***
Маңғыстау мұнайының бастау алған жері Жетібайда да ел ырыздығын еселеген еңбеккерлер атаулы күнді мерекелеп, сый- құрметке бөленді. Думанды мейрамда алаңға әсем безендірілген сахна құрылып, тігілген киіз үйлерде мол дастархан жайылды. Мұнайшыларды облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов, Қарақия ауданы әкімінің Ержан Күмісқалиев, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев, бас директордың орынбасары міндетін атқарушы Тянь Кэцзянь, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Талғат Айдынов құттықтай барды. –Армысыздар қадірлі қауым! Баршаңызды бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтаймын! Мұнай- газ саласы – Қазақстанның экономикасының күретамыры. Сіздер жер байлығын халықтың ырзық- несібесіне айналдыру жолында талмай еңбектеніп келесіздер. Бүгінгідей күнге жеткеніміз – тәуелсіздіктің, еліміздің амандығының, жұртымыздың тыныштығының, Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасы. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялап, ата- бабадан қалған аманатты, рухани қазынамызды сақтауға, қадірлеуге, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге үндеді. Еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуына қосқан үлестеріңізге зор алғыс айтып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге береке, жанұяларыңыза бақыт тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов. Салтанатты сәтте Мақсат Нұрлыбекұлы туған өлкені өркендету жолында тер төгіп, қажырлы еңбек еткен мұнайшыларды Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапаттады. «Қадірлі ардагерлер, құрметті әріптестер! Сіздерді бүгінгі мұнай- газ кешені қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын! Жаздың ыстығына, қыстың ызғарлы суығына қарамастан жылдың төрт мезігілінде еңбек етіп, ел экономикасының дамуына үлес қосып келесіздер. Нарықта мұнай бағасының құлдырауы әрбір компанияның алдына талаптар мен тапсырмалар қойды. Осы қиындықтарды еңсеріп, өндіріске жаңа технологиялар енгізуге белсене кіріскен «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы тобындағы компаниялар ішінде үздік көрсеткіш көрсетіп, мұнай өндіру көлемін арттырды. Басшылықтың бастамасын қолдаған ұжымға алғысымды білдіріп, туған жерімізді өркендету жолындағы еселі еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін!» деген «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ әлеуметтік мәселелер және адам ресурстарын басқару жөніндегі төрағасының орынбасары Серік Әбденов бірқатар мұнайшыға мұнай-газ саласының дамуына қосқан үлесі, еңбектегі кәсіби біліктілігі мен жетістігі үшін Энергетика министрлігінің, «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Мұнайшыларды акционерлік қоғамның бас директорының орынбасары міндетін атқарушы Тянь Кэцзянь, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Талғат Айдынов құттықтап, әр отбасына амандық, елге ынтымақ пен бейбітшілік тілеп, ақжарма лебізін білдірді. –Құрметті ардагерлер, сервистік компаниялардың ұжымы! Бүгінгі төл мерекеміз құтты болсын! Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеп жатқан барлық ұжымға алғысымды білдіремін. Компанияда мұнай өндіру көлемін арттыру бағытында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Маңғыстау мұнайшыларының үлкен өндіріс мектебіне айналған құт мекенде қазір мұнай юра қабатынан өндіріліп жатыр. Мұнда 53 миллиондай қара алтын қоры бар. Бұл көлемді арттыру мақсатында Бектұрлы, Придорожный, Жетібай кен орындарында полезой қабатынан мұнай өндіру үшін сейсмикалық жұмыстар жасалуда. Жоба жемісті жүзеге асса, Жетібай кенорнының тағы бір тынысы ашылады. Осы жылға жоспарланған 6 млн.350 мың тонна қара алтын өндіру көлемін межеден асырып орындаймыз деген сенімдемін. Жауапты да абыройлы міндетті жүзеге асыру жолында баршаңызға қажымас қайрат, ұйымшылдық пен береке-бірлік тілеймін,– деді құттықтау сөзінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев. Салтанатты сәтте өндірістік көрсеткіштің өсімін арттырып, еңбек тартуын әзірлеген бірқатар мұнайшыға «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды. –Мен 1982 жылдан бері агрегат мотористі болып жұмыс жасаймын. Мұнайшы ағаларымның жолын қуып, мен де осы мамандықты таңдадым. Қазір балам менің қасымда машинст қызметін атқарады. Осы уақытқа дейін мемлекеттік және кәсіби мерекелерде бірнеше мәрте марапаттарды иелендім. Әрқайсысының өзіндік маңызы бар. Бүгін «Самрұқ-Қазына» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасын иелендім. Барша әріптестерімізді мерекемен құттықтай отырып, амандық, мол табыс, отбасыларына бақ- береке тілеймін!, – деді «Ойл транспорт корпорейшэн» ЖШС жұмысшысы Бекбай Қанатов. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы Жолдасбек Ешмановтың айтуынша, Жетібай кенорнында жыл басынан бері 12 мың 600 тонна мұнай өндірілген. Өндіріс басындағы жаңалықтармен бөліскен ол Асар кенорнында бір ай бұрын басталған асхана құрылысы осы жылдың аяғында пайдалануға берілетінін, тербелмелі мұнай качалкаларының пайдалану мерзімін ұзарту мақсатында «40 УЭЦН» насосы қолданысқа енгізілгенін айтып өтті. Сондай-ақ Қаламқас пен Жетібай кенорнының жұмысшылары бір- бірінің жұмыс орындарында тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілігін жетілдіру үстінде екен. Мерекелік шарада «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өнерпаздарының концерттік бағдарламасын ұсынып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлап, думанды тойдың сәнін келтірді. Осыдан 30 жыл бұрын «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы жанынан құрылған «Сәлем» вокалды аспаптар ансамблі өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілін көкке өрлетті. –Біз сонау 1987 жылы осы ансамблді құрып, мерекелік кештерде, концерттерде, ауқымды шараларда жанды дауыста ән шырқадық. Кеңес кезінде марапаттарды иеленіп, мерейіміз өсті. Тобымыздың құрамындағы жігіттердің барлығы да мұнайшылар. Құрамымызда 15-ке жақын өнерпаз бар. Бұрын үгіт бригадасы болып, аудан, ауылдарға жиі концерт қоятынбыз. Қазір облыстың әр қала мен, аудан, ауылдарында тұратындықтан, бірігуіміз, дайындығымыз аздау. Соңғы уақытта құрамымыз жастармен толықты. Жасымыз ұлғайғандықтан келешекте орнымызды жастарға береміз, – деді ансамблдің жетекшісі Қарлыбек Бағдабайұлы. Бұл күні ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, мерекенің шырайын келтірді. Мерейлі мейрамға қатысқан қонақтар Маңғыстау мұнайының 55, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығына орай ашылған «Еңбек даңқы» мұражайын аралады. ... Кешкі Жетібай әуелеген әнге, көтеріңкі көңіл-күймен шаттанған салтанаттың құшағына енді. Көптен бері ел-жұрттың орталық алаңды толтырғаны осы шығар. Еңкейген кәрісі, жасы мен жасамысын алаңға бұл күні «Сәлем» вокальды-аспаптар ансамблі жинады. Ардагер өнерпаздармен көзкөрген аға буын мұнайшылар сағыныса көрісті. Өйтпегенде ше... сонау жастық шақтың қырында қалған 80-жылдардың көзі – ансамль тұтас бір буынның қайнаған еңбек өмірінің де, қайран жиырма бесінің де естелігі ғой. «Таза аспаптардың сүйемелдеуімен ән тыңдамағалы қашан» деп таңсық пікірді көп айтты бұл кеште өнердің қадірлі көрермендері. Ал сәлемдіктердің сахнамен қайта табысуға мұрындық болған «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік Басқармасына алғысы шексіз.Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="34967,34965,34959,34963,34962,34961,34960,34966,34958,34964,34969,34968"]