Ислам – бейбітшілік діні
Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед келді. Еліміздің бас партиясының өкілі облыс әкімімен бірге халықтық партияның облыстық филиалында, Бекет ата мешітінде және Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде маңғыстаулықтармен жүздесіп, елімізде қалыптасқан қоғамдық-саяси оқиғаларға байланысты ой-пікірлерімен бөлісті. Басқосулардың барлығы да Ақтөбе қаласында орын алған жан түршігерлік оқиға құрбандарын еске алуға арналған бір минут үнсіздікпен басталды.
Алғашқы кездесу «Нұр Отанда» өтті. Облыс әкімі Алик Айдарбаевтың жүргізуімен өткен отырысқа партия белсенділері, бастауыш ұйымдар басшылары мен түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттық фракциясы жетекшілері қатысты. Мұхтар Құл-Мұхаммед елдегі бүгінгі жағдай, партияның қазіргі жұмыстары мен алдағы жоспарлар турасында сөз алып, қасиетті өлкеге сапарының маңыздылығына тоқталды.
- Маңғыстау – мен үшін ерекше өлке. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да бұл аймаққа деген айрықша көзқарасын білесіздер. Ол Бекет атаға зиярат етіп, бұлақтан су ішіп, халықтың ризашылығын алған болатын. Содан бері облыста үлкен жобалар жүзеге асты. Елбасымыздың ыстық сәлемін жеткізе отырып, Маңғыстаудың мемлекет басшысының қамқорлығында бола беретінін айтқым келеді. «НұрОтанның» бүгінгі жұмыстарына тоқталсақ, аймақ бойынша бірқатар шаралар атқарылуда. Облыста 8 куратор, 4 комиссия жұмыс жасайды. Айтарым - халық игілігі үшін қолға алынып жатқан жобаларға партиялық бақылауды күшейту керек. Әр нысанды бақылауға алу қажет. Өңірде 33 жоба жүзеге асырылуда болса, 6-ы өз деңгейінде күш-қуатына енген, ал, 17 жоба әлі өз күшінде емес. Мәселен, Бейнеу ауданында салынып жатқан мектептің құрылысы тоқтап қалған. Жаңа нысанды уақытылы қолданысқа беруді тапсырамын, - деді М.Құл-Мұхаммед.
Бұдан соң «НұрОтан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Халила Нұрғалиева филиалдың жұмысымен таныстырды. Өлкемізде партияның 2 қалалық, 5 аудандық филиалы бар.
- Қазір партия мүшелерінің сапалық құрамына аса мән беріліп отыр. Беделді де белсенді азаматтардың қатары артуда. Облыста «НұрОтанның» 33 мыңдай мүшесі, 160 бастауыш партия ұйымы және 41 штаттық қызметкер қызмет етеді. Биылғы жылдың 5 айында көптеген шаралар жүзеге асырылды. Тұрмысы төмен отбасыларды қолдау мақсатында «Мейірімді жүрекпен» акциясы аясында игі істер қолға алынып, мүжәлсіз жандарға көмек берілді. Партияның жұмысы алдағы уақытта бұдан да жүйелі түрде жүргізілетін болады, - деді Х.Нұрғалиева.
Облысымызда соңғы 4 жыл ішінде 17 орта мектеп бой көтерген. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бес жобаға 25 млрд.теңге бөлінген. "Боржақты-Ерсай" теміржолы, Құрық портының келешегіне сенім мол.
- Бүгін таңертең Каспий теңізіне қызыға көз салдым. Су бетінде ондаған танкерлер мен кемелерді көрдім. Қазіргі дағдарысқа қарамастан, жұмыстың тоқтамағанына, қайта қарқындап бара жатқанына көз жеткіздім. Мұнайдың бағасы түскенімен, мұнайшылардың саны мен жалақысы кеміген жоқ. Соған қарамастан, кейбір компаниялар табыс табудың орнына үлкен компаниялар есебінен дотацияланып отыр. Әрине, кей мекемелерде жұмыс күні қысқарып, мәжбүрлі демалысқа кетіп жатқандар да бар. Дегенмен, Маңғыстауда жағдай жақсы. Жүйелі жұмыстың арқасында «Нұрлы жол» жобасы тоқтамай жүргізіліп келеді,-деді М. Абырарұлы.
Облысымызда жастардың саны 164 мыңнан асады. Олардың 4 пайызы «НұрОтан» партиясының мүшелері.
- Бұл өте аз. Олардың үлесін көбейту керек. «НұрОтан» - пенсионерлердің емес, жастардың партиясы,-деді ол.
Іс сапар аясындағы келесі кездесу облыстық Бекет ата мешітінде болды. Оған облыс әкімі Алик Айдарбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас муфтиі Ержан қажы Маямеров және аймағымыздың аудан-ауылдарынан келген имамдар қатысты. Отырысқа қатысушылар көршілес Ақтөбе қаласында болып жатқан лаңкестік оқиғаларды айыптайтындықтарын айтты. Адаммен амандасқан сәтінен бастап, оған бейбітшілікті тілейтін ислам – бейбіт дін. Ол ешқашан ешкімнің қанын жүктеуге жол бермейді. Алланың берген өмірін қимақ түгілі, адам жанын жазықсыз жаралауға қарсы асыл дініміздің атын жамылып, қантөгіске барған кімдер?
«Соңғы күндері Ақтөбеде орын алып жатқан оқиғаларды естіп, қабырғамыз қайысып отыр. Жазықсыз адамдардың қаны төгілді» деді облыс әкімі Алик Айдарбаев. Сондықтан да жастарға дініміздің қыр-сыры мен мақсат-мүддесі дұрыс түсіндірілуі керек. Жастардың теріс ағымдарға кетулеріне жол бермеу керек.
- Бүгінде дінді дұрыс түсінбей, шектен шығып жүрген әсіредіншілдер бар. Олар өз отбасыларын тастап, ахирет үшін өмір сүріп жүргенін айтады. Бұл қате түсінік. Пайғамбар /с.а.с/ хадистерінде әрбір мұсылман өз отбасын асырап бағуға міндетті екендігі айтылған. Мынау радикалды топтардың исламға қаншалықты қауіп төндіріп отырғанын сезінуіміз керек. Ағымдардың зиянын халыққа жеткізіп, жастармен көп жұмыс жасау керек. Маңғыстау өңірінде біршама істер атқарылуда. Өкіл имамның жұмыстануы нәтижесінде көптеген адасып жүрген бауырларымыз тура жолға түсті,-деді еліміздің бас муфтиі Ержан қажы Малғажыұлы.
- Ақтөбе қаласында болып, қайтыс болған азаматтардың үйлеріне барып, көңіл айттым. Енді ортақ Отанымызда қайғылы оқиға болмасын дедім. Ғұмырды сыйлайтын да, алатын да Алла. Алланың ісіне араласып, адам өмірін алу – адамзаттың азғыны. Біз – дін апиын деп, атеистік заманда өмір сүрдік. Шын мәнісінде, дін –құдіретті күш. Сондықтан дін өкілдерінің ролі үлкен. Тәуелсіздік алғаннан бері адамдар дінге бет бұрды, тілін кәлимаға сындырды. Қазір шала сауатты имамдардың заманы өтті. Батыстағы ең қасиетті әулие Бекет ата. Біз Бекет атадан әулие жасап жүрген жоқпыз. Ол бүкіл өмірін дін жолына арнады. Бекет атаға сыйыну Аллаға серік қосу емес, қайта Алланың сөзін, ілімін қасиетті атамыз жеткізеді. Сөздің күшімен иландыру – имамдардың ісі. Қазіргі кезде имамдарға көп жауапкершілік жүктеліп отыр. Үгіт-насихат жүргізу керек. Ең қасиетті кітап қолдарыңызда, вахабистермен тайталаса пікірталасыңыздар. Оларды білім мен ақылмен тәрбиелеу керек. Көрген сайын сәлемдесу арқылы бейбітшілік тілейтін мұсылмандар бір-біріне қалайша оқ атады? - деді М.Құл-Мұхаммед.
Республика бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тіркеуінде 2500 мешіт тіркелген. Оның 20-ы облысымызда орналасқан. Мешіт тек құлшылық орны ғана емес, діни тұрақтылық ұйытқысы болған рухани орын. Қазір облыс көлемінде 6 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Биылғы жылдың күзінде Жаңаөзен қаласы мен Сайын ауылында жаңа мешіт ғимараты ашылады деп жоспарланып отыр. Облыс мешіттерінде қызмет ететін 51 қызметкердің 13-і жоғары діни білімді имам болса, 18-нің орта арнаулы білімі бар. Аймағымызда бұл салада білікті мамандар жетіспейді. Жергілікті маман даярламай, дін мәселесіне қатысты проблемаларды шешу қиын. Басқа жақтардан келген теологтар мен имамдар мерзімі біткенде еліне қайта кетеді. Осыған орай, 2 жылдан бері өңірімізден діни оқу орындарына жүзге жуық талапкерлер жіберілген. Қазір «Нұр-Мүбарак» университетінде 31 студент білім алуда. Ал, діни басқармаға қатысты орта арнаулы білім беретін медреселерде 17 студент оқиды.
- Жастардың дінге бетбұрысына жауап беру әрі теріс ағымдардың алдын алу үшін жергілікті білікті маман дайындау кеезк күттірмейтін мәселе. Алдағы уақытта діни проблема күрделенбесе, жеңілденбесі анық. Біз, маңғыстаулық имамдар Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік оқиғаны айыптаймыз. Олардың ісін ислам атын жамылған теріс ағымдардың әрекеті деп білеміз. Ислам лаңкестікке қарсы, оны үлкен қылмыс санайды. Ондай қылмыс үшін о дүниеде Алланың ауыр азабы болады деп ескерткен,-деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкіл имамы С. Сейтбеков.
Бір адамды теріс ағымнан аман сақтаудың өзі – бір сауапты іс. Бұл мұсылмандық парыз ғана емес, ерлікке пара-пар әрекет. Бүгінгі діни ахуалдың шиеленісуі – бақылаудың жоқтығынан. Осы орайда, Мұхтар Абырарұлы маңғыстаулық имамдарды дін мәселесінде қырағы, батыл болуға шақырды.
Астаналық өкілдің келесі тоқтаған нысаны - Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті болды. Мұнда Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарма басшылары, ұстаздар, студенттер мен жалпы зиялы қауыммен кездесті.
Мұхтар Абырарұлы өз сөзін бала тәрбиесіне қатысты пікірімен бастады.
- Мақсат – маман тәрбиелеу ғой. Бірақ, кез келген сала маманы бірінші адам болу керек. Адам тәрбиелеген соң, маман дайындау керек. Маңғыстауда салафиттік, вахабисттік ағымдағы адамдар саны азайып келеді. Теріс ағымға түскен жандарға есікті тарс жауып қоймай, қайта ашу керек. Білгенді айтып, білмегенді үйрету керек. Олар әулие-әмбиеге сыйыну Аллаға серік қосу деп санайды. Бекет ата өмірін дінге арнаса, оны қалай құрметтемеске? Ол әулиелердің халқымыз үшін өз орындары бар. Ата-бабамыздан келе жатқан Әбу-Ханифа масхабын үлгі тұтуымыз керек. Дәл осындай қайғылы жағдайға Маңғыстауға келемін деп ойламаған едім. Ақтөбеде жан түршігерлік оқиға жасағандардың бәрі де әсірешіл жастар. Кім кінәлі? Қалай ондай қадамға барды? Өзіміз тәрбие бере алмадық па?-деді ол.
Қиын-қыстау кездерде тентегін тезге салып отыратын қазақ бұл сыннан да өтеді. Жастармен жұмысты дұрыс жолға қоя білуіміз керек.
Мінбеге көтеріліп, сөз алғандардың бірі - облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағын Қырымқұлов болды. Ол соңғы күндердің үлесіндегі көршілес Ақтөбедегі қайғылы жағдайды – бейбітшілігіміз мен татулығымызға жасалған қастандық деп бағалады. Бұл лаңкестік әрекетті ұйымдастырғандар тиісті жазасын алуы тиіс. Осыдан соң ол елімізде қызу талқыланып жатқан жер мәселесіне қатысты ақпараттармен бөлісті. Қоғамдық кеңес қызметі белсенділік танытып, халықтың еркін пікірін білдіре алатын ашық сұхбат алаңына айналған.
- Қоғамдық кеңес мүшелері облыс әкімі және орынбасарларының қатысуымен қалалар мен аудандарда көшпелі отырыс өткізді. Басқосуларда әрқилы пікірлер айтылуда. Ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар жерді қазақстандықтарға сатуға болады десе, басқалары тек жалға беруге болады деген пікірде. Жерді жалға беру бір лауазымды тұлғаның емес, комиссия шешімімен берілу керек деген ұсыныстар берілді. Көпшілік шетел азаматтарына жерімізді жалға беруге мүлдем қарсы,-деді С. Қырымқұлов.
Мұхтар Абырарұлы жерге қатысты өз пікірін айтты. Қызу талқылаудың жүріп жатқандығы – бұл азаматтардың өз жеріне деген сүйіспеншілігінен. Тіпті, кереағар пікірлерді сынаудың жөні жоқ. Қасиетті жерінің келешегіне бейжай қарай алмағандар олар нағыз патриоттар. Отырыс барысында оқу орын басшылары мен жастар орталықтарының өкілдері сөз алып, төсекте басы, төскейде малы қосылған көршілес Ақтөбедегі бүгінгі ахуалға қатты қаймығатындықтарын айтты.
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед отырыс соңында маңғыстаулықтарды елдің дамуына үлес қоса беруге шақырды. Облыс жұртшылығымен «Үш жүз алпыс екі әулиелі Маңғыстауды жүрегімнің төрінде ұстаймын» деп қоштасты.
Анар ШАМШАДИНОВА