Жаңаөзенде оңалтудан өткен 29 бала мектепке барды
[ 2017 ] 19 қазан, 06:45 | Қоғам
Жаңаөзенге іссапары барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысы білім басқармасының «Оңалту орталығының» қызметімен танысты.
«Арай» шағынауданынан салынған 320 орындық балабақшаға оңалту орталығымен қоса «Аймақтық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация» ММ (ПМПК) қоныс аударған. Бүгінге дейін оңалту орталығы, аймақтық ПМПК мекемелері «Жаңаөзен арнайы жалпы білім беретін және мектепке дейінгі ұйым» ғимаратының бір бөлігінде орналасқан болатын. Аймақтық ПМПК мекемесінің міндеті Жаңаөзен қаласы және Қарақия, Маңғыстау аудандарына қарасты аймақтың 18 жасқа дейінгі балалардың психикалық бұзылыстары туындаған проблемаларды еңсеру үшін маманның қажетті кеңестері беріледі. Ерекше білім беруді талап ететін балаға білім беру бағдарламасын белгілеу үшін психологиялық, медициналық, педагогикалық консультациялар көрсетіледі. Аймақтық ПМПК-ға аталған нысанның ішінде 2 топ кабинеттер берілген. Орталықтың міндеті сөйлеу, көру, есту, тірек қимыл-қозғалыс аппараты бұзылған, оқып үйрену, адамдармен байланыс орнатуда қиындық туған он сегіз жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге психологиялық-педаогикалық түзеу мен оңалту түрінде кешенді көмек көрсету. Балалар орталыққа міндетті түрде аймақтық ПМПК қорытындысымен қабылданады.
- Қазіргі таңда оңалту орталығында логопед, дефектолог, психолог, сурдопедагог сынды мамандарымыз жұмыс жасап отыр. Олардың барлығы дерлік Алматы қаласында арнайы орталықтан үш жыл сайын білімдерін жетілдіреді. Материалдық-техникалық базамызда психолог, логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог кабинеттері, емдік-дене шынықтыру залы, акт залы, сенсорлық бөлме, массаж кабинеті, асхана қарастырылған. Жаңа ғимаратымызда 13 топ ашылып, 210 баламен жұмыс жасалуда. Кезекте тұрған басқа балаларды ата-аналары әкеліп, арнайы мамандардан түзету жұмыстарын алып кетеді, - дейді орталықтың директоры Жарқын Нұртаева.
Оңалту орталығындағы барлық топтардың күн тәртібі бекітілген. Балаларды таңертең қабылдаған соң, ертеңгілік жаттығулары жасалады. Таңертеңгелік ас берілген соң тәрбиеші мен мамандардың түзету-дамыту жұмыстары жүргізіліп, гигиеналық шаралар, серундеу, түскі ас пен түскі тынығуға уақыт беріледі. Түстен кейін де дәл осы алгоритм қайталанады.
Өткен жылы оңалту орталығынан 29 бала шығарылып, олар мектепке алғашқы дайындыққа және бірінші сыныптарға қабылданған.
«Жұлдызай» және «Мейірім» топтарының кабинеттеріне кірген облыс әкімі тәрбиелеушілермен сөйлесіп, балалардың демалатын, дене шынықтыру бөлмелеріне кірді. Оңалту орталығының тәрбиеленушілері дайындаған арнайы концерттік қойылымдар да тамашаланды. Аймақ басшысы орталыққа смарт теледидарды сыйға тартты.
Әсел ҚОЙШЫБАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="39470,39464,39463"]
1295
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.