Қазір әсем қаламыз күннен-күнге көркейіп (дамып), өркендеуде. Үлкен ғимараттар бой көтеріп, жаңа жолдар төселуде. Бірақ қаламыздың жолдары қанша кең болса да автокөліктердің көбеюіне байланысты, жол қозғалысында кептелістер көп. Бұл жолдағы қиындықтан құтылу мақсатында шетелдің тәжірибесін қолдануды ұсынсақ дейміз.
Бағдаршамның қасына қосымша бағыттауыш белгіні қоссақ, көлік жүргізушілердің қозғалысын біраз жеңілдетеміз. Бұл белгі арқылы бағдаршамның қызыл түсі жанғанда көліктер әдеттегідей тоқтамай, қосымша белгінің көрсеткен оңға бұрылысына қарай жылжитын болады.
Мұндай қызықты жүру қозғалысы АҚШ, Канада, Германия, Оңтүстік Корея елдерінде қалыпты жағдай болып саналады. Бұл тәжірибе Кеңестік Одақ кезінде 1961-1965 жылдары қолданылған көрінеді. Сондай-ақ бағдаршам жанындағы белгіге міндетті түрде бұрылудың қажеті жоқ. Ол белгі қызыл түске қарсылық көрсетпей, басқа көліктерге жол беріп, оңға бұрылуға рұқсат береді. Ақтауға осындай белгілерді орнатсақ, тек ұтарымыз хақ. Кептелістер азайып, жол қозғалысы жылдамдап және экологиялық жағдай да жақсарады.
Бұл белгі көліктерге бұрылуға рұқсат береді, басқа көліктер мен жаяу жүргіншілер қозғалысына ешқандай кедергі әкелмейді. Ресейдегі «Московский центр борьбы с пробками» мекемесінің сараптамасы бойынша, бұл белгі автокөлік кептелісін 15%-ға азайтады және жанармайдың үнемділігін 10%-ға арттырады. Қазір қаламызда жол қиылыстарында оңға бұрылуға мүмкіндік бар. Бірақ бағдаршамның қызыл түсі жанған соң, көліктер амалсыздан күтіп, жанармай және уақытын жоғалтып, кептеліс тудырып жатыр. Сондықтан белгіні тездетіп жол ережесіне енгізу қажет деп ойлаймыз. Егер де сенімсіздік болып жатса, нәтижесін байқау үшін 3-4 жерге белгіні қойып, тәжірибе жасап көруге де болады.
Ақтау көшелерінде бағдаршамға тағылған, аққа жасылмен салынған стрелкалы жаңа жол белгілері тұрады деп ойлаймыз.
Аманжол ОРАЗБАЕВ,
Қорғанбек БОЗТАЕВ,
Маңғыстау политехникалық колледжінің арнайы пән мұғалімдері