Құрылысшылар күні қарсаңында әрқайсысымызға белгілі бір тапсырма жүктеліп жатты. Жақында ғана қаламыздың көркін келтіре түскен, өлкемізде бұрын-соңды болмаған демалыс паркінің ашылғандығы, әлеуметтік желіде естелік суретке түсіп жатқан қала тұрғындарының фотолары қылаң бере бастаған еді. Бұл парктің салынуына мұрындық болған азаматтың кім екенін іздеу барысында архитекторға емес, ақын, ардагер мұғалімге жолыққанымызда көкейде мың сұрақ туындаған болатын.
[embed]https://youtu.be/EtTguZwpWqw[/embed]
Серікбай Бердияров ағамыз қаламыздағы қабырғаларын дәстүрлі қазақ өнері мен заманауи дизайнды ұштастыра өрнектеген мейрамханалардың бірінің иесі. Негізгі мамандығы - мұғалім, қызмет жолын да мұғалімдіктен бастаған. - Кәсіби тарихшы болғаныммен, өмір бойы өнердің айналасында жүргенмін. Баян мен домбыра тартып, ән сала жүріп қалаға келген қонақтарды күтіп алу, шығарып салу біздің мойнымызда еді. 1993 жылдан бастап төрт жылдай «Мұнайшы» мәдениет үйінің директоры болып қызмет еттім. Бұдан басқа музыкалық мектепте де, техникумда да, тіпті білім бөлімінде жүрген қызмет барысында өнерден қол үзбедім. Мәдениет үйіне басшылыққа келгенде пожарный жағынан кіретін әшейін бір есігі бар ғимарат еді. Маған дейін 11 директор ауысыпты. Мәдениет үйі деген атқа мүлдем сай келмейтін төртбұрышты ғимаратты көркейту мақсатында Астана қаласынан сәулетшілер шақырттық. Ғимараттың сырт келбетінен тыс қазіргі «Дулыға» маңындағы өнегелі өмір иелері - ағартушыларымыздың мүсіндерін орнату менің идеям болатын. Идея жүзеге асып, «Мұнайшы» маңы гүлденіп сала берді, - дейді өткен күнді еске алған Серікбай Құтышбайұлы. Әкенің көзін көрмей, шешеден 2 жаста жетім қалған ол өткен саналы ғұмырына еш өкінбейтіндігін айтады. Өнер жолында жүргенде елінің патриоты ретінде өз ойында жүрген тағы бірнеше идеяларды жүзеге асыруды ойлаған. Еліміз егемендігін алып, жекешелендіру саясаты жаппай белең алып жатқанда Серікбай ағамыз да жеке кәсіпке бет бұрған. Қолдан келсе құт мекенге көмектесуден танбаған азамат балалар үйі, мүгедектер үйі, балабақшалар мен мектептерде өтетін шараларға өзіндік үлесін қосып, өнерпаздарымыздың жан-жаққа шығып, қаламыздың атынан көрсетілер қойылымдарына барып келуіне көмектескен. 2002 жылы алғаш «Абат» сауда үйін іске қосқан. Қала тұрғындарына қажетті деп табылған заттармен қамтамасыз ету, сатылымға шығаратын заттарын түрлендіріп, жаңартып отыру оның басты мақсаты. Осылайша ол қалың кілемдер мен жерге төселетін жолдықтарды, түрлі тұрмыстық бұйымдар мен электроника сатумен айналыса бастады. Қала сәнқойларына Индонезия, Корея мен Қытай маталарын жеткізді. - Жұмысшыларыма тамақ беретін асхана ашқан соң оны кішігірім кафетерийге айналдырдым. Одан тапқан-таянғанымызға мақта, жүн өңдеу цехын салдық, - деген ол осылайша сауда нүктелерін бірінен соң бірі көбейте бергендігін сөз етті. Транспорт жөндеу және дәнеркерлеу, пластик бұйымдар жасау орталығы іске қосылып, қаламыздың қызмет көрсету саласының үздігіне айнала берді. - Жан-жаққа қарасақ бәрі биік төртбұрышты ғимараттар салып жатыр екен. Оның барлығы да мейрамхана көрінеді. Біз де қатарымыздан қаламыз ба? Олардан қай жеріміз кем деп өз мейрамханамыздың құрылысына білек сыбана кірісіп кеттік. Өзге мейрамханалардан өзгеше, жаңа заман талабына сай, қала қонақтарын ұялмай апаруға болатын заманауи «Абат» мейрамханасы ашылғанда бірден ел аузына түсті. Бұл мейрамхананың кіреберісі бір бөлек әңгіме. Бүкіл ұлттық нақыштағы дүниелерді заманауи мейрамхананың қабырғаларына орынды кірістіру барысында Серікбай ағамызға бұрынғы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербургтегі әлемге әйгілі «Эрмитаж» мұражайында жұмыс істеген ұлты тәжік жігіт көмектескен. Шын мәнінде, кіреберістегі гранит баспалдақтар, мәрмәрдан жасалған еден мен аркалар көздің жауын алады. Серікбай ағамыздың «Тапқан таянғанымызға ішіп жеп қыдырғанша, ел көретіндей, ел қызығатындай дүниелерді салуды көздеген едім», - деген бір ауыз сөзінің астарында қаншама ой бар. Сөзі мен ісінде қарапайымдылық байқалатын кәсіпкердің ұл-қыздары да әкесіне демеу болып отырғандығын байқадық. Сұхбаттасуға келгенде-ақ қарапайым киініп, қол сөмкесін асынған жылы өңді, жайдарлы кісіні бұл зәулім ғимараттардың иесі деп ойламайсың да. Ресепшнде тұрған да, есіктің алдын сыпырып жүрген де, қоқыс тазалап жатқан да Серікбай Бердияров ағамыздың немерелері екен. Екі ұл, үш қыздан көрген он сегіз немеренің алды Алматы қаласындағы белгілі университеттердің студенттері көрінеді. Олар сессиясын тапсырып, туған өлкеге оралғанда «үш арсыздың» жоспарын орындап жатқан жоқ. Атасының қасында қызмет етіп, бір қоқысын артық тазаласа да, бір шаңын сүртсе де осында жүр. Немерелерінің сыртынан бақылап отырғанда олардың бойында бос кеуде, көкіректің жоқтығын байқап, өнегелі атасының тәрбиесіне, еңбекке баулығанына таңдай қақпасқа болмады. - Мейрамханымыздың алды қоқысқа толып, кейбір жерлерінен адам қорқатындай жағдайда еді. Мұның өзі ұзындығы 200, ені 62 метрді құрайтын бір гектардан астам жер ғой. Өзім шығармашылықпен айналасқан адам болғандықтан халқыма бір қуаныш сыйлағым келді. Парктің салынып жатқанын байқап, үлкен демеу болған қала әкімі Елубай Әбіловке де айтар алғысым шексіз. Негізінен, бұл алаңқай екі бөлімге бөлінді. Кіреберісте жастарға тәлім-тәрбие беретін дүниелерді көрсету ойымда болды. Төрт метрлік қыздардың сырғасы, жүзік, жүрек, аққулар мен кішігірім субұрқақ тұр. Ол субұрқақтың салыну себебін жіті түсіне білген адамға үлкен мән жатыр. Отау құрған жастар фотоға түсуге келе қалған жағдайда махаббат дегеннің не екендігін сезінсін, адам баласы жүректің тазалығына аса қатты мән беру керек екендігін ұмытпасын деген ниетте салынған дүние болатын, - деген Серікбай ағамыз бұл қалаға деген махаббатын «Сүйікті қалам Жаңаөзен» деген түнде жанғыш жазулармен білдірген. Паркті аралап жүрсеңіз, алдымен қыз бен жігіттің бір-біріне қол созып тұрғанын көресіз. Одан өте бергенде қыз бен жігіт ата-ана атанып, балаларын аспанға көтеріп тұрғанын байқайсыз. Сәл бері өткенде ел қатарына қосылған, үбірлі-шүбірлі отбасыны тамашалайсыз. Түсіне білген жастарға бұл отбасы құндылығын ұғындыратын туынды. Отбасын құрып, балалы болуды, ел қатарына қосылуды насихаттайды. Парктің екінші бөлімінде аңшылар, саятшылар мүсінділген. Құмай тазбен шығып келе жатқан, бүркіті қолында, маң далаға кетіп бара жатқан салт атты саятшы да, еліміздің байлығы арқарлар да біздің шын мәнінде қандай құндылықтарымыз бар екендігін еске салады. Әр аптаның сенбі, жексенбі күндері кешкі сағат 21.00-де паркке келсеңіз түрлі қазақтың күйлерінің сүйемелдеуімен бір жарым метр биіктікке атқылаған субұрқақты тамашалауға болады. - Еліме болсын деген әрбір адам сөз жүзінде ғана патриот болмауы қажет. «Жерім», «Қазағым» деп құр ұрандатқанша өздері еліне пайдасы тимесе де, ел үшін қызмет жасап жатқан адамдардың еңбегін бағаласа қандай жақсы болар еді? Ең болмаса паркте отырған жерлерінде қоқыстарын тастамай, қолмен жасалған дүниені бұзып қиратпай, субұрқақтың суын ластамай жүрсе де бізге үлкен көмек. Парктің іші-сыртын тазалап жатқан барлығы да менің немерелерім. Арнайы дәнекерлеуші жалдап, бастан аяқ өз қаражатымызға жасалған темір қоршауларды сындырып жатқан балаларға қойыңдар десем, мені қарауыл деп ойлап сыртымнан күліп кетіп те жатады. Кейбіреулер «Сен бұл паркті өзіңнің атыңды шығарушы үшін жасап жатырсың» деп қойып қалады. Мұндай қияңқы сөздерді елей беретін болсақ өспейміз. Мұндай пікірлермен талассам мен мына тірлікке бармас едім. Өмірде қуанышыңды бөліспек түгілі, алдыңды орайтын адамдар өте көп кездеседі. Егін ойрандайтын шегірткелер секілді бір аяғыңмен езсең, екінші, үшінші жағынан қаптап шыға береді. Тіршілік бар жерде бәрі бар. Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады» десе, мен де жұртшылықтың бәсекеге қабілетті болғанын қалаймын, - деген Серікбай ағамыздың сөздерінен оның қолынан іс келетіндігін ғана емес, рухани дүниесі бай жан екендігін байқаймыз. Абайдың он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» делінген. Серікбай Бердияров ағамызбен сұхбат барысында осы сөздер ойға оралды. Еліне болсын деген ол тұрғындарымыздың игілігіне жасаған дүниені есті пайдаланса екен деген ойы бар екендігін байқадық. Бүлдіршіндердің көргені көп болсын, саятшылықты ұғынсын, отбасы құндылығын түсінсін деп барын салып жатқан Серікбай ағаның еңбегі бағаланса игі еді. Таңертеңнен кешке дейін асқазанды тамаққа толтырып, онымен кәріз құбырын бітеп, бір күндік өмір сүріп жатқан адам қаншама... Қазір ішсем, бүгін тоқ болсам болды деп ойлаймыз шыны керек. Балаларымызға не қалдырамыз? Олар «Менің атам, әкем немен айналысқан?» деген сұраққа қандай жауап алады? Қазіргі біздің проблемамыз ескірген көлік не жұртпен бәсекелесіп салынған үйдің күрделі жөндеуі емес, артымызда қалатын жақсы атымыз бізді мазалауы қажет емес пе? «Мұнайлы мекен - Жаңаөзенде» тұрамыз деп мақтанамыз. Жер қойнауынан байлығын алып жатырмыз, алып жатырмыз, қайтарымы қандай болмақ? Серікбай ағамыздың өнегелі өмірінен осы сұраққа жауап таба аламыз. Бір дәнек тасыған құмырсқаға да зиянын тигізбей, саналы ғұмырында еліне болсын деп қызмет жасап жатқан азаматтың бойында өскелең ұрпақ үлгі аларлық дүние мол. Ол 2008 жылы Қазақстан Республикасының XIII, XIV-ші, жазушылар Одағы сьезінің арнайы делегаты болған. 2009 жылы Серікбай ағамызға Маңғыстау облысы «Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы» атағы берілген. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы экономика палатасы «Атамекеннің» арнайы ерен еңбегі үшін Құрмет дипломымен марапатталған. Маңғыстау облысы білім басқармасының арнайы құрмет дипломына, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін облыс әкімінің арнайы «Алғыс хатына» ие болған. Бүгінде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Болмысыма ой түзеп» атты жыр жинағының авторы, ұлылардың сөзімен ауызданған нағыз сегіз қырлы бір сырлы азамат деп айтсақ артық болмас.
Әсел ҚОЙШЫБАЕВА