Қазақта «Қыстың қамын жазда же!» деген сөз бар. Сол айтылғандай, жақында біз «Өзен Жылу» МКК-дағы қысқы маусымға жасалған дайындық жұмысының барысымен танысып шықтық. Қаладағы орталық жылу қазандары қысқа сақадай сай сияқты. Тек соңғы ұсақ-түйек жөндеу жұмыстары мен сырлау-бояу істері жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда бұл мекемеге қарасты 37 жылу қазандығы бар. Олар орталық жылу қазандығы, сондай-ақ қаладағы темір жол стансасында, медицина орталығы кешенінде, Қызылсай ауылында орналасқан жылу қазандықтары. Бұлар негізгі жылу қазандықтары болып есептеледі. Бұларға қосымша мектеп, балабақшаларда дербес жылу қазандықтары бар. Олардың да жауапкершілігі осы «Өзен Жылуға» жүктеліп, соңғы кездері осылардың балансына берілген. Сондықтан мекеме басшылығы, солардың бәріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, дейді. Мұндай жұмыстардың бәрін қазан айының біріне таптұйнақтай етіп бітіреміз деп сендіріп отыр. Өйткені, қаланың жылу жүйесінде биыл күрделі жөндеу жұмыстары болмады. 192 шақырымдық жылу құбырларын жуып тазалап, майлап-сайлап қойған. Олардың бәрі 2009-2012 жылдар аралығында толық жаңартылып, қайтадан жаңғыртылғасын, әрине күрделі жөндеу жұмыстарын талап етпейді. Сонда да мекеме қолда бар мүмкіндіктерге қарап, рет-ретімен ертедегі ескі жылу қазандықтарын ауыстырып жатыр. - Бізде «Инвесть бағдарлама» деген бар. Жалпы біз 2015 жылға дейін ескі тарифпен жұмыс жасадық, - дейді бізбен әңгімелескен мекеме директоры Әділбек Рубилов. – Ал жаңа тариф алу үшін Монополияны реттеу агенттігінің талабы бойынша 5 жылға «Инвесть бағдарлама» жасау керек екен. 194 миллион теңгеге сол «Инвесть бағдарламаны» 5 жылға жасап, бекіттіріп алғанбыз. Соның арқасында 2 жылу қазандығын сатып алдық. Оның біреуін Қызылсай ауылындағы ертеде шығып, әбден тозығы жеткен Үндінің атамзаманғы қазандығымен ауыстырдық. Екіншісін Медицина кешеніне орталығына орнатып жатырмыз. Қазір дайындық төлқұжатын жасаудамыз. Сосын облыстық «Энергонадзор» мекемесінен қазандықтар қысқы маусымға дайын деген қортынды аламыз. Ол төлқұжатты қалалық ЖКХ-ға тапсырамыз. Бұл жұмыстардың бәрін 1 қазанға дейін аяқтауға толық мүмкіндіктеріміз бар. Жаңаөзенде жылу құбырларын жаңартып, жаңғыртуды 2009 жылы Мәскеуден тасымалдаған құбырлармен бастаған болатын. Соң Елбасымыз халыққа отандық өнімдерді пай далануды тапсырды. Сосын бұл жаққа Астанадағы құбыр зауытының өнімдері келе бастады. Әрине, Астананың құбырлары жаман емес, Ресейдікінен айырмашылығы жоқ. Тек арасында бір партия Атырау зауыты шығарған құбырлар келген. Солар нашарлау болып шығыпты. «Шұғыла» шағынауданына сол партияның құбырлары тартылған екен. Басқаларға қарағанда солардан ақау жиі-жиі шығып, жөндеу жұмыстарын көбірек талап ететін көрінеді. Қазіргі заманда қандай жұмыс болса да, оның атқарылуын техникасыз көз алдыңа елестету мүмкін емес. Соңғы кездері «Өзен жылуда» да шетелдік заманауи техникалардың қатары көбейіп келеді. - Құдайға шүкір, техникадан ешкімге алақан жайып, тіленшектікке түсетін жағдайда емеспіз, - деп әңгіменің осы тұсында Әділбек Байрамұлы сәл көңілдене сөйледі. – Бізде қазір экскаватор да, кран да, маникулятор да бар. Судай жаңа 4 «УАЗ» мәшинесі, 2 «ГАЗель», 2 автобус жұмысшыларымыздың еңбектерін біраз жеңілдетті. 2 қысым беруші агрегатымыз да бар. Енді тек қалаға анау-мынау қоқыстарды жүктеп, тасымалдайтын «ХОН» тракторы мен кішігірім жүк тасымалдайтын мәшинесі болса өте жақсы болар еді деп ойлаймын. Өйткені, қала ішінде әлдеқалай құбырлар жарылса оны тауып, экскаватормен қазып, жамап, қайта көмеміз. Сондай да қала сыртынан топырақ әкеліп, әлгі жерді топырақпен толтырып, үстін тегістеп, асфальттап кетуіміз керек. Жөндеу жүргізген жерден пайда болған әртүрлі қоқыс қалдықтарын тиісті орындарға апарып тастау үшін де әлгіндей шағын техникалар ауадай қажет. Жалпы «Өзен Жылу» МКК өздері пайдаланатын су, газ, электр энергиясы сияқты ресурстарды өздері сияқты мекемелерден сатып алады. Тек бұлар газды жағып пайдалана отырып, келген салқын суды қайнатып, жылу жүйелері арқылы, қала тұрғындарының үйлері мен мекемелерге жіберіп отырады. Егер көпқабатты үйлердің жертөлелері мен жерасты құбырларында ақау пайда болып, жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде құбыр ішіндегі суларды айдалаға әлде пайдаланылған ақаба суларға қосып, канализацияларға ағызып жібермей, қазандыққа кері қайтарып отырса «Өзен Жылудың» суды сатып алуға жұмсалған қаражаты бірталай үнемделеді. Яғни, шикізаттық ресурстың ысырабы әлдеқайда азаяды. Бірақ ондай қайда? Біреуге біреудің жаны ашитын заман бар ма? Жөндеуші мекемелер өзгенің проблемасына бас қатырып жатпастан өзіне тапсырылған жұмысты асығыс-үсігіс істеп өте шығады. Нәтижеде айдалаға кеткен судың құны бірте-бірте «Өзен Жылудың» қалтасына қаржылай салмақ сала береді. Сондықтан «Өзен Жылу» директоры қала басшыларымен тиісті мекемелердің басшылықтарымен өзара келісе отырып, үйлердің жертөлелеріндегі жөндеу жұмыстарын өздері жүргізуді жақыннан бері қолға алып жатыр. Яғни, әркім өз қотырын өзі қасуға кірісуде. Дұрысы да солай сияқты. Әйтпесе, біреудің қышыған жерін екінші біреудің дөп баса беруі мүмкін емес. - Жалпы біздің міндетіміз – жылуды үйлерге дейін апару ғана, - дейді мекеме басшысы. – Ал одан кейінгі сантехникалық жұмыстарды, яғни біздің үйлерге жеткізген жылуымызды үйге кіргізу міндетін «Өзенсантехобслуживание» ЖШС өз мойнына алды. Бірақ «Көктем» шағынауданының үстіне күзе көп сына берді. Судың да, жылудың да жетіспеушілігінен тұрғындар шағымды көп айтатын болды. Жоғарғы қабаттарға, кейбір пәтерлерге мүлдем жылу жетпей қалатын жағдайлар қайталана түсті. Екібастан бағасы алтынмен пара-пар біздің суларымыз да көп ысырап бола берді. Сондықтан мен үстіміздегі жылы 1 тамызда сантехникалық жұмыстарды өзіміз жүргізейік деп әлгі мекеме басшысына да, ЖПИК төрағаларына да, тіпті қала әкіміне де бірнеше рет айттым. Себебі, біздің сатып алған суымыз, газымыз, тоғымызға жұмсалған қаржыларымыз құр бекерге желге ұшып жатыр. Оған өзімізден басқа жаны ашитын ешкім жоқ. Сонда да бізге бермеді. Бірақ кері қайтуға жол жоқ. Ақырында ол жұмыстарнды кешегі қыркүйектің бірінен бастап бізге беруге мәжбүр болды. Жертөлелерге түсіп, бірме-бір көзден өткізіп, жұмысты жылдам бастап жібердік. Жарамсыз құбыр, задвижка сияқты басқа да қосалқы бөлшектерді кесіп, ауыстырып, жамап-жасқап өзгертудеміз. Қазір ол жерде 4 бригадамыз жұмыс жасап жатыр. Қайнаған суымыздың ысырап болмағаны бәрімізге жақсы. Біріншіден, тұрғындардың қақаған қыста үйлері жылынып, көңілдері көтеріңкі болып, әрбір отбасының берекеті кетпейді. Екіншіден, біздің ресурстарымыз бекерге рәсуа болып, еңбегіміз еш болмайды.
Тағы оқыңыздар: Коммуналдық төлемақы өндірілді
Әрине, мұны дұрыс бастама деп ойлаймыз. Қарапайым мысал, үйдегі газге қойған шәйнегің тасып, төгіліп, сарқылып қалса, қайтадан мұздай су құйып, астына от жағып, қайтадан қайнатуға тура келеді. Егер қайнаған шәйнекті аса сарқып тастамай, дер кезінде еселеп су құйып отырсаң, газ анағұрлым аз жұмсалады. Әділбектің ойы да осындай. Жаңадан қолға алған бастамасының нәтижесін осы айдың қортындысында көретін болады. Егер тиімді болып жатса, қаладағы бір ғана шағынауданның емес, қыста бұлардың жылуынан пайдаланатын барлық шағынаудандардағы сантехникалық жұмыстарды өздері жүргізгені абзал-ау. Әйтпесе, «Өзімдікі дегенде, өгіз қара күшім бар. Өзгенікі дегенде немқұрайлы ісім бар» деген ұстаным ел арасында бұрын да болған, қазір де бар, келешекте де бола беретіні күмәнсіз. Сондықтан «Әркімнің өз қотырын өзі қасығаны» өзіне тиімді. Сонда бұлардың халықтан ай сайын жиналатын 180 миллион теңге қаржысын берекетті пайдалануына көп пайдасы тиер еді. Сондай-ақ, тұрғындар өздері күнделікті пайдаланып отырған ыстық сулары мен жылуларының пайдалану ақысын дер кезінде төлеп отырса, аталмыш мекеме қанатын кеңге жая түсер еді. Мемлекеттік салықтан бастап, өздері пайдаланып, халыққа сататын газ, су, тоқтарының ақшасын төлеп, жұмысшылардың жалақысын өз уақтында беріп, басқа да амортизациялық шығындарын кезінде төлеп, өтеп отырар еді. Десек те, ел арасында созылмалы сырқат сияқты коммуналдық шығындарын төлемей, төлеуге шамалары келмей отырған тұрғындар әлі де кездеседі. Әрине, олар көп емес, ыстық су мен жылудан пайдаланушы жалпы жұрттың 4-7 пайызын құрайды. Соның өзінде жылдан жылға жиналып, әбден көбейіп қордаланған қарыздары миллион-миллион теңгелерге жеткен тұрғындар бар. Олардағы қарызды сот арқылы өндіруге кіріссе, жинақталған қарызының тағы 25 пайызындай теңгені мемлекетке төлеп, тағы «жығылғанға жұдырық» болады. Сондықтан мекеме басшылығы қарызын төлемегендерді ұялту мақсатында тізімдеп, аты-жөндерін жазып, көпқабатты үйлердің кіреберісіне ілдіріп қоюдан әріге бара алмай отыр. Анығырағы, «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседінің» кебін киюде. Аталмыш кәсіпорында жалпы 382 адам жұмыс істейді. Соның көпшілік бөлігі алты ай жазда ақысыз демалысқа кетеді. Ол жұмыс жоқтықтан емес, жалақы қорының аздығынан. Ертең 1 қазаннан бастап осының бәрі келесі көктемдегі жылу маусымы аяқталғанша жұмысқа түгел тартылады. «Өзен Жылу» МКК жұмысшылары арасында тәжірибелі слесарь, дәнекерлеуші, электриктер жеткілікті. Мекеме басшысы Әділбек Рубилов мекеме жарғысына өзгеріс енгізіп, қала әкімдігіне ұсынып, осылардың басын біріктіріп, өткен жазда қала ішіндегі абаттандыру жұмыстарының біріне қатысты. Кәдімгі шөп-шалам шығып жатқан жерге жастар аллеясын жасап, гүлзарға айналдырып, қала халқының игілігі үшін пайдалануға берді. Алленың электр жүйелерін де өздері тартып, сүттей жарық етіп қойды. Су бұрқағын да өздері жасады. Дәнекерлеушілері арқылы қоршауын да өздері жүргізді. Бұдан түскен табысты да мекеменің жыртығын жамауға жұмсады. Біздің мекеме жылыту маусымына сақадай сай. Бұл жұмыстар да тиянақты еңбек етіп, сапалы нәтиже көрсеткен жұмысшы-қызметкерлеріміз өте көп. Дегенмен олардың ішінде участке басшысының орынбасарлары Оразбибі Бектілейова, Нұрадин Аяпбергенов, Еркебай Ахметов, Бұғанбай Амандықов, Өтеміс Әміров, экскаватор тракторын жүргізуші Оразғали Қарасаев тағы басқалар ұйымшылдықтың ұйытқысы болып, өздеріне тапсырылған істерді мүлтіксіз атқарып, өзгелерге өрнек болып жүр. Осындай азамат-азаматшалар мен жалпы ұжым мүшелерінің ауызбіршілікпен атсалысуларының арқасында алдағы аса маңызды әрі жауапты жылыту маусымын абыроймен атқарамыз ғой деп ойлаймыз. Осындай еңбектердің арқасында біздің мекемеміз үнемі кісіден қарыз сұрай бермей, алдағы уақыттары кісіге қарыз беретіндей дәрежеге жетерміз деп үміттенейік, - дейді Әділбек Рубилов әңгімесінің ақырында.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН
Суреттерді түсірген автор