Көпбалалы аналар марапатталды
[ 2017 ] 9 маусым, 10:09 | Қоғам
Мемлекеттiң байлығы - оның халқы. Сондықтан, бүгінгі таңда мемлекетіміз ана мен бала денсаулығына, жалпы отбасының жағдайына баса назар аударуда. Себебі ана мен бала - мемлекеттің бүгіні мен ертеңі.
Сейсенбі күні қала әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев алты және жеті бала тауып тәрбиелеген ардақты аналарды «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен наградтап, сый-құрмет көрсетті.
- Тәуелсіз елімізде, соның ішінде мұнайлы қалада халықтың санын өсіріп, үлгі-өнеге бола білген ақжаулықты аналарға қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың ынтымағының нығаюына, бала өсіріп тәрбиелеуде шексіз мейірімдеріңіз бен ыстық ықыластарыңыз үшін, Сіздерге, алғысымды айтқым келеді, - деп құттықтаған Исахан Қайнарбайұлы аналарға «Алтын» және «Күміс алқалары» мен тиісті кітапшаларын табыс етті. Гүлжан Назарова мен Сұлухан Сарноғаева «Алтын алқа», Раушан Молданазарова, Әуес Мүсірепова және Қамажай Жоламанова «Күміс алқа» иегері атанды. Қаланың құрметті ардагерлері аналарға ақ батасын беріп, дендеріне саулық тіледі.
Әйел заты отбасы мен ошақ қасының берекесі ғана емес, ол - адамзаттың анасы! Ақылымен, талантымен ел бірлігін сақтап, қиын кезеңде жұртына пана бола білетін жүрегі кең аяулы жандар.
Гүлсім ОСПАН
908
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.