***
Жаңаөзен қаласының соғыс және тылдағы еңбек ардагері ұйымы 1984 жылғы ақпан айында құрылды. Сол кездегі мәлімет бойынша соғысқа қатысқандар - 574, ал тылда еңбек еткендер - 1600 адам болған еді. Мұнай өнеркәсібінің қарқынды даму кезеңінде түбегімізге еліміздің барлық аймақтарынан әр жастағы әртүрлі ұлт өкілдері көшіп келді. Солардың қатарында соғыс ардагерлері де болып, өндірісіміздің әр саласында еңбек етті. Өмірдің барлық қиыншылығын бастан өткізген ардагерлер бейбіт кезінде барлау-бұрғылау жұмыстары мен мұнай өндіру кәсіпшілігінде, құрылыс пен автокөлік мекемелерінде, халыққа білім беру саласы мен денсаулық сақтау орындарында, тағы басқа әлеуметтік - тұрмыстық, коммуналдық бағытта еңбек етіп, өз үлестерін қосты. Қаламыздың басқару орталықтарында қызмет еткен азаматтар (Н.Ө.Бекбосыновтың қолдауымен) қаламызда тұңғыш рет ардагерлер ұйымын құрып, тиісті көмек беру мәселесін қолға алды. Сол бағытта ардагерлер ұйымының бірінші конференциясы болып оның төралқа құрамы сайланды. Қала ардагерлері ұйымының кеңес төрағасы болып сол кезде зейнеткерлікке шыққан Ө.Алшынбаев сайланған болатын. Төралқа құрамына Т.Қайырбаев, С.Сатқанов, І.Қалмағанбетов, С.Досанов (орынбасары), Ж.Оңғарбаев, Келжановтар сайланды. 1985 жылғы көктемде Ұлы Отан соғысы кезіндегі Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында қаламыздың бірінші шағынауданындағы №28 үйден екі пәтерді босаттырып, «Ардагер» клубын шайханасымен қосып жасап берді. Мұндай ардагерлер үйінің тек қана облыста емес республикамызда бірінші болып ұйымдасқандығын байқаймыз. Ардагер үйінде 60-80 орындық мәжіліс залы, теледидар, шахмат-шашка, тоғызқұмалақ ойнауға арналған орындар мен тегін шәй, шұбат, қымыз ішетін буфеті ұйымдастырылды. Мұнда апта сайын мектеп оқушылары өнерпаздарының қатысуымен концерт қойылып тұрды, еліміздің ішкі-сыртқы саяси жағдайларынан ақпараттық хабарлар айтылды, қаланың кәсіпорын, мекеме басшыларының кездесулері ұйымдастырылды. Қалалық ардагерлер ұйымы Кеңесінің басты назар аударатын мәселелері - ардагерлердің әлеуметтік салада қорғалуы, олардың жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру шараларына қатысуы, өмір тәжірибелерін тарамдап, жас- тар тәрбиесіне бағыттау болды. Қалалық ардагерлер ұйымының құрамындағы бір ардагерден басқа (К.Еңсегенов) барлық азаматтар қазір бақилық болды. Бірақ олардың ерлік істері, елімізге сіңірген еңбектері кейінгі ұрпақтарына үлгі болып қалды.
***
Кезінде қаламыздың қоғамдық өміріне белсене араласқан соғыс ардагерлерінің бірі - соңынан бейбіт өмірде еңбегін жалғастырған, қаламыздың экономикасының дамып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының өркендеуіне, қала құрылысының өсуіне тікелей атсалысқан Төкен аға болатын. [caption id="attachment_27617" align="alignleft" width="230"] Төкен Қайырбаев - 80 жаста, 2001 жыл.[/caption] Төкен Дәлиұлы Қайырбаев 1921 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Жылыой кентінде туылған. Әскерге 1941 жылы қыркүйек айында Жылыой аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Ол кезде комсомол (БЛКЖО) мүшесі болатын. Жас сарбаз Батыс және ІІІ Прибалтика майдандарында дайындық курстарынан өтеді. Алғашқы рет соғысқа 1942 жылдың 22 тамызында қатысады. 28 тамызда жараланып, Батыс Майданның далалық госпиталында емделеді. Жарақатынан айығып, біршама жазылғаннан кейін Орталық Майданда, №10 мотоатқыштар бригадасында пулеметші болып ұрысқа түскен. 1943 жылы офицерлік курсты бітіріп, №646 әскери артиллериялық танктерге қарсы атқыштар полкында, №23 Гаубица артиллериялық полкында, ІІІ Украина Майданы, №9 артиллериялық дивизиясында офицерлік қызметтер атқарған. Австрияның астанасы - Венаны азат етуге қатысқан. 1944 жылы лейтенант Төкен Қайырбаев 648 Армияның истребительді танкке қарсы артиллериялық полкінің азық-түлікпен қамту және оны дайындау бастығының көмекшісі болып, Прибалтика жағалауындағы аймақтарды жау шебінен босату операцияларына қатысады. Ұрыс аймағында неміс солдаттарымен кескілекен айқастарда жау шебінде бытырап кеткен полк жауынгерлерін біріктіріп, оларды азық-түлікпен қамту бағытында ержүректілігімен батылдық көрсе- тіп, ерлікпен қызмет етеді. - 1944 жылдың 17 шілдесі мен 15 қазан айы аралығында Кеңестік Прибалтика елдерін жау басып алған ұрыс аймағынан босату қарсаңында алдыңғы шептің қиындықтарына қарамастан әр жерге бытырап кеткен полк бөлімшелерін тылдағы Армия полктерімен біріктіріп, жау самолеттерінің отты соққыларына батылдықпен төзімділік көрсетіп, жауынгерлерді азық-түлікпен үздіксіз қамтуда Отан алдындағы жауынгерлік міндетін ерлікпен атқарды. Сондықтан батыл сарбаз Төкен Қайырбаевтың осындай батырлық еңбегі «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттауға лайықты, - деп, 648 Армияның истребительді - танкке қарсы артиллериялық пол- кының командирі подполковник Русанов 1944 жылдың 16 қазанында Жоғарғы Бас қолбасшыға ұсыныс жасайды (Ресей федерациясы) Қорғаныс Министрлігінің «Орталық Архивінен» алынған марапаттау бетшесі). Соғыс аяқталғаннан кейін Болгарияда аккупациялық әскери құрамда 1947 жылдың маусымына дейін болып, лейтенант деген әскери атақпен елге оралған. Ол - 1 дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Венаны азат еткені үшін» және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Маңғыстауда «Қара алтын» мен табиғи газ байлығы табылып, оны игеруге отанымыздың барлық аймақтарынан әр саладағы мамандар келе бастады. Сондай топтың қатарында Жылыойдан Төкен аға атбасын Жаңаөзен қаласына бұрады. Жаңаөзенге келушілерге тұрғын үй өте қажет болатын. Бастапқыда майдангер азамат қаламыздағы құрылыс-монтаж мекемесіне (СМУ) орналасып, қаладағы тұрғын үйлердің көптеп салынуына үлесін қосады. Алғашқыда бірінші («Шаңырақ») шағынауданнан басталған тұрғын үйлер келесі 2, 3, 4 («Шұғыла, «Самал», «Көктем») шағынаудандарымен жалғасып, қала көлемі одан әрі өсе түседі. Мектептер мен ауруханалар, мәдениет үйлері мен спорт кешендері жалғасын табады. Қала көрінісінің көркеюіне ықпал етеді. Одан кейінгі кезеңде мұнай өндіру саласында еңбегін жалғастырып, еліміздің экономикасының дамуына тікелей араласады. Бұл салада еңбегі бағаланып, әр түрлі деңгейдегі марапаттауларға ие болады. Мұнай өндіру саласынан зейнеткерлікке шығып, қалалық ардагерлер ұйымының төралқа құрамына сайланып, қаламыздың қоғамдық өмірінің алдыңғы сапынан көріне білді. Мектеп оқушылары мен орта арнаулы білім беретін оқу орындарының студенттерінің, мекемелердегі жастардың арасында жиі болып, оларға ұлтжандылық және елжандылық бағытында әңгімелер айтып, өзінің бай өмірлік іс- тәжірибесімен бөлісіп отырды. Жаңадан тағайындалған жас мекеме басшыларымен кездесіп, ұжыммен жұмыс жасау және өндірісті басқару бағытындағы жауапкершілік бағытында үнемі ақыл-кеңестерін беретін. Ол 2004 жылы Жаңаөзен қаласында қайтыс болды. Соғыс және еңбек ардагері Төкен Қайырбаевтың адами келбеті, туыстық беделі тек қана жақын-жуықтарының арасында емес, бүкіл қала тұрғындарының, жастардың арасында ерекше құрметке ие болды. Бұл - ел басына түскен қиын-қыстау кезеңде үлкен төзімділік көрсетіп, Отанына, халқына адалдықпен қызмет ету парасаттылығының белгісі еді. Төкен ағаның ұрпағы ел алдындағы сол парасаттылық қызметін жалғастыра беретіндігіне сенімдіміз.Асылбек СҮЙЕУХАНҰЛЫ, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы.