«Бастау Бизнес» – қайырымы мол жоба
[ 2017 ] 8 желтоқсан, 09:36 | Қоғам
«Балық берме, қармақ бер» демекші, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының ауыл халқына кәсіпкерлік негіздеріне үйрететін «Бастау Бизнес» жобасы жемісін беруде. Маңғыстау ауданының Шетпе кентінде 50 орындық балабақша мен жылыжай ашылды.
Еліміздің экономикалық кеңестігінде отандық бизнеске айрықша қолдау көрсетіліп, жұмыссыз жандарға нәпақа табуға септесер кәсіпкерлік жобалар ұсынылуда. Оған дәлел - «Бастау Бизнес» бағдарламасы. Аталған жобаға ауыл тұрғындары белсенді қатысты. Маңғыстау ауданынан 200 адам қатысып, бір ай бойы кәсіпкерліктің қыр-сырымен етене танысты. Бизнес оқуды тәмамдаған 50 адам кәсіп ашуға білек сыбана кіріскен.
Жарқын жобаның шарапатын көрген екі адам кәсібін өрге өрлетіп, ел дамуына серпін берер әлеуметтік нысандарды ашуды қолға алған. Бірі – балаларға білім мен тәрбие нұрын шашар балабақша, екіншісі – халыққа отандық өнім берер жылыжай салған.
Өз ісін ашқан кәсіпкерлер халық игілігіне еңбек етіп қана қоймай, жұмыссыз жандарға қолұшын берді. Оларды жұмыспен қамтамасыз етті. Бұл да – ел дамуына жасалған үлес. 50 орындық балабақшаны ашқан Алтынгүл Қауқарова 14 адамды жұмысқа тартып отыр. Бүлдіршіндер ұясын ашу үшін ғимаратты жаңартып, ішіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Өрендерді сурет салу, ағылшын тілін меңгеру, ән-күйге баулу үшін 10 млн. теңге көлемінде несие алған.
Ал жас кәсіпкер Нұрсұлтан Шамдығұл жылыжай ашқан. Бұл игілікті істі бастамас бұрын ол жылыжай ашуға қажетті жабдықтар жайында интернеттен мағлұмат алып, бизнеске жоғары әзірлікпен келген. Мамандығы құрылысшы болғанымен, ауылшарушалығы саласында өз қаражатына кәсібін бастаған. Бүгінде ол жылыжайында қызанақ, қияр сынды көкөністерді өсіруде.
-Жылыжай бизнесімен отбасымызда ешкім айналысып көрмеген. Сондықтан да мен интернет арқылы қажетті жабдықтар жайында оқып алдым. Жылыжайдан жылына 2-рет 7,5 тонна өнім шығаруды көздедік. Үш адам жұмыспен қамтылған. Болашақта кәсібімді кеңейтуді жоспарлап отырмын. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының қолдауымен микроқаржы ұйымынан 3 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, тағы бір жылыжай салып жатырмын,-дейді жас кәсіпкер Н.Шамдығұл.
Отандық өнімнің орны ерекше екені белгілі. Мемлекет кәсіпкерлікпен айналысқысы келген жандарды әрдайым қолдайды. Шетпелік кәсіпкерлер де өз арманына талпынуға, өсуге мүмкіндік алды. Сол үшін де «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының микроқаржы ұйымына алғыстары шексіз.
Еліміздің ұлық мейрамы - Тәуелсіздік күніне орай кәсіпкерлердің демеушілігімен салынған тағы да әлеуметтік нысандар халық игілігіне берілмек.
Ханым ҚУАТ
897
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.