©
Еліміздегі биік мінберлерден қызу талқыланып жатқан бүгінгі күннің өткір мәселесінің бірі осы. Өткір ғана емес, бір арнаға түсіп, шешімі табыла қоймаған мәселе! Көп көңілінен шығу, біртұтас халықтың қазыналы тілін таңбалау да оңай болмасы анық, дегенмен ғалымдар аянып жатқан жоқ. Солардың бірі, қазақ әліпбиінің латынша таңбалануына өз үлесін қосып, өз жобасын ұсынып жүрген біздің жерлесіміз, жаңашыл-мұғалім Қуантқан Ванов. Тағы бір бауырымыз Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту орталығының директоры Ербол Тілешевтің жобасы Парламентте қаралып жатыр. Қазақ тіл білімі институтының жобасы тағы бар. Құр алақан емеспіз. Енді солардың ішінен іріктеп алу қалып тұрған сыңайлы. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев: «Абай болу керек, қателеспеу керек. Ең бастысы барлығына қолайлы әліпби нұсқасын дайындап, талқылап, бір әліпбиді таңдау керек. Арнайы құрылған комиссия жұмыс істеп жатыр» деген болатын. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде соның алғашқы нәтижесін көрсеткен топ дайындаған латын әліпбиінің жаңа үлгісі таныстырылып, «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» деген тақырыпта парламенттік тыңдау өтті. Ербол Тілешевтің Парламенттік тыңдауға ұсынған Жаңа латын әліпбиі 25 таңба мен 8 диграфтан (қостаңба) тұратындығы белгілі болды. Ол қазақтың төл дыбыстарын латын әліпбиінде қолданылу барысын: «Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды. Біз латын әліпбиіне көшу бойынша комиссия мүшелері ақылдаса келіп 25 дыбыстан тұратын әліпби нұсқаларын жасап шықтық. Онда қазақтың ң, қ, ғ, ө, ә қатарлы дыбыстық таңбаларын латын әліпбиінде қалай жазылатындығы көрсетілді. Мысалы ә – ае, ө – ое, ғ – gh, ч – ch, ж – zh, ш – sh, ү – ue түрінде қолданылуы қиындық тудырмайды» деген еді. Біздіңше, ғалымдар 5 ай уақытын осы жоба үстінде сарп еткенмен, таңба санын қысқарту әзір қолдан келмей тұрған секілді, қостаңбалы әріптердің есебінен жазу ұзарады. «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» дeмекші, сөзіміз одан бетер ұзара түсетін болды. Мысалы қараңыз: жазбаша-Zhazbasha «Ал орыс тілінен енген ц, ф, х, в секілді әріптер де латын әліпбиінде қолданыс табады» деп түсіндіргенмен, «Парламент қарауына ұсынылған жаңа латын әліпбиінің нұсқасы әлі қоғамда сан мәрте талқыланады. Нақты нұсқа әзірге бекітілген жоқ» деген хабарламаға қарағанда, бұл соңғы нұсқа емес. Сол секілді жерлесіміз Қуантқан Вановтың да «Ана тілі» газетінің 2017 жылдың 15-21 маусым күнгі № 24 санына жарияланған «Латын әліпбиі туралы ой» мақаласында ұсынылған фонетикалық таңба нұсқасы көңілден шыға қоймады. Көңілге қонымды нұсқа Қазақ тіл білімі институтының нұсқасы дер едік. Бұл әрине, жеке пікіріміз, сонда да әзірге ұнағаны осы нұсқа болып тұр. Бұрын 42 таңбамен де жазып жүрдік, бұл нұсқа бойынша 32 таңбамен жаза аламыз. 10 таңба қысқарған. Қосарлы таңба жоқ. Ноқат пен дәйекше, төменгі ирек белгілер компьютерді қолданатын көпшілікке көп қиындық туғыза қоймасы белгілі. (Қазір қолмен жазу аз) Сондықтан бұл нұсқаның алдыңғылардан артықшылығы бар деп ойлаймыз. Әлеуметтік желіде жаңадан ұсынылған әліпби жобасына қатысты айтылып жатқан пікірлер өте көп, соның бірі Эльдар есімді азамат өз пікірін былай білдірген:..#EieldarЕмеспін! Жаңа әліпбиде атының бас әрпін таңбалайтын әріптің жоқтығына назаланған жігіттің жанайқайы бұл! Сондықтан қазіргі тілімізде бар дыбыстардың таңбасы түгел болғаны дұрыс секілді және қосарлы әріппен емес. Әлеуметтік желіні пайдаланушылар да бұл мәселені қызу талқылау үстінде. Солардың бірі Парламентке және жалпы талқыға ұсынылған латын әліпбиі нұсқасының кемшіліктерін былай тізбелепті: «— Көптаңбалылық. — Дыбыстарды жоғалту қаупі. — Жаңа ереже. Орфографиядан бастап басқа да жаңа ережелер бәрінің миын ашытатын болады. — Ұсқынсыздық. h,y,n,g әріптері бір бірінің қасында жиі көрінетін болады. Нәтижесінде мысалы «жағыңның» деп жазу үшін «zhaghyngnyng» деп жазуың керек болады. Латынды қолданатын басқа халықтардікін қарайтын болсақ, немістер түк қиналмай-ақ Ä-ä, Ü-ü, Ö-ö таңбаларын қолданып жүр. Еуропаның көп халқы асты-үстімен түрлі таңбалар қолданады. Еш мәселе жоқ бұнда». «Өзіме әліпбидің осы нұсқасы қатты ұнайды. Қараңыздаршы - 32-ақ әріп, тап-тамаша көрінiп тұр. Ең бастысы, бiр дыбыс - бiр әріп принципі сақталған. Қабылдасақ осы нұсқаны қабылдаған жөн болар еді», - дейді қазақ тіл білімі институты нұсқасы турасында тағы бір желі пайдаланушы. Сүлеймен Демирел атындағы университеттің оқытушы-профессоры Құралай Күдерина: - Қосар әріппен жазу – қазақ және түркі тарихында болып көрмеген. Ғалымдардың ешқайсысы бұл жобаны қолдамайды, - деді. Жалғанбалы тіл болғандықтан онсыз да ұзын тілді жазғанда енді сала құлаш сөздер пайда болуы мүмкін. Кешеңдеу қимылдайтын әдетімізше біз басқа түркітілдес өзбек, түрікмен, әзірбайжан секілді көршілерімізден кейіндеу қалып қойдық, бірақ аңысын аңдап, олардың тәжірибесінен сабақ алып, төл әліпбиімізді жетілдіруге жұмыстанып жатырмыз. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз, осының барлығы, қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады. Себебі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, қазақ тілі – ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру, біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор», – деп әліпби реформасының маңыздылығына тағы бір тоқталып өтті. «Жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор» болғандықтан да олар, шетел қазақтары осы күнге дейін пайдаланып келген әліпби нұсқаларын негізге алған жөн болмай ма? Ал Түркия қазақтары пайдаланатын әліпби соңғы нұсқаға жақын және қиналмай оқуға болады. «Осы нұсқа дұрыс сияқты. Сіздер қалай ойлайсыздар?» депті Рахат Ғизатолла, Жалын Бәли, Назарбек Сұлтанұлы Қадыр, Назар Қожа, Жандарбек Тайман, Еркебұлан Жәнібек, Бекболат Төлегенұлы, Берік Дауенов, Жәнібек Қожық, Құралбек Хабибуллаұлы, Батыр Жайлау, Серіжан Амандықұлы, Сағыныш Сейтқали, Самат Мусабаев, Киікбай Жақыпұлы, Рай Кесікбай, Алмас Алтай, Жасулан Майлыбай, Azimhan Kamysbai, Нұрлан Құлбаев, Ергожа Бисенов, Алия Исаева, Жәннат Нұрғали, Жумагул Мурсалова, Айнұр Отаралиева, Ақерке Оразова, Милана Елеусинова, Серик Оразалиев, Изжан Калканов, Талғат Сатыбалды, Adilbek Kenzhe, Нұржігіт Адайский, Тұралы Жолышов, Мадина Капурын, Гүлфарида Ермекова, Бейсен Құранбек, Ақылбек Амантұрлыұлы, Маңдайлы Қосымбай, Досан Жеткізген атты бірқатар желі қолданушылар.Үміт ЖӘЛЕКЕ