©
Анасының мейірім жылуын сезіп, асқар таудай әкесінің қамқорлығын көріп өскен баладан бақытты бала жоқ шығар. Отбасының құндылығы азайып, ар-ұят, намыс, ождан секілді қазақ халқы жаннан қымбат санаған қасиеттер кеміп, қоғам санасы уланғаны ащы шындық. Соның салдарынан бүгінгі қоғамда жетім-жесір, жауапсыз әке, «көкек ана» көбейіп, бұл мәселе қазіргі уақыттың асқынған дертіне айналды.
Қырық жыл қырғын болса да, ажал жетпей шаңырағын шайқалтпаған әкелер, тағдырдың қанша тауқыметін көрсе де мойымай, баласын мойынына салып жүріп жеткізген аналар көп еді бұл елде. Өкінішке орай, тағдырдың ыстығы мен суығын бірге көтеретін жандар азайды. Мәселен, Маңғыстау облысында жыл басынан бері – 2727 неке заңдастырылған, осы уақыт ішінде – 872 неке бұзу дерегі тіркелген. 2016 жылдың осы кезеңі мен салыстырғанда некенің бұзылу дерегі 27-ге артқан. Қаңтар-шілде айларында 10 мың 814 сәби дүниеге келген.
Мемлекетіміздің шағын мемлекеті саналатын шаңырақтың шайқалуына әртүрлі жағдайлар себеп болуы мүмкін. Күнделікті қызмет барысында кездесетін деректерге тоқталсақ, отбасында перзенттің болмауы, түсінбестік, мінездердің жараспауы, ішкілікке салыну, зорлық-зомбылық, тұрмыстың тауқыметі және тағы да басқа себептерге байланысты неке бұзу деректері орын алған. Ата-бабаларымыз айтқандай, орынсыз қызғаныш орға жығатынында естен шығармауымыз қажет. Мұндай жағдайлардың соңы кейде қанды оқиғаменде аяқталып жатады. Неке бұзу ісін қарау барысында ажырасу себебін сұрағанда әйелдердің көбі жолдасының табыс таппайтынын, жатыпішер жалқау екенін, жұмысқа орналаспайтындығын алға тартады. Егер ер азамат отбасын құруға, бір жанұяны асырауға дайын болмай, соқыр сезім мен үйленер болса, оның соңы ажырасуға әкеп соғуы мүмкін. Себебі әйелзаты ер адамға арқа сүйеп, қамқорлық пен мейірім күтеді.
Тағы оқыңыздар: Қаражалғас кім болған?Некенің бұзылуына әкеп соғатын осы аталған жағдайлардан басқа да өте көп себептер бар.
Қоғамның бір бөлігі саналатын отбасының берекесі қашпай, іші жылулыққа толы болуы ер мен әйелге теңдей байланысты. Сол себептен жаңа отау құратын жастар ерінбей еңбекпен айналысып, шаңырақтың шырайын келтіру үшін бірге жұмыстанса ажырасу да, жетім балалардың саны да азаяр еді.
Райхан ЕРЖАНОВА,
Ақтау қалалық №2 сотының судьясы