©
Биыл Маңғыстау облысының құрамындағы Мұнайлы ауданының құрылғанына – 10 жыл. Елбасы Н.Назарбаевтың «Маңғыстау облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгеріс туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы №338 Жарлығына сәйкес 2007 жылдың 1 шілдесінен Маңғыстау облысының құрамында жаңа әкімшілік-аумақтық бірлік болып құрылды.
Өткен жылдар ішінде Мұнайлы ауданында атқарылған жұмыстар аз емес. Алда да аудан тұрғындарын ауқымды міндеттер күтіп тұрғандығы белгілі.
Дегенмен, 10 жыл - артқа көз тастап, жүзеге асқан жоспарларды рәсімдеп, есеп жасауға мүмкіндік беретін кез. Аудан басшылары «Ауданның көркеюіне үлес қосуға, өз біліктілігіңді жастарға өнеге етуге мүмкіндік туып тұр» деп ұсыныс жасағанда кезінде қуана келісім бергенмін. Мен ауданға қызметке келгенде бар болғаны төрт-ақ орта мектеп бар еді. Қызылтөбе ауылындағы орта мектепті басқарған кезде, сол мектептің бір бөлігін лицейге арнап, қызу жұмыстар басталған еді. Қазіргі таңда аудан білім сапасының көрсеткіштері бойынша облыста алдыңғы қатардан көрінуде.
Кезінде Түрікменстан, Өзбекстан, Иран, Ауғанстан, Қытай, Монғолия жерлеріне қоныс аударуға мәжбүр болған бауырластарымыздың тарихи Отанына оралуы, олардың негізгі шоғырланған жері – Маңғыстау түбегі болғандығы еске алынып, құрылған жаңа аудан бүгінгі таңда үлкен бір құрылыс алаңына ұқсайды. Тұрғын үйлер, орта мектептер, балабақшаларкөптепсалынуда. Міне, халықсаныныңкөбеюі – ғасырлар бойы талай қиындықтарды басынан кешіре отыра қол жеткізген жетістіктерімізді айқындайтын нақты дәлел.
Ауданның он жасын тойлау күндері мен тарихшы ретінде кешегі тарихи нәубеттер төнген кезеңдерде Түрікменстан, Өзбекстан, Иран, Ауған, Қытай, Монғолия жерлеріне қоныс аударуға мәжбүр болған, бүгінде сол қандастарымыздың ұрпақтары ата-бабаларымыздың туған өлкесіне оралып, қуанышқа, бақытқа бөленіп жатқандығы туралы бірер сөз қозғағым келіп отыр.
Кеңін-кемге болмай тұғын балапеш,
Қазақ елі – Қазақстан ғана емес.
Балқантаудың баурайында туған ел,
Алыстағы Алатауға қарап өс! – деп жерлесіміз Дүйсенбек Қанатбаев ағамыз жырлағандай, Қазақстаннан шет жүрген бауырларымыз азат күнді аңсай отыра, өз ұрпақтарын ертелі-кешті «Кір жуып, кіндік кескен» атамекенге оралуға тәрбиелеп келді.
Менің есімде, еліне танымал зиялық ауым, елі үшін тер төккен азаматтар кеңестік дәуірде сталиндік репрессияға ұшырап, жазықсыз жазаланып, «Халық жауы» атанып, мал мүлкі тәркіленіп, қуғынға ұшырағандары туралы шындықты ашық айта алмай жүрген кездерде болды. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін кеңестік кер саясаттың өпербақан сойыл соғарларынан, Кеңес Үкіметінің «Жаңа экономикалық саясаты», «күштеп ұжымдастыру» әрекеттері, голощекиндік «Кіші Қазан» науқаны, 20-шы жылдардың басында-ақ басталған, 1937-1938 жылдары ең биік төбесіне жетіп, 50-нші жылдардың басына дейін созылған қуғын-сүргін қасіреттерінен зардап күй кешкен елді талай селдендірді. Осындай және басқа да қиыншылықтар біздің бауырламыздың да бастарынан кешті.
Кеңес жылдары кезінде туыстас республикалар, көршілес елдер деген менен, осы жерлерде тұрған қазақ бауырларымыз ар-намысты ұрпақ өсіру арқылы басқару қызметтерінде, білім, ағарту, мәдениет салаларында, ірі өнер кәсіптерде, ауыл шаруашылығында беделді жұмыс атқара отырып, өздерінің біліктілігін, қабілеттілігін таныта білсе де, қандастарымыздың жүрегінің атамекенге деген сүйіспеншілігі ешқашан да өшпеген.
Тағы оқыңыздар: Сақтық шарасына көңіл бөл!«Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев өте орынды айтқан.
Атажұртын аңсап келген қандас бауырларымыз көптеп қоныстанған ортадан күні кеше шаңырағын көтерген жаңа ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі жақсы. Құрылған кезде ауданда 43 мың халық болса, қазір олардың саны 140 мыңнан асып жығылуда.
Аудан басшыларының ауданға көптеп көшіп келіп жатқан қандастарымыздың тез қоныстануларына жағдай жасауы, уақытпен санаспай, электр, газ, су өткізу жүйелерін, жол қатынастарын жақсартудағы, әлеуметтік салада жаңа мектеп, аурухана салудағы тындырған еңбектері «Елім үшін, қандас бауырларым үшін», деп атқарылған қызмет.
Бұл әрине, Егемендіктің, Тәуелсіздіктің айғағы!
Мереке құтты болсын, қадірменді ағайын!
Якуб АТАЛИКОВ,
тарихшы-өлкетанушы