29-30 шілде күндері аудан орталығындағы орталық алаңда «Қарақия қайырымды жандары» еріктілер тобының ұйымдастыруымен Жетібай ауылының тұрғыны Ақкөркем Шаңытбаеваның еміне қаржы жинау мақсатында шағын футболдан қайрымдылық акциясы өткізілді.
Жасыл алаң төрінде өткізілген футбол турниріне сегіз команда: «Тұрмыс-Сервис», «БЖСМ», «Мешіт жастары», «Жас Қыран», «Абылайхан», «Жалын», «Жетібай», «НепиНефтоГаз» қатысып, бақтарын сынады. Шілденің шіліңгір ыстығы өз күшіне мініп тұрса да алаңдағы кездесулер аса тартысты жағдайда өрбіді. Жарыс ережесіне сәйкес ойын тең жағдайда аяқталған жағдайда жеңімпазды айып добын соғу арқылы анықтау белгіленді.Екі топқа бөлініп сынға түскен командалар алғашқы айналымда жартылай финалға берілетін жолдамаларды сарапқа салды.
Жанкүйерлердің қызу қиқуынан қуат алып, жасындай жарқылдап өнер көрсеткен жігіттер алаң төрінде барын салды. Алғашқы жартылай финалдық кездесуде «Абылайхан» командасы өздерінің жас әріптестері «БЖСМ» командасына есе жіберді. Негізгі уақыт 2-2 есебімен тең аяқталып, айып добын соғудан жастар тіс қаққан әріптестеріне дес бермеді.
Келесі жартылай финалдық ойында «Жалын» командасы «Жетібай» командасын айып добын соғудан жерге қаратты. Үшінші орын үшін болған кездесуде «Жетібай» командасына 0-2 есебімен жеңіліп жатқан «Абылайхан» командасы жеңіске деген жігерлілік танытып, соңғы минуттарда есепті теңестірді. Өткен кездесуден дұрыс қорытынды шығара білген олар айып добын соғудан жеңіске жетті. Ақтық кездесуде «БЖСМ» «Жалын» командасынан 1-0 есебімен басым түсіп, турнир жеңімпазы атанды.
Қайырымдылық шарасына арналған турнир мәресіне жетіп аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дүйсенбай Атағараев пен «Қарақия қайырымды жандары» еріктілер тобының үйлестірушісі Болат Амантайұлы үздік ойыншыларды марапаттады. «Үздік қақпашы» атағына Әбу Сәрсекенов («Жалын») лайық деп танылса, «Үздік қорғаушы» номинациясына Есболай Көшеров («БЖСМ») қол жеткізді. «Үздік шабуылшы» болып Ғайса Байғабылов («БЖСМ») атанса, «Абылайхан» командасының сапында өнер көрсетіп, жеті допты қақпаға тоғытқан Тимур Азанов «Мерген ойыншы» атағын жеңіп алды. Жеңімпаз командаға кубок табыс етілсе, жүлдегер атанған командаларға дәрежелі дипломдар тапсырылды.
Қайырымдылық шарасы барысында қатысушы командалар мен иманы түзу жандардан жинақталған 105 мың теңге қаражат толықтай Ақеркенің еміне жіберілді.
Жалғас АЙТҚҰЛОВ, «Қарақия» газеті