Биыл Мұнайлы ауданының құрылғанына 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында халық саны жедел өсіп, балабақшаға деген сұраныстың артқанын білеміз. Бүгінде ауданымызда 15 мемлекеттік, 25 жеке меншік балалар бақшасы бар. Әлі де балабақша кезегінде тұрғандар бар көрінеді. Осыған байланысты аудандық білім бөлімінің басшысы Есен Овезовке аудандағы бүлдіршіндер ұяларына қамтылған бала саны, кезектегі балалар жайы және бос орындар жөнінде бірқатар сұрақтар қойған едік. Сол сұрақтарға берген жауабын төменде оқырмандар назарына ұсынамыз.
– Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Мұнайлы ауданында біршама жұмыстар атқарылуда. 2017 жылдың есептік кезеңіне статистикалық есеп бойынша, мектеп жасына дейінгі 1-6 жас аралығында 26612 бала болса, оның ішінде 3-6 жастағы 14334 бала бар.
Мұнайлы ауданы бойынша мектепке дейінгі ұйымдар саны жеке меншік балабақшалар салу, ашу сияқты және басқа да енгізу тәсілдері есебінен 2010-2017 жылдар аралығында 40 бірлікке (4623 орынға) көбейді, оның ішінде 15 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда 2670 бала, 25 жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарда 1953 бала, барлығы 4623 бала қамтылған. Кезектегі бала саны 5905, оның ішінде 3-6 жас аралығындағы 484, 1-3 жас аралығындағы 5421 бала кезекте тұр.
Маңғыстау ауылы бойынша 15 мектепке дейінгі ұйымдар бар. Оның ішінде 5 мемлекеттік, 2 мектеп жанындағы шағын орталығы және 8 жеке меншік балабақшаларындағы тәрбиеленіп отырған бала саны – 1660. Кезекте тұрғаны 3-6 жас бойынша бала саны 68, ал 1-3 жастағысы 1570 бала.
Қызылтөбе ауылы бойынша 150 орындық 1 мемлекеттік балабақша, кезекте тұрған 3-6 жастағы бала саны 66, 1-3 жастағы 537 бала кезекке тіркелген. Қызылтөбе-2 елді мекенінде 4 мектепке дейінгі ұйымдары орналасқан. 1 мемлекеттік балабақша, 1 шағын орталық және 2 жеке меншік балабақшалары бар, онда тәрбиеленіп отырған бала саны – 480. Кезекте тұрған 3-6 жастағы бала саны – 25, 1-3 жастағысы 675 бала. Дәулет ауылында 4 балабақша бар. Олар 1 мемлекеттік, 1 шағын орталық және 2 жеке меншік балабақшалары, оқыту мен тәрбиемен қамтылып отырған 490 бала бар, кезекте тұрған 3-6 жас аралғындағы бала саны – 5, 1-3 жастағысы 398 бала.
Тағы оқыңыздар: Мұнайлыда Әбіш әлеміне арналған әдеби-танымдық кеш өттіБаянды ауылы бойынша 2 балабақша, 1 мемлекеттік және 1 жеке меншік балабақшасы орналасқан, ондағы бала саны – 420, кезекте тұрған 3-6 жастағысы 6 бала, 1-3 жастағысы 152 бала. Атамекен ауылында 7 мектепке дейінгі ұйымдар орналасқан. Олар 1 мемлекеттік және 6 жеке меншік балабақша. Онда тәрбиеленіп отырған бала саны – 831, кезекте тіркеліп тұрғаны 3-6 жастағы 74 бала, 1-3 жас аралығында 829 бала.
Басқұдық ауылында 7 балабақша, оның ішінде 1 мемлекеттік, 6 жеке меншік балабақшалары бар, мұндағы бала саны – 697, кезекке 3-6 жас аралығында 240 бала, 1-3 жас аралығында 1260 бала тіркеліп отыр.
– Жауабыңызға рахмет!
Д.ХАНСҰЛТАН