Жуырда Қарақия ауданының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Мақсат Жақаевтың төрағалығымен ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындылары және аудандағы қалыптасқан өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастыру жөнінде брифинг өтті. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасары Е.Күмісқалиев, аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Ж.Қалаубай, аудандық төтенше жағдайлар бөлім инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Д.Елшібаев, аудандық ішкі саясат инспекторы Н.Жұмағазиева, аудандық кіріс басқармасының қызметкері Н.Төлегенов, аудан прокурорының көмекшісі І.Шаухар қатысты.
Қызмет бабында әділдікті ту етіп ұстанатын аудан прокурорының айтуынша биылғы жылы қоғамдық тәртіптер қатаң түрде қадағаланып, осал топтағы азаматтардың құқығын қорғау бағытында жұмыстар атқарылуда. 2016 жылдан бері аудан прокуратурасымен «Құмар ойынсыз Маңғыстау», «Таза аймақ», «Эмиссия үшін төле де, бюджетті толтыр», «Қоғам сенің қорғаның», «Ана мен бала денсаулығы» атты жобалар жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде ауданымызда жеті заңсыз «Инбет» ойындары жабылып, экологиялық жағдайлар түзеліп, ұйымдастырылған тазалық жұмыстарының нәтижесінде екі мың тоннаға жуық күл-қоқыстар шығарылған. Сондай-ақ аудан бойынша 31 мүмкіндігі шектеулігі жандар жұмысқа орналастырылса, 21-не көлік салығынан босатылып, жеңілдіктер жасалған. «Ана мен бала денсаулығы» жобасы аясында аудан прокуратурасы профилактикалық жұмыстарды қызу жүргізуде. Денсаулық сақтау ұйымдарында сенім телефоны көрсетілген стендтер мен арыз-шағым беруге арналған жәшіктер қойылып, тұрғындарға денсаулығына байланысты тексеріліп тұруларына мүмкіндіктер жасалған. Оңтайлы жүргізілген жобаның нәтижесінде осы жылы ана мен бала өлімі де тіркелмеген.
-«Қысқа мерзімдегі сапалы сотқа дейінгі тергеп-тексеру» жобасының жүзеге асырылуы аудан халқына оң әсерін тигізуде. Биылғы жылы аталған саладағы арыз-шағымдар 2016 жылмен салыстырғанда елу пайызға азайды. «Мемлекетке қарызы жоқ» жобасы бойынша мамыр айында мемлекет пайдасына әкімшілік айыппұлды өндіру мақсатында 50-ден астам борышкерлердің үйлерін аралап, борышын өтеу қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған шара өз нәтижесін берді. 2016 жылы айыппұлдарды өндіру 56 пайызды құраса, ағымдағы жылдың 6 айында бұл көрсеткіш 81 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар «Алименттер. Төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасы бойынша 2016 жылдың қазан айынан бері, яғни жоба басталғалы есепте тұрған 187 борышкердің 47-не қатысты іс қозғалып, оның ішінде 23-і татуласумен тоқтатылса, 22-не қатысты сот үкімі шықты. Сондай-ақ 3 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалғандары борышын өтеуде.Табыс көзі жоқ, борышын өтей алмай жүрген тұлғалардың 11-і тұрақты жұмысқа орналастырылды,-деген аудан прокурорының сөзі азаматтардың құқығын қорғау саласындағы оңды өзгерістерден хабар бергендей болды. Осыдан кейін ауданымыздағы өзекті мәселелер талқыға түсті. Көппәтерлі түрғын үйлердегі кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс жасамайтындығы, кәріздік тазалау құрылғысының жоқтығы себепті кейбір аймақтарда кәріздің лас сулары көшеге жайылып, қоршаған ортаға өлшеусіз зиян әкеліп жатқандығы айтылды. Ал жастар арасында кездесіп қалатын түрлі қақтығыстар мен төбелестерді мүлде болдырмау, сақтық шараларын алу мақсатында түнгі мезгілде көшелерде бақылау жұмыстарын аса күшейту қажеттілігі баса айтылып, 15-25 жастағы жастар арасында қоғамдық тәртіпке шақыратын түсіндіру жұмыстарын жүргізу секілді профилактикалық шаралар ұйымдастыру қажет деп табылды.
Майра ҚУАНЫШБАЙҚЫЗЫ, «Қарақия» газеті