Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеде ауылшаруашылығы қызметкерлерінің мерекесіне орай жиын өтті. Басқосуға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, оның орынбасарлары, аудан, ауыл әкімдері, қаржы ұйымдары және шаруалар қатысты. Жиынға қатысушылар ауылшаруашылығындағы өзекті мәселелерді талқылап, ой-пікірлерін ортаға салды. Жиында облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Қалдығұл осы жылы атқарылған жұмыстардан хабардар етті. – Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығының негізі – дәстүрлі мал шаруашылығы, оның ішінде қой, түйе және жылқы шаруашылықтары. Маңғыстау облысында 12651,3 мың га жайылымдық жер бар. Өңірде мал шаруашылығында 1233 шаруа қожалығы және 24571 үй шаруашылығы бар. Шаруашылықтар негізінен Бейнеу ауданында 220, Қарақия ауданында 338, Маңғыстау ауданында 379,Түпқараған ауданында 157, Мұнайлы ауданында 139 шаруашылық бар. Осы жылдың 1 қазанындағы көрсеткіш бойынша қой-ешкі – 394 253 бас, ірі қара – 17671, жылқы – 68386 бас, түйе – 56 667 бас, құс 36 501 басты құрады. Өңірде 36 асыл тұқымды қой, жылқы, түйе, ірі қара мал шаруашылығы бар. Облыс көлемінде 2015 жылы 49 мың тонна, өткен жылы 50,5 мың тонна шөп шабылды. Осы жылы 50 мың тонна шөп шабу жоспарланса, бүгінде 40 мың тонна пішен шабылды. Жайылымды суландыру Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылы – 8, 2015 жылы – 64, 2016 жылы –73 құдық қазылса, 2017 жылдың 9 айында 28 құдық қазылды. Су көзіне сұраныс беруші шаруаға осы мақсатқа жұмсаған шығынының 80%-ы субсидия түрінде беріледі, – деді Серік Сырымұлы. Оның айтуынша, егін шаруашылығында 120 шаруашылық және 13593 үй шаруашылығы бар. Егін алқабы өткен жылы 941 га болса, биыл – 1100 га. Өңірде 2014-2015 жылдары 15 жылыжай кешені болса, 2017 жылдан бері 5 өнеркәсіптік және 21 фермерлік жылыжай кешендері жұмыс жасап тұр. Аталған жылыжайлардан биыл 11500 тонна өнім алынған. Келесі жылы 7 гектар аумаққа 5 жылыжай салу жоспарланған. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов келешекте Құрықта су шығаратын зауыт салынатынын айтып, Құрық пен Ақтаудың арасында егін шаруашылығын дамыту қажеттігін назарға берді. Ауылшаруашылығы саласының негізгі индикаторларына келсек, 2017 жылдың 9 айында ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 8924,2 млн.теңге болып, нақты көлем индекс 104,6 %- ды құрады. Жиында облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Қалдығұл қайта өңдеу саласы, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету бағытында жасалып жатқан жұмыстарды баяндады. Басқосуда аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы өңірдегі өндірістік компаниялардың және мемлекеттің көмегімен орта және шағын бизнесті дамытам деген азаматтарға несие 1 пайызбен берілетінін, бұл бастама Жаңаөзен қаласынан бастау алатынын жеткізіп, ауылшаруашылығы саласына басымдық берілетінін хабарлады. Аудан-ауылдардан өндіріс орнын ашып, жаңа жұмыс орындарын құратын кәсіпкерлерден жаңа жобалар күтетенін айтты. Жиында «Тұманша» шаруа қожалығының өкілі газ тарту, субсидия беру, салықтан босату мәселесін көтерді. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Қалдығұл шаруаның құжаттары талапқа сай келмейтінін айтып, жыл аяғына дейін бұл мәселелер шешімін табатынын жеткізді. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов шаруаларға қағаздарды дұрыс толтыру үшін семинар өткізуді тапсырды. – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы биылдан бастап ауылшаруашылығы саласын дамыту бойынша жұмыс жасап бастады. Республика бойынша біздің облысымыз ауылшаруашылығы саласында кооперативтерді құру бойынша индекативтік жоспарға кірген жоқ. 2015 жылы заң шықса да, облыста бір ғана кооператив болды. Мәселен, осы уақытта Қостанай облысында 93 кооператив құрылды. Жыл басынан бері ауылдарда шаруалармен кездесіп, түсінік жұмыстарын жүргізуіміздің нәтижесінде қыркүйек айындағы есеп бойынша 17 кооператив тіркеуден өтті. Оның ішінде іске кірісе алмай жатқандар да, жұмысын бастап, несие алып, кәсібін бастап кеткендер де бар. Мысалы, Бейнеу ауданындағы «Бергенбек» кооперативінің 20 мүшесі бар. «Ынтымақ» бағдарламасы бойынша 35 млн.теңге көлемінде несие алып, жұмысын бастады. Бейнеу ауданында 5, Маңғыстау ауданында 4, Жаңаөзенде 4, Қарақияда 2, Мұнайлыда 2, Түпқарағанда 1 кооператив бар. Осылардың 50 пайызы жұмысын жүргізуде. Кәсіпкерлердің жер мәселесіне байланысты «Агрозона» бастамасын қолға алдық. Халық көп шоғырланған аудан орталықтарында, қаланың айналасында жер табу қиын, инфрақұрылым жоқ. Инфрақұрылым болғанда да күші жетпейді. Сондықтан биыл Бейнеуден басқа жерде «Агрозона» үшін жер телімдері бөлінді. Инфрақұрылым салынса, кәсіпкерлерге бөліп, жылыжай салуға жұмыстанамыз. Халық мемлекеттен берілетін қолдауды, көмектерді біле бермейді. Біздің палата қаржылай қолдау болса, әр аудан, ауылдарды аралап, түсінік жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр, – деді палатаның өңірлік филиалы директорының орынбасары Нұржігіт Хайруллаев. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов аудан әкімдеріне шаруаларды оқыту жоспарын жасақтауды, кооперативтердің нақты жұмысы туралы мәлімет беруді тапсырды. – Біздің қор арқылы осы жылы 118 азаматқа 401 миллион теңгеден астам қаржы берілді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 284 млн.400 мың теңге бөлінді. Қаражат маусым айында түсті. Тамыз айында толық игердік. Қор басқа да бағдарламалар арқылы 117 млн.теңге несие берді. Несиенің мақсатты жұмсалуын қадағалап отырамыз. Берілген несиенің 75 пайызы ауылшаруашылығы саласына бөлінеді. Несие көлемі жеткіліксіз. Жыл сайын мемлекеттік бағдарламамен бөлінетін қаражат мамыр, маусым айында беріледі. Бұл қаражатты аудару мерзімін наурыз айына дейін алуды шешіп беруіңізді сұраймын. Облысымызда алғаш рет ауылшаруашылығы кооперативтерінен өтініш қабылдап, қаржыландыруды бастадық. Бейнеудегі кооператив біздің қор арқылы 50 пайыздық субсидиямен 35 млн.теңге алды. Біз «Бастау-бизнес» жобасы бойынша оқыған кәсіпкерлер үшін 90 млн.теңге қосымша қаражат қарастырып, өтініш қабылдаудамыз, – деді «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Мұрат Баймағамбетов. «Байболат» шаруа қожалығының жетекшісі Тәжіхан Ізтұрова әріптестерін мерекемен құттықтап, асыл тұқымды жылқы, түйе өсіретінін, шұбат, сүт өнімдерін саттыққа шығарып отырғанын, мемлекеттен субсидия 1 литр 55 теңге,еттің 1 келісіне 90-92 теңге алатынын айтты. Шаруалардың атынан сөйлеген кәсіпкер бұл баға барлық шаруалар үшін төмен екенін айтып, шешімін тапса деген ұсыныс- тілегін жеткізді. «Қарағантүбек» шаруа қожалығының жетекшісі Сәндібек Қосуақов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы көмекші шопанға айына 45 мың теңге айлық төлеу, 2015-2016 жылы құдық көп қазылғанын, биылғы жылдан бастап құдық қазуға субсидия беру ережесі өзгергендіктен құдық қазу саны азайып кеткенін айтты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілі көмекші шопандарға айлық төлеуге болатынын айтса, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Қалдығұл құдық қазу ережесіне байланысты министрлікке ұсыныс берілгенін жеткізді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ералы Тоғжанов ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан кәсіпті қолдауға дайын екенін, саладағы мәселелер шешілетінін хабарлап, өңірде жемісті еңбек етіп жүрген шаруа қожалықтарының басшыларын алғыс хатпен марапаттады.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40656,40655,40654,40653,40652,40651,40650,40649,40648,40647,40646,40645,40644"]