©
Жаңаөзен қаласында 23-27 қазан аралығында облыстық «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Акцияға Жаңаөзен қалалық Ішкі істер басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің 4 қызметкері, жергілікті полиция бөлімінің 20 қызметкері, яғни жол-патрульдік полициясы, учаскелік полиция, ювеналды полиция тобы және Toyota Hiace, Lada Priora автокөліктері жұмылдырылды. - Бес күн бойы жүргізілген акцияның мақсаты - қала тұрғындарына құқық бұзушылық бойынша салынған айыппұлдарын уақытында өтеуге үгіттеу. ҚР Кодексінде айыппұлдар бойынша жеңілдік берілген. Егер салынған айыппұлды 1 апта ішінде төлер болса, айыппұл 50 пайызға қысқарады. Осы жөнінде тұрғындарды ақпараттандырамыз. Сондай-ақ, айыппұл өтеу уақыты өтіп кеткен көлік жүргізушілерінің автокөлігі айып тұраққа жөнелтіледі, - дейді қалалық ІІБ-ның әкімшілік полиция бөлімі әкімшілік практика тобының инспекторы полиция аға лейтенанты Қабылбек Қаттабекұлы. Шара аясында, яғни 23-26 қазан күндерінің қорытындысы бойынша 18 автокөлік айып тұрағына жабылып, осы төрт күн ішінде 13 автокөлік иелері айыппұлдарын өтеп, көліктері босатылған. 140 әкімшілік құқық бұзушылардың ісі сот орындаушыларға, ал 71 борышкердің жұмыс орнына ескерту хаты жолданған. Жалпы, қала мен іргелес ауыл тұрғындарына 149 ескерту хаты таратылған. Айта кетер болсақ, дәйекті мәліметтер бойынша жыл басынан бері 28 384 хаттама толтырылып, 21 041-не айыппұл салынған, яғни бұл 166 миллионға жуық қаржыны құрайды. Соның бүгінгі таңға дейін 11922-сі, 99 млн-нан астам қаражат өндірілген.Жаңаөзен-Ақпарат