Календарлық жаңа жыл басталар қарсаңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Асар» қайырымдылық акциясын өткізуге үндеу тастап, аз қамтылған отбасыларға, мүгедек балалары бар жанұяларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және соғыс ардагерлеріне көмек көрсетіп, тұрмыстық-әлеуметтік қажеттілігін өтеп, сыйлықтар беріп, ізгілікті іс жасау туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл бастама барша маңғыстаулықтардың жүрегіне жол тапқан шара болды.
Осы бастама аясында Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов бастаған ел азаматтары «Асар» қайырымдылық акциясын өткізді. Азық-түлік, балаларға қыстық киім-кешек, мерекелік сыйлықтар тиелген көлік керуенімен жалғыз басты, жағдайы төмен, мүгедек балалары бар мүжәлсіз отбасылардың үйлерін аралауға шықтық.
Алғашқы болып, Бейнеу ауылының шетіндегі аядай үйге ат басын тіредік. Мұнда екі баласы бар, кіші баласы мүгедек жалғыз басты жас ана тұрады екен. Аудан әкімі Б.Әбілов отбасын жаңа жылмен құттықтап, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың «Асар» қайырымдылық акциясын өткізу туралы үндеуі аясында, ізгілікті істі жүзеге асыру мақсатында келгендерін айтты. Балаларға жаңа жылдық сыйлықтар және отбасына қажетті азық-түлік түрлерін тапсырып, тағы да қандай көмек керектігін сұрады. Жас ана Тамара Рахметова «жүріп-тұруы қиын, үйден оқытылатын Рауанға күтім жасау үшін, оқып, білім алу үшін арнайы бөлмесі болса»-деп өтініш жасады. Бейнеубек Көңлімқосұлы күн жылына Рауанға арнап, үйлеріне қосымша бөлме салып беретіндерін айтты. Бұны естіген жас ана да, екі бала да ерекше қуаныштарын білдіріп, мәз-мейрам болып, ел азаматтарына риясыз ілтипатпен рақмет айтты.
Сөйтіп өткен жылдың соңғы күні, жаңа жыл мейрамы қарсаңында, өңір басшысы Ералы Тоғжановтың бастамасымен аймақта бастау алған «Асар» қайырымдылық акциясы аясында Бейнеуде әлеуметтік аз қамтылған 132 отбасына және 148 балаға 2 млн. 248 мың теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді. «Жақсылық жасаудан өз ара жарысындар» (Бақара сүресі) демекші, осылайша облыс әкімі Ералы Тоғжановтың үндеуіне нақты іспен атсалысқан бейнеуліктер жаңа жыл қарсаңында қаншама отбасына қуаныш, керемет мерекелік көңіл-күй сыйлады! Шара барысында жаны жарты, жүрегі жаралы жандардың шынайы қуаныштарының куәсі болдық.
Бастама жалғасын тауып, «Нұр Отан» партиясы Бейнеу аудандық филиалы мен аудандық мәслихат депутаттары Б.Досов, С.Жұбанов, Ж.Қайранов, Р.Тайшыбаев және ауылдың белсенді жастары бірлесіп, футзалдан «Қайырымдылық турнирін» ұйымдастырып тұрмыстық деңгейі төмен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы балаларына сыйлықтар мен азық-түлік табыстады. Аудандық ішкі істер қызметкерлері де осы шараға атсалысты.
Облыс әкімінің «Асар» қайырымдылық бағытындағы бастамасы шын мәніндегі сауапты шара болды! Жүрек жылуын аямайық. Шара жалғасын таба берсін!
Айнахан ЕСЕТ
Тағы оқыңыздар: 2017 жылы Маңғыстауда қандай ірі экономикалық өзгерістер болды?