін игерумен айналысатын компаниялардың ашықтық бағдарламасын жүзеге асыруы туралы сөз болды.
«Еліміз 2005 жылы «Өндіріс саласындағы ашықтық» бастамасы саласындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Халықаралық басқарма мүшесі ретінде үкіметтік емес ұйымдар мұнай саласындағы жариялылыққа талдау жүргізеді. Мұнай-газ саласы мен тау-кен өндірісі кәсіпорындарының төлемдері, есеп берулері туралы толық ақпараттан халық құлағдар болғаны жөн. Мұнайдан түскен табыс талан-таражға түспей, мақсатты игерілуін, мемлекеттің мұнай ақшасын тиімді пайдаланудағы мүмкіндіктері жайлы жариялылық керек. Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы «Өндіріс саласындағы ашықтық» бастамасын өңірге ендіру барысында ауыл-аймақ түгілі қала халқы бұл бағдарламадан бейхабар екендігі анықталды. Осыған орай, БАҚ қызметкерлері мен ҮЕҰ өкілдерімен бірлескен оқу тренингтері ұйымдастырылды. Осы бағытта облыс әкімдігімен бірлесе жұмыстанамыз»,-« Жастар жетістігі» Қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Махамбетова.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН