©
Облыстық статистика департаментінде "Ашық есік күні" өтті. Бұл шара осы мекеменің 8-қарашада өтетін төл мерекесіне орай ұйымдастырылып отыр. Біз келгенде статистика департаменті кабинеттерінде қарбалас басталып кетіпті. Тартымдылығы, безендірілуімен ерекшеленіп, ажар жарыстырған жарнамалық буклеттер, ақпараттық кітапшалар, мекеме қызметіне қатысты жан-жақты мәліметтер беретін нұсқаулықтар да осында қойылған. Келушілер де бүгін әдеттегіден көп. Оларды қабылдап, кеңес-бағыт беріп жүрген қызметкерлердің де қимылы белсенді көрінеді. – Статистика департаментінде "Ашық есік күнін" өткізудегі мақсат – респондеттерімізге статистика саласында қандай нысандар бар, бұл нысандарды қалай өңдейміз, басқа да күнделікті жұмысымызда еніп жатқан жаңалықтарды айтып беру. Азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар, басқа да тауарлардың бағаларын, ауыл шаруашылығы, өндіріс, сауда саласында да жүретін маңызды есептерді жариялап отырамыз. Бұл статистикалық нысандардың бәрі, респонденттер статистикалық жоспар бойынша тапсырылады, – дейді облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Райра Қабдрахманова. Райра Едресқызы бүгінгі таңда статистикада көп жеңілдік жасалып отырғанына тоқталып өтті. Респонденттер қағаз жүзінде ғана тапсырмай, онлайын режімінде үйлерінде, өздерінің компьютерлері арқылы есептерін жіберіп отырады. Статистикалық есептердің сапасы да соған байланысты болады. Жасыратыны жоқ, тұтынушылардың арасында статистикалық мәліметтердің дәлдігіне сенімсіздік білдіріліп жататын жағдай кездеседі. Әрине, көрсеткіштер жайдан-жай жазыла салмайды. Бұл ретте, маманның айтар уәжі де бар. – Статистика саласында мәліметтер өзіміздің стандартқа сәйкес жиналады. Заңмен, үкіметпен бекітілген нысандар бойынша алынады. Азық-түлік бағалары жөнінде келетін болсақ, сатылу орындары бойынша, супермаркет болсын, жеке кәсіпкердің дүкені болсын белгіленген 10 негізгі объект бойынша мәлімет жиналады. Баға тізіміне сүйенеміз, қандай баға жазылған, соны басшылыққа аламыз. Қазіргі мәліметтер қағаз күйінде тапсырылып келді, 2018 жылдан бастап планшет түрінде алынады. Планшетке енгізіліп, сол бойда ақпарат кететін болады. Сондықтан статистикалық мәліметке ешқандай күмән болмауы тиісті, – дейді департамент басшысы орынбасары. Өкінішке орай, статистикалық мәліметке жүгінсек, тұтынушы себеті бойынша 14 облыс 2 қала ішінде біздің өңірде азық-түлік бағасы тым жоғары. Мұның себебі, өзімізден өндірілетін тауарлар жеткіліксіз, көкөніс, жеміс-жидектер сырттан, Өзбекстан, Түркменстан, Ресей,Әзербайжан, Иран елдерінен тасымалданады. Түйін бірден шешілмесе де жергілікті жерлерде жылыжайлардың салынуы, шаруа қожалықтары санының өсуіне байланысты көкөніс бағасының әсіресе жаз, күз айларында түсуі байқалады. «Каспий-Берекет» мекемесіне қарасты 23 павилион арқылы ұн, күріш, секер, май сияқты бірінші қажетті тауарлар қол жетімді бағамен сатылуда. Осының бәрі статистикалық ақпаратта көрініс тауып отырады. Еліміздің дамуына, өлкеміздің өркендеуіне статистика мамандарының қосып отырған үлесі аз емес. Статистикаға сенімділік- алға басудың кепілі. Әрбір мекеме, кәсіпкер статистикалық мәліметке жүгініп, жұмысын жоспарлап, меже белгілейді. – Біз жұмысымызды, статистикалық мәліметтерді БАҚ құралдары, әлеуметтік желілер арқылы жариялап, көрсетіп отырамыз. Көпшілік www.stat.qov.kz сайтына кіріп те қажетті ақпаратты алуына болады, – дейді облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Райра Қабдрахманова. Иә, статистикалық мәліметтің нақты толтырылуы сапаның көрсеткіші. Ашық есік күнінде мамандар келушілерге жан-жақты ақпарат беріп, осы жайында әңгіме етті.Болат ҮМБЕТОВ