©
9 мамыр – Жеңіс күні «Мәңгілік алау» монументі алдында мерекеленді. Маңғыстау халқы сұрапыл соғыста кеудесін оққа тосып, бейбіт өмір үшін күрескен ардагерлерге құрмет көрсетіп, тағзым етті.
Қасиетті мейрам Отан үшін отқа оранып, жанын құрбан еткен, ерліктері жүректен мәңгілік өшпес қаһармандардың естелігі – «Мәңгілік полк» маршымен басталды. Суық соғыс батырлар өмірін жалмаса да, олардың бейнелері, ерліктері – халқының жұдырықтай жүрегінде, кіршіксіз көңілінде мәңгілікке сақталған. Жеңіс үшін соғысқан жауынгерлердің балалары, немере-шөберелерінің маршынан кейін аймақ басшысы бастап, облыстық басқарма басшылары, әскери қызметкерлер, соғыс ардагерлері, қала тұрғындары Ұлы Отан соғысында қаза болған жандардың рухына гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариялады.
Маңғыстаулықтарды жалынды да қастерлі мерекемен облыс әкімі Алик Айдарбаев құттықтап, игі лебізін арнады:
- Сіздерді Ұлы Жеңістің 71 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Отан соғысы жылдарында сіздер туған жерімізді жаудан қорғап, қан майданда ерлік көрсеткеніңіз – ел жүрегінде мәңгілік сақталады. Елімізге тосыннан басып кіріп, ойран салған жауды талқандап, Ұлы Жеңіске қол жеткізген жауынгерлердің алдында біз үлкен құрметпен бас иіп, тағзым етеміз. Ел үшін, болашақ үшін қан төккен Жеңіс сарбаздарына деген алғысымыз шексіз. Ұлы Отан соғысы миллиондаған адамды қырғынға ұшыратып, талай халықты қанға бөктерді. Маңғыстау өңірінен 6 мыңнан астам адам Отан қорғау үшін әскер қатарына шақырылды. Соның 5 мыңға жуығы қан майданда қаза болып, хабарсыз кетті. Соғыс кім-кімге де оңай болған жоқ. Майданға қажетті азық-түлік жеткізу жолында тылға да қаншама адам тынымсыз еңбек етті. Соғысқа кеткен әкелер мен ағалардың орнын ауылда қалған қариялар мен сүйген жарлары, бала-шағалары басты. Атпал азаматтарының арына дақ түсірмей, аянбай еңбек етіп, бізді қазіргі бақытты өмірге жеткізген аналарымызға да мың тағзым. Жеңіс жауынгерлердің қатары күн өткен сайын сиреп барады. Алайда болашағымыз үшін қан төккен Жеңіс сарбаздары – Боқаев Бисен, Нечаев Виктор, Олжабаев Хамит, Морозова Анна, Хыдыров Қайыр, Үмбеталина Қамқа сияқты маңғыстаулық майдангер жерлестеріміз әлі де сапта. Сіздердің ерлігіңіз бен еңбегіңіз - бүгінгі бейбіт өмірдің темірқазығы. Отанымыздың болашағы мен тәуелсіздігі жолындағы аға ұрпақтың ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайды, - деді ол.
Сахна төрінде «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» атты театрландырылған қойылым көрсетіліп, көрермендер көңілін серпілтті. Қазыналы қариялардың, аяулы ардагерлердің жанын жадыратып, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония және Абай атындағы мәдени-демалыс кешені көркемөнерпаздарының мерекелік концерті өтті. Отан үшін отқа түскен қаһармандар, елі үшін маңдай терін төккен жаужүректерге құрмет көрсетіп, мерейлерін үстем етті.
-1943 жылы 17 жасымда әскер қатарына іліндім. 1943 жылдың аяғында және 1944 жылдың басында Украинаны азат етуге қатыстық. Сол кезде қауіптен, өлімнен қорықпай, жауға қарсы шықтық. 1945 жылы Берлинге жақындап, Бреслау қаласында соғыстық. Жеңісті сол жерде жүргенде естідік. Енді ешқашан соғыс болмасын! Біз бейбіт болашақ үшін отқа түстік. Қазіргі балалар бұл қорқынышты ешқашан көрмесін! Барлық ардагерлерді мерекемен құттықтаймын. Зор денсаулық, мол бақыт тілеймін. Еліміз бейбітшілік пен достық туын көтеріп, жеріміз тыныш, жұртымыз аман болсын!,-деді 91 жастағы соғыс ардагері Нұх Қапизұлы.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="2649,2645,2646,2650,2653,2643,2644,2652,2651,2648,2647"]