©
Жексенбі күні «EXPO & WOMEN» халықаралық ұйымының Маңғыстау облыстық филиалы «Ақбота» саябағына 60 тал отырғызды. Шара «Өз ағашыңды отырғыз!» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды.
- Бүгін Ақтау қаласындағы ботаникалық бағымен бірлесіп «Ақбота» саябағына 60 жас шыбықтарды отырғыздық. Жалпы бұл шара 30 қыркүйек пен 30 қазан аралығында қолға алынған «Өз ағашыңды отырғыз!» республикалық акциясы аясында өтіп жатыр. Әлеуметтік желілерге саябаққа тал отырғызу жөнінде хабарландыру берген болатынбыз. Сондықтан да бүгінгі шараға қала тұрғындары мен этно-мәдени бірлестік өкілдері қатысуда. Мұндай шара күз және көктем айларында тұрақты түрде өткізіліп тұрады, - дейді «EXPO & WOMEN» халықаралық ұйымы Маңғыстау облыстық филиалының төрайымы Насипкуль Сейдалиева.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын!» деген ұстаныммен саябаққа жас шыбықтарды отырғызуға келгендердің қатарында қала тұрғыны Айжан Құттыбаева да бар. Екінші топтағы мүгедек ана 12 жасар ұлымен бірге ағаш отырғызып, саябақты көгалдандыруға үлес қосты.
- Бүгінгі шара жайында әлеуметтік желіден оқып, балам екеуміз тал егуге үлес қосқанды жөн санадық. Ертеңгі күні ұлым ержетіп, балалары болғанда «Анам екеуміз отырғызған ағаштар» деп көрсететін болады. Бүгін өзіміз отырғызған ағаштардың саясына жазда келіп, демалатын боламыз. Жалпы қаланы көгалдандыру үшін барлығымыз атсалысуымыз керек деп ойлаймын, - дейді Айжан Құттыбаева.
Айта кету керек, «Ақбота» саябағы 2003 жылы сот шешімімен қалалық әкімдікке қайтарылды. Саябақты қалпына келтіріп, халық демалатын көрікті орынға айналдырып, абаттандыру үшін облыс қазынасынан 190 млн. теңге бөлінді. Ақтау қалалық тұрғын үй коммунальдық шаруашылығы бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, жыл басынан бері саябаққа 1381 жас шыбықтар отырғызылған.
Венера МИРЛАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40391,40390,40392"]