Жаңаөзен шағын қала болғанымен тұрғындар саны жыл сайын көбейіп келеді. Әсіресе, қаланың ең көп тұрғындары Рахат ауылында шоғырланған.
Бүгінде Рахат ауылында шағынаудандардың ресми атауы болғанымен, ел аузында Рахат 1, 2, 3, 4 деп айтылып жүр. Осы ауылда тұратын халық күнделікті әртүрлі шаруасын бітіру үшін қалаға қоғамдық көлікке мініп барады. Алайда қалаға қатынайтын «Газельдер» аздық етеді. Жалпы маршрут мәселесі Рахат ауылының тұрғындарын ғана емес, сонымен қатар «Астана», «Арай», «Арай-2», «Бостандық» шағынауданы және Теңге ауылы тұрғындарының да бас ауруына айналған. Өйткені қаладан алыс тұратын азаматтар күнделікті емхана, аурухана, сауда орталықтары мен базарға, ішкі істер органдарына, халыққа қызмет көрсету орталығына әртүрлі шаруасымен барады. Мәселен, бір үйде жеке көлік болса, енді бірінде жоқ. Сондықтан уақытын жоғалтып, біраз уақыт бойы «Газель» көлігін күтуге мәжбүр.
Бүгінде мұнайлы қаланың тыныс-тіршілігін көліксіз көзге елестету мүмкін емес. Қала, ауыл тұрғындарының көбісі қоғамдық көлікті пайдаланады. Ал қоғамдық көліктердің қызметіне қатысты мәселе жиі қозғалатын тақырыптың бірі. Бұл ретте тасымал барысындағы кемшіліктер, автобус жүргізушісі жұмысындағы тәртіп бұзушылықтар жиі айтылады. Мұнайлы қала үшін көлік жүйесінің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағынан тиімділігі мен маңызы ерекше. Осы орайда олардың қызметі қандай? Жұмысына жолаушылардың көңілі тола ма?
№11 бағыт бойынша жүретін маршруттың соңғы аялдамасы «Рахат-4» ш/а, 64 көшесінен «Газельге» мініп, «Бөкен» базарына дейін көліктің ішінде жолаушылармен сөйлескен болатынбыз. Түс мезгілі жақындап қалғандықтан ба, көлік күткен адам қарасы көп көрінді.
- Осы «Рахат-3», «Рахат-4» ш/а бағыты бойынша қатынайтын №11, №5 маршруттар уақытында жүріп тұр. Демалыс күндері ғана азаяды. Өйткені, естуімізше жүргізушілер теңізге салон жалдап кетеді. Себебі табысы көп болады. №21 орта мектептің жанында орналасқан балабақшаға маршрут тоқтамайды, баламен күтіп тұрғанымызда тоқтамай кетіп қалады. Балабақшаға жақын аялдама орнатса екен. Және де кешкі 18.00-ден кейін қаладан үйімізге қайтқан кезде орын таппай қаламыз. «Газельдер» жолаушыларды үсті-үстіне алатыны сондай, адамдар қалбырдағы майшабақтай бір-біріне сығылысып тұрады. Осылайша тұтынушылардың құқығы бұзылады. Мұны ескеріп жатқан тағы бір жан жоқ. Өздері автобусқа мінбеген соң жұрттың жайын қайдан біледі? Жә, жасымайық. Не көрмей жатқан жолаушылар бұл, уәдеге семіріп тағы жүре тұрармыз. «Газельге» сыймай қаламыз, ал 300-400 теңгеге мінуге ақшамыз жетпейді, сондықтан көліктерді көбейтіп немесе үлкен автобус шығару керек, - дейді біз тілдескен №11 «Газельге» мінген жолаушылар.
Әсембай Өтемұратов №11 «Газель» жүргізушісі. Қоғамдық газель жүргізушісі болып бес жылдан бері жұмыс жасап келеді.
- Әртүрлі жолаушыларды көреміз, күнделікті ұрыс сөздер естиміз. Бірақ «Газельдің» іші толып кетсе біз кінәлі емеспіз. Халық мінеді, оларға түс деп қалай айтамыз. Жұмысымыз таңғы 6.30-дан басталады кешкі 7-ге дейін жүреміз. Негізінде соңғы аялдамаға келгенде 10-15 минут демалуымыз керек, тіпті түскі ас ішуге уақытымыз болмайды, халық жиналып тұрған соң бірден кетеміз. Және де басты мәселеміз - газ құю. Түнде, таңда кезекке тұрып газ құямыз, ұйқымыз қанбай, таңертең жұмысқа шығып кетеміз. Қоғамдық көліктерге арнайы кезексіз жіберетін газ құю бекеті болса екен деген тілек бар, - дейді Әсембай аға.
- «Өркен шағынауданында тұрамын. «Бөкен» базарында асханада жұмыс жасаймын. Күнделікті таңертең де осы №4 маршрутты көп күтемін. Әр күні әртүрлі жүреді. Бір күні 30 минут күткенім бар. Бұл бағытта жүретін маршруттардың аралық қатынасы тым ұзақ. Соны бір ретке келтіруге болады ғой. Шамалауымызша, №4, №1 бағытымен жүретін автобустар саны өте аз сияқты. Әйтпесе, неге тым ұзақ күттіріп келеді? Рас, таңертеңгі және кешкі қарбалас уақыттарда көлік тығыны пайда болады. Содан да кешігетін шығар деп кешіріммен қарауға болар еді. Бірақ, №10, №11, №12 маршруттар жақсы жүріп жатыр ғой. Олар көп күттірмейді, - дейді Еңлік есімді қала тұрғыны. Мұндай мазмұндағы реніштерін аялдамада тұрған өзге жолаушылар да жеткізіп жатты.
«Жаңаөзен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесінің инспекторы Саламат Тышқанбаев қоғамдық көлік қатынасы мәселесіне байланысты былайша түсінік береді:
- Қазіргі уақытта қалаішілік жолаушылар тасымалы сапасын арттыру мақсатында жұмыстар атқарылуда. Жалпы Теңге, Рахат, Қызылсай ауылдары мен қаладағы шағынаудандарға №1, 2, 3, 4, 5, 6, 9, 10, 11, 12 әртүрлі бағыт бойынша қатынайтын 67 маршрут бар. Алдағы уақытта «Газельдердің» санын көбейтіп, Рахат ауылына 13 аялдама орнату секілді жобалар жоспарланып отыр. Өзіміз де мамандар болып, қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасын бақылау үшін рейдке шығып тұрамыз. №1, №4 және №6 маршруттарға сұраныс аз. Тіпті алдағы уақытта №6 маршрут қоғамдық көліктер қатарынан алынуы мүмкін. Өйткені бұл маршрутқа 3-4 адам ғана мінеді. Алдағы уақытта «Газельдердің» саны да арта бермек. Ал, сын көтермейтін сапа мәселесі енді жауапты сала жетекшілерінің - жіті назарында.
ТҮЙІН: Осы материалды жазу барысында «Газельдің» иелері, жеке кәсіпкерлерге телефон шалып, қоғамдық көлік мәселесіне қатысты пікірлерін білдіруді сұраған болатынбыз. Өкінішке қарай, барлығы да қандай да бір пікір білдіруден бас тартты. Қоғамдық көліктердің қызметін жақсартып, оларды ұдайы қадағалауға алу үшін муниципалды автопарктерді ашу керек. Қоғамдық көлік - қала тынысы. Олардың қызмет көрсету мәдениетін жақсартып, экология жағына да мән бергеніміз орынды. Міне, көпшілік осылай дейді. Демек, қоғамдық көліктер мәдениетіне, жолаушылар тасымалдау қызметіне айтылып жүрген сыңдардың қисыны да, реті де бар. Ендігі басты мәселе - қоғамдық көлік қозғалысын реттеуге көп болып жұмылу. Мұның өзі қоғамдық маңызы бар тірлік. Қай қоғамда да, қай кезеңде де, адам - басты байлық. Қайткенде де оңай емес қызметтің жүгін көтеріп жүрген жүргізушілерді тамыздың алғашқы жексенбісі - көлік саласы қызметкерлері мерекесімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына береке, қызметіне табыс тілейміз.
Гүлсім ОСПАН