©
Қасиетті Рамазан айы қарсаңында киелі Маңғыстау өлкесінде сәні мен сәулеті жарасқан зәулім мешіт бой түзеді. Оған аймақтың атпал азаматы, кәсіпкері Бисенбек Нұржігітұлы демеушілік көрсетіп, халықтың теңдессіз сауабын арқалап, көпшіліктің құрметі мен алғысына бөленді.
Бүгінде асыл дініміз – Исламға ден қойып, имандылыққа бет бұрған жастардың саны артып келеді. Елдің ертеңгі тізгінін ұстар – өскелең ұрпақты ізгі қасиеттерге баулып, діни сауатын ашып, асқақ рухын оятып, жақсылыққа шақыруды көздеген алтын жүректі жандар күмбезі көкпен таласқан, мұнарасы аспанмен астасқан мешіттердің көбеюіне зор үлес қосуда. Күндердің сұлтаны – Жұма күні есігін айқара ашқан Тұщықұдық мешіті – соның айқын көрінісі.
Мешіт салу – мол сауапқа кенелтер игі іс. Бұл турасында Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды»,-деген. ҚМДБ Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, облыстық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Смайл Сейітбеков ел игілігі мен бірлігіне арналған мешіттің салтанатты ашылуына қатысып, жиналған ауыл халқын қуанышпен құттықтап, ата-бабалар рухына құран бағыштап, дұға оқыды.
- Мешіт – жер бетіндегі Алланың үйі. Халық жүрегіне имандылық дәнін себелейтін мешіттер салуға мұрындық болған азаматтарға алғысымыз шексіз. Бұл имандылық үйі облысымыздағы 22-ші мешіт болмақ. Киелі өлкеміздің әр аудан-ауылдарында мешіттердің бой көтергені – үлкен тарту, сый деп білем. Дәстүрлі дінге бағыттап, жастардың көкейіндегі сауалдарына жауап беретін, жүректегі мұңдарын басатын мешіттер, ресми имамдар жұмыс істесе, жастардың имандылық жолын берік ұстануына септесеміз, - деді өңірдің бас имамы.
Сауапты іске ұйтқы болған Бисенбек Нұржігітұлы қайырымды іс жайында сөз сөйлеп, мешіттің бой көтеруіне атсалысқан туған-туыстарына, достарына, келген қонақтарға ризашылығын білдірді:
- Бүгін Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылында ақ түйенің қарны жарылған күн! Құдайды дара, Пайғамбарды хақ, Құранды шын таныған ата-бабалардың жолын нық ұстап, келісті де көркем мешіт халыққа есігін ашты. Бұл құлшылық орнын ашуға ата-анамның алдындағы балалық парызымды орындау, жас ұрпақты ибалыққа, имандылыққа тәрбиелеу түрткі болды. Әкем – Нұржігіт Қойшыбайұлы Маңғыстау облысының ауылшаруашылығында белгілі инженер болған кісі. Ол 1985 жылы 45 жасында қайтыс болды. Артында 5 ұлы, 2 қызы қалды. Асқар таудай әкемнің алдындағы перзенттік парызымды орындап, аялаған арманыма қол жеткіздім, - деп ерекше толқыныспен сөйледі ол.
Жаңа мешітте бір мезетте 500-дей адам құлшылық ете алады. Онда үлкен бөлме, әйелдерге арналған бөлме, медресе және имамға арналған бөлмелер бар. Көк күмбезі көз жауын алар зәулім мешіттің салтанатты ашылуына бүкіл жамағат жиналып, құтты болсын айтысты.
Алланың нұры жауатын, мұсылман қауымның дұға-тілектері қабыл болатын қасиетті үйдің ашылуымен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов, Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров та құттықтап, игі лебіздерін білдірді.
- Құрметті жерлестер, ардақты ағайын! Алла Тағаланың ақ үйі - иманға ұя болар қасиетті тұрақ мешіттеріңіздің шаңырақ көтеруі мерейлі болсын! Бұл мешіт тарихи кезең ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойы қарсаңында ашылғалы отыр. Бүгінде еліміз өсіп-өркендеу, даму жолында келеді. Соның барлығы бір Алланың қалауымен иманды, ынтымақшыл, момын халқымыздың арқасы. Ешқандай мемлекет руханиятсыз өмір сүрген емес. Сол секілді Ислам діні де қазақ елінің ғасырлар бойғы тірегі мен сүйеніші болып келеді. Қазір де солай, болашақта да солай болары анық. Мешіт – имандылық ордасы, рухани құндылықтың мекені, бірлік пен ізгіліктің, имандылық пен бейбітшіліктің рухани қайнар көзі. Құрметті Бисенбек Нұржігітұлы, сіздің бұл игі ісіңіз келешек ұрпақты отансүйгіштікке, имандылыққа баулуда үлкен үлес қосатыны анық. Ендеше, жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын! Барлығыңызды қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын! Жүздеріңізде нұр, жүректеріңізде иман арта берсін! - деп Р.Әміржанов облыс әкімі Алик Айдарбаевтың алғы сөзін жеткізді.
Ал Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров Тұщықұдық халқын шат-шадыман қуанышымен құттықтап, ауданда абыройлы істерімен танылып жүрген Қойшыбаев Бисенбек Нұржігітұлына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі, қосқан үлесі үшін алғыс жариялап, Бекет атаның жерасты мешіті бейнеленген картинаны тарту етті.
Қасиетті шараға орай концерт ұйымдастырылып, облыстың түпкір-түкпірінен келген жыршы-термешілер әсем әндер әуелетіп, көрермен көңілін баурады. Басты қонақтар қатарынан – Қытай Халық Республикасынан ат сабылтып келген Жанат Досымхан мен Бақтыгелді Мұқаштан құралған «Дос» дуэті және республиканың белгілі сазгері, сатирик Жарылқасын Дәулетов ерек өнерімен концерттің шырайын кіргізіп, көпшіліктің көңілін серпілтті. Облыстың белгілі азаматтары, зиялы қауымы шуақты жаңалыққа ортақтасып, ақ тілектерін ағытты.
- Баланың әкеге деген алып махаббаттың, жүректегі ізгіліктің, перзенттік парыздың куәсі болдым. Мешіттің ашылу себебін білетін жандардың бірімін. 1985 жылы Бисенбектің әкесі қайтыс болғанда, мемлекет оның жаназасын шығаруға рұқсат бермеген. Себебі, ол үлкен қызметкер, елге белгілі тұлға болғандықтан, осындай қатал бұйрық болған. Сонда жалғыз інісі киіз үйдің үстіне шығып, жаназасын шығарған екен. Бисенбек әкесіне сауап болсын, жаназасы күн сайын оқылып, аруағы нұрға бөленсін деген бала арманын жүрекке түйіп, осы мешітті ашқан екен. Бұл әңгімені естігінде мен ерекше әсерге бөленіп, шабыттанып, «Сары мая» атты баллада, «Әкеме» деген ән жаздым. Бисенбектің әкесінің рухына арнадым. Бұл әнді алғаш рет тыңдағанда, Бисенбектің жанары жасқа толып, жүрегін әкеге деген сағыныш басты. Елімізде осындай жүрегі алтын жандар көп болса, Отанымыздың шекарасы берік, иманымыз мығым боларына сенемін, - деп ағынан жарылды сазгер.
Сондай-ақ Жарылқасын Дәулетов Бисенбектің анасына арнап «Өмір өтіп барады» деген ән жазған, оның алғашқы тыңдармандары – Тұщықұдық ауылының халқы болды. Қойшыбаевтер әулеті Нұржігіт Қойшыбаевтың рухына ас беріп, кітап шығарды. «Жандауырда туған инженер» атты кітаптың тұсаукесеріне марқұмның үзеңгілес достары, сырлас жандары қатысып, әсерлі естеліктерін, салиқалы сөздерімен бөлісті. «Бисенбектің әкесі Нұржігіттің сыныптасы болдым. Интернатта жатып, бірге білім нәрімен сусындадық. Ол математика пәнін жетік білетін. Одан түсінбеген есептерді сұрап, көмегін алатынмын. Кейін қызметтес те болдық. Мен кеңшар партком хатшысы, ол бас инженер еді. Өте еңбекқор жан еді.
«Еңбек қызыл ту» орденімен марапатталған алғашқы инженер ғой. Елге берері көп абыройлы да адал кісі болды. Бұл кісіге жасалған жақсылықтың бәрі азғантай. Көп болуы керек. Халыққа жайлы, жайсаң жан болатын. Осындай ерекше де қадірлі кісі жайында ауыз толтырып, сағаттап айта беруге болады. Оның балалары менің көз алдымда өскен. Әрқайсысы елге, халыққа жақсы азамат атанып жатыр. Әке рухына арнап үлкен ас беріп, мешіт ашып, кітап шығарып жатқаны көңіл марқайтады», - деп еске алды Нұржігіт Қойшыбаевтың сыныптасы, досы Аралбай Қуанбаев.
Расымен де, қазақта ата-ананы ерекше қадір тұтады, бағалайды, ал ислам дінінде ата-анаға құрмет Аллаға деген сенімнен кейін екінші орында тұр. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағаланың ризашылығы, ата-ананың ризашылығында» деген. Тұщықұдық ауылының жүрегінде мешіттің бой көтеруіне ұйтқы болған Бисенбек Қойшыбаевтың игі ісі өскелең ұрпаққа үлгі тұтарлық. Біздің қазақ қоғамында осындай кәсіпкерлер мейірімділікті ту еткен жарқын жобаларға дем берсе, еліміз өркендеп, дами берері хақ. Бір кісі «Я Расулуллах (с.ғ.с.) ата-анама қайтыс болғаннан кейін оларға жақсылық істеудің жолы барма?»,-деп сұрайды. -Иә ,бар,-дейді Пайғамбар (с.ғ.с.) -Қайтыс болған ата-анаңа төрт жолмен жақсылық істесең болады: олар үшін дұға етіп күнәлары үшін жарылқау тілеу, орындай алмай кеткен уәделерін орындау, достарын құрметтеу,ата-анаңды себепші етіп олардың туыстарымен қатынасты үзбеу»,-дейді екен. Бисенбек аға осы уәделерді орындауға бар ынтасын салғаны көрініп тұр. Енді Нұржігіт атаның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннатта болғай. Пейіште нұры шалқып, артындағы ұрпақтарына өмір берсін.
Салтанатты ашылу рәсімі аяқталған соң азан шақырылып, жаңа мешітте алғашқы жұма намазы оқылды. Одан соң ақ дастархан жайылып, барша жамағатқа ас берілді.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген автор