Әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыс әкімдігінде салтанатты жиын өтіп, сала қызметкерлері мен ардагерлері марапатталды. Еңбек жолын әлеуметтің әл-ауқатын арттыру, халықтың табысын молайту және аз қамтылған отбасылар мен мүгедектерге жәрдем көрсетуге арнаған мамандар мерекеде құрмет пен ыстық ықыласқа бөленді. Облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, ақжарма лебізін білдірді. Республика бойынша әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері арасында өткен сайыста «Ең үздік жұмыспен қамту орталығы» аталымы бойынша жеңімпаз атанған Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Зәуреш Нұрболатқа, «Ең үздік әлеуметтік қызметкер» аталымы бойынша үздік деп танылған Ақтау қалалық үйден әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бөлімше меңгерушісі Нуминат Мусинаға, «Ең үздік медициналық әлеуметтік мекеме» аталымы бойынша топ жарған №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығының басшысы Күләш Қалиеваға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алғыс хаты табысталды. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова халықты «Өрлеу» жобасына тарту бойынша жоғары нәтижелер көрсеткен Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту орталығының ассистенті Бақнұр Мырзаханова, Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Людмила Капчагина ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталы. Маңғыстау облысының әлеуметтік қорғау жүйесіне қосқан үлесі мен адал еңбегі үшін бірқатар сала қызметкерлеріне аймақ басшысының орынбасары Шолпан Илмұханбетованың және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының алғыс хаты табысталды. Жоғары кәсібилік, саладағы көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеттілігі, әлеуметтік еңбек саласына қосқан елеулі үлесі үшін ардагерлер марапатталып, құрметке бөленді. – Басқа облыстардың ішінен үздік шығып, республика көлемінде «Ең үздік жұмыспен қамту орталығы» атанғанымызға қуаныштымыз. Астана қаласында Еңбек күніне орай өткен форумда марапатталдым. Бұл – ұжымның еңбегінің жемісі. Ұжымда 14 адам жұмыс жасайды. Мұнайлы ауданында жұмыссыздар есебінде 3363 адам кезекте тұр. Жыл басынан бері ауданда 2283 жаңа жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 1878 жаңа жұмыс орны ашылып, 1256 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы 17 адамға өз кәсібін бастауы үшін 60 млн.550 мың теңге несие берілді. Барша әріптестерімді мерекемен құттықтап, дендеріне саулық, еңбектеріне табыс, отбасыларына бақ- береке тілеймін! – деді Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Зәуреш Нұрболат.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40790,40793,40789,40788,40791,40794,40795,40792,40787"]