«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асыру мақсатында облыс орталығындағы «Жастар үйінде» бос орындар жәрмеңкесі өтті. Басты мақсат – жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік жұмыс орындарын құруға жұмыс берушілерді кеңінен тарту, сонымен қатар жұмыс күші тапшы өңірлерге тұрғындардың көшуін ынталандыру мақсатында Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына көшу бағыттары жөнінде кеңінен ақпарат беру.
– Біз бүгінгі жәрмеңкеге қатысуға 40 шақты мекемені шақырғанбыз, солардың 18-і өздеріндегі бос орындарды ұсынуға келді. Сонымен қатар, Ақмола облысы Көкшетау қаласынан «НовоПек» ЖШС кәсіпорыны келіп, өздеріне 100 шақты жұмысшыны қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл – биыл біздің тарапымыздан өткізіліп отырған алтыншы жәрмеңке. Осыған дейін ұйымдастырылған бес жәрмеңкенің қорытындысымен 50–ден астам адам жұмыспен қамтылды, – дейді Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Қытай Құсайынова.
Жыл басынан бері Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеген 5500 азамат хабарласқан. Олардың ішінде 760 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 350-і жастар тәжірибесі бойынша қамтылып, 125 адамға әлеуметтік жұмыс орындарына ұсынылған. Одан бөлек 210 адам компьютерлік сауаттылық, сурдоаудармашы, консультант, әлеуметтік қызметкер, аспазшы, электромонтер, слесарь мамандықтары бойынша оқытылған. Оқыту курсы 1 айдан 6 айға дейінгі қысқа мерзімде жүргізілген.
– Оқуын аяқтаған азаматтарды үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, жұмысқа орналастыруға тырысып жатырмыз. Компьютерлік сауаттылық бойынша курстарды адамдардың көпшілігі өздері үшін оқуда. Мысалы, қазіргі таңда кең таралған әлеуметтік желілерді пайдалана білу, электронды қызмет түрлерін алуды үйрену үшін, яғни электронды түрде анықтама алу немесе электронды-сандық қолтаңбаны қолдануды меңгеруді көздейді, – дейді Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Қытай Құсайынова.
Жәрмеңкеге қаладағы 18 мекемеден 250-ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылды. Ақмола облысы Көкшетау қаласынан «НовоПек» ЖШС кәсіпорынының басшылығы мекемеге 100 шақты адамды тұрақты жұмыспен қабылдауға қауқарлы екендігін айтты. Және оларды 1 айлық курстан өткізіп, біліктілік емтиханын тапсырғаннан кейін жаңадан ашылған қаптама тігу кәсіпорнына жабдықтар машинисті және тігін машинисі етіп жұмысқа қабылдайтынын да жеткізді. Кәсіпорын басшылығы тегін жатақхана мен 22 күндік вахталық қызметті де ұсынды. Одан бөлек, ер азаматтарды жабдықтар операторы мамандығына шәкіртақы төлеумен, тегін оқытып, жұмысқа қабылдамақ ниетте. Отбасылы жұмысшыларды да жанұялық жатақханамен қамту мүмкіндіктері де қарастырылған.
Екі сағатқа созылған бос орындар жәрмеңкесінің қорытындысында жұмыс іздеушілерден 150-ге жуық түйіндеме жинақталды. Айта кету керек, жәрменке барысында екі адам №26 «Карлығаш» балабақшасына тұрақты жұмысқа орналасты.
– Қыркүйек айынан бері жұмыссызбын. Мамандығым техник-технолог. Түйіндемемді тапсырдым, енді сүйінші жаңалық күтемін. Осындай бос орындар жәрмеңкесі сияқты шаралардың жиі өткізілгенін құптаймын. Бұл арқылы көптеген жұмыссыз адамдар жұмыс табу мүмкіндігіне ие болады деп ойлаймын, – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Бағдат Өтепов.
Венера МИРЛАН