Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалы – «ХҚКО» департаментінің директоры Ербол Байжігіт, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалы – «ЖК ж ЖМТТ» департаментінің директоры Муса Хайруллиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Нұрбол Долдашев Түпқараған ауданында жұмыс сапарында болып, аудан активі және жұмыссыз жастармен кездесті.
Түпқараған ауданына қарасты мемлекеттік мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдары және БАҚ өкілдері қатысқан семинар-кеңесте алдымен сөз алған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова облыс бойынша мемлекеттік қызметке қабылдау, мемлекеттік қызметтің конкурс комиссиясынан өту мен тест тапсыру бойынша тоқталып, түсінік берді. Осыған дейін екі аудан мен Жаңаөзен қалаларын аралап келе жатқан департамент басшысы 9 айдың қорытындысы бойынша Маңғыстау өңірінде бос мемлекеттік қызмет орындары көп екені және жұмыссыз жастар көп бола тұра бұл көрсеткіштің төмендемеуіне мониторинг жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Маңғыстау облысындағы оның ішінде Түпқараған ауданына қарасты мемлекеттік мекемелердегі кадр қызметінің жай-күйіне тоқталған әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Маңғыстау облысында мемлекеттік қызметке келушілер және кетушілер санына, мемлекеттік қызмет бойынша өңірдегі бос орындар мен мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан шығуы себепсіз көбейгендігін қолға алып, себептерін анықтау жұмыстары жүргізілу керектігін жеткізді.
Тағы оқыңыздар: Маңғыстау қазынасы – тарихи мұраларҚазіргі таңда Түпқараған ауданында штат бойынша мемлекеттік қызметшілердің жалпы саны - 87 (нақты қызмет тегілердің саны - 78). Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша ауданның жергілікті атқарушы органдарындағы бос мемлекеттік лауазымдардың саны - 9 (немесе жалпы штат санынан алғанда - 10,3 %). 2017 жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша Түпқараған ауданының әкімдігінде мемлекеттік қызметтен өз еркімен кеткендердің саны 2017 жылдың басынан бері 7 адамға (немесе 8%) жеткен, ал орташа республикалық көрсеткіш – 4,8%.
Әлеуметтік желідегі суреттерге де абай болған абзал
Мемлекеттік қызметкер - жай қатардағы жұмысшы емес екені айтпаса да түсінікті. Білімі мен біліктілігі бір басқа, өзін ұстауы, сөйлеу мәнері, киім киісі мен ісінен үйлесім тауып, алдына келген халықты заң нормаларына сай қабылдай отыра, жауап беру жауапкершілігінің жүгі бар екенін тағы да естен шығармағандары абзал. Күндіз галcтук тағып, шікіриген ақ жағалылар ішінде кешке кафе жағалап, арақ-шарап ішкен суретін әлеуметтік желіде жариялайтындары да баршылық, бұл - әбестік. Бұл үшін әдеп жөніндегі кеңеске түсіп, әлгі қызметкердің тәртібіне сай жазасы да беріліп жатады.
Семинар-кеңесте осы жайттарды, Түпқараған ауданы бойынша мемлекеттік қызмет және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер заңнамаларының, сондай-ақ Әдеп кодексінің сақталуы бойынша атқарылған іс-шаралар жөнінде департаменттің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Н.Долдашев баяндама жасады. Атап айтқанда, департаментке жүгінген тұлғалардың саны өткен жылмен салыстырғанда 62% артқандығы, тиісінше тексерулер екі жарым есеге, заң бұзушылықтар төрт есеге дейін өскендігі байқалады. Бұдан басқа департамент өкілі бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға конкурс өткізу тәртібін бұзған, заңсыз қызметтен босатқан, мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамның табыстары мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбаған және мемлекеттік қызмет көрсету кезінде рұқсаттардың мерзімін және тәртібін бұзғаны үшін 16 тұлғаға барлығы 1 397 704 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынғанын көрсетті. Сонымен қатар, Маңғыстау облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған мәселелерге тоқталып, Түпқараған ауданы бойынша тәртіптік жазаға тартылған мемлекеттік қызметшілер сөз болды. Семинар-кеңес мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бағытында Түпқараған ауданына қарасты мемлекеттік органдарда 14 бақылау іс-шаралары жүргізіліп, нәтижесінде 13 қызметшінің әртүрлі дәрежеде тәртіптік жазаға тартылғаны аталып өтті. Бақылау шараларының бірі «Жасырын сатып алушы» жобасы болып табылады. Бұл орайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік тобымен Түпқараған аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және ішкі істер саласының көшіқон қызметтеріне қатысты іс-шаралар жүргізіліп, құжаттарды қабылдау кезінде мемлекеттік қызмет көрсету стандартында көзделмеген артық құжаттарды сұрату, қызмет көрсету орындары бойынша қызмет алушыларға нақты толық ақпараттар бермеу сияқты кемшіліктердің орын алғандығы айтылды. Іс-шара соңында мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі парақшаларына жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталған қызметтік әдеп нормаларын бұзу деректері қатысушылар назарына ұсынылды.
– Адам – ең әуелі адамгершілігімен, әдебімен көрікті болады. Бұл тұрғыда, аумақтық департамент мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларын сақтау бойынша «Әлеуметтік медиаларда (әлеуметтік желілер, блогплат формалар, форумдар мобильді мессенджерлер, комментарийлер және басқалар) мемлекеттік қызметшілермен аккаунттарды қолдану» әдістемелік ұсынымына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілерінің парақшаларына мониторинг жүргізіп отырады. Мониторинг көрсеткендей, Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының 9 мемлекеттік қызметшісі тарапынан өздерінің әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында ойын-сауық орындарда (кафелерде, демалыс орындарында спирттік ішімдікпен түскен суреттер, әдепке жат қылық етіп суреттейтін суреттер және т.б.) түскен суреттерін орналастырғаны белгілі болып отыр. Нәтижесінде 2 мемлекеттік қызметшіге «ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әрдайым аумақтық департаменттің бақылауында және егер алдағы уақытта осы мәселеге қатысты деректер орын алған жағдайда мекеме басшысының қатаң жауапкершілігі қаралатын болады. Өйткені агенттікпен «Әлеуметтік медиаларда мемлекеттік қызметшілермен аккаунттарды қолдану» әдістемелік ұсыным мекеме басшыларына берілді, – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Нұрбол Долдашев.
«Мемлекеттік қызметке келмейді» деген әңгімені айтпас бұрын ...»
Сонымен қатар, сөз соңында «Мемлекеттік қызметке келмейді» деген әңгімені айтпас бұрын, келтіре алмай отырған өзімізді қарауымыз керек», - деді Нұргүл Жанназарова.
«Мемлекеттік қызметке орналасудың ашықтығы туралы әңгіме жүргізуіміз керек. Жалақы көлемі де еңбекке қарай төлену жобасы жүзеге аспақшы. Астана қаласы әкімдігі бастап факторлық баллдық жүйемен жалақы ала бастайды. Бұл – еңбегіне қарай жалақы алу. Содан кейін кезең-кезеңмен барлық мемлекеттік қызметкерлерге өтеді. Маңғыстаудағы мемлекеттік қызмет саласындағы басты проблема – кадр тұрақсыздығы. Мемлекеттік қызметті себепсіз тастап кету, жұмыстан өз еркімен кету сияқты факторлар. Бұл жөнінде де жұмыс жасалып, шығу сұқбатымен жұмыс жасаудамыз. Ендігі жерде мемлекеттік қызметтен кетемін деушілер болса, өзім тілдесіп, себебін анықтайтын боламын», – дейді жаңадан тағайындалған басшы қайта сөз алғанда.
Жұмыссыз жастар аудан орталығынан курс ашуды сұрады
Семинар-тренингтен кейін жұмыс тобы аудандағы жұмыспен қамту орталығы арқылы тіркеуде тұрған жұмыссыз жастармен кездесті. Онда жастарды мемлекеттік қызметке шақыру бағытында сөз алып, жүрексінбей, елге қызмет ету керек екендіктерін жеткізді. Жастар тарапынан тестілеуден қайта өту жөнінде сұрақтар қойылып, мемлекеттік қызметке өту үшін арнайы тестілеу бойынша даярлайтын курстарды аудан орталығынан ашуға ықпал ету туралы ұсыныс жасалды.
Түстен кейін аудандағы Форт-Шевченко мектеп-интернатында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі, азаматтарды қабылдау және көшпелі бақылау ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бастамасымен және Түпқараған ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Форт-Шевченко қаласында «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің» жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеде Түпқараған ауданы әкімдігінің бөлімдері, ауданға қарасты ауыл әкімдіктері және «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалы департаменттерінің бөлімдерімен өздерінің көрсететін қызметтеріне қатысты әзірлеген бейнероликтерді көрсету, брошюралар мен парақшалар тарату, баннерлерде қызмет алу рәсімдері бойынша көрнекі ақпараттарды орналастыру, оның ішінде электронды қызмет түрлерін бір реттік құпия сөз және электронды цифрлы қолтаңба арқылы алу жолдары таныстырылды. Бұдан кейін департамент басшысы Н. Жанназаровамен және «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалы департаменттерінің директорларымен бірлесіп ХҚКО департаментінің Түпқараған аудандық бөлімінің ғимаратында азаматтардың қоғамдық қабылдауы жүргізілді. Шара кезінде азаматтар «жасырын қызметтерді» мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің Тізіліміне енгізу сияқты ұсыныс пікірлерін білдірді. Сонымен бірге, департамент басшысы Н. Жанназаровамен Түпқараған аудандық ішкі істер бөлімі, аудандық бөлімдер және аудандық әлеуметтік төлемдерді ведомство аралық есептеу орталығында көшпелі бақылау жүргізілді.
Милана ЕЛЕУСІНОВА