Киелі Маңғыстауды мұнайлы мекен ретінде тарихта атын алтын әріптермен жаздырған кезең 1961 жылдың 5 шілдесі еді. Жетібай мұнай барлау алаңында Н.Петровтың бригадасы бұрғылап жатқан №6 ұңғыдан қуатты мұнай фонтаны атқылаған қуанышты хабар Форт-Шевченкодағы радиомен, ертесіне бұл оқиға «Правда» газетіне жарияланып елге тез тарады. Бір жақсылық екінші жақсылыққа себепші. Сол жылдың желтоқсанының он бесінде Өзен барлау-бұрғылау алаңында Михаил Клуебякиннің бригадасы да №1 ұңғыдан үлкен мұнай фонтанын алды. Маңғыстауда мұнай өндірісінің өркендеп, түбектің түлеу уақыты осыдан басталады. Маңғыстау мұнайын тезірек ашып, жеделдетіп халық игілігіне беру мақсатында 1964 жылы шілде айында Өзен мұнай-газ өндіру басқарамасы құрылады. Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келген Өзен мұнайының №1 ұңғыдан алғаш фантаны атқылағанына 55 жыл толып отыр. Мереке қарсаңында «Өзенмұнайгаз» АҚ ұйымдастыруымен Маңғыстау облысы журналистері, оның ішінде аудан газеттерінің редакторларын да арнайы шақыртып, пресс тур ұйымдастырған болатын. Сол сапарда Маңғыстау мұнайын алғаш алған мұнайшы ардагер, Түбектегі алғашқы қала Форт-Шевченконың, нақтырақ айтқанда қазіргі Түпқараған ауданына қарасты Сайын Шапағатов ауылының тумасы Болатбай Қарамұрзаевты жолықтырдық. Ел мұнайдың алғаш атқылағанын қуана қабылдап, жаңалығын газеттің әр санынан күткен кезде алдымен сол кездегі басшылардың аты аталды. Қара жұмысын жасап, қара майын қолымен ұстаған қара жұмысшылар аты көп атала қоймағанды. Бүгінде Тәуелсіздік алған елдің тарихында бұл еңбек батырларының аты алдымен аталуы тиіс. Себебі, мұнайды алудағы қара жұмыссыз қара алтынның құнын біз бүгінде білмес те едік...
Еңселі азаматта паңдық та, сауат пен сараптау да бары бірден аңғарылады. Бүгінде еңбектің зейнетін көріп отырған ардагердің төрт құбыласы сай, көңілі бай екені байқалады. Тек ауылына деген сағыныш бар сияқты. Ат терлететіндей алыс болмаса да Форт пен Өзен арасы 4-5 сағаттық жер. Өзі еңбек жолында өрлей түскен Өзенінде өніп, өсіп бүгінде ардақты ардагер, аяулы ата, құрметті азамат 4 ұл, екі қыздың рахатын көріп отыр. Балаларының бәрі де мұнай саласында қызмет атақарып жүрген мұнайшылар.
— Аманқос деген үлкен ұлым И.М.Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік мұнай-газ университетін бітіріп келді. Бұрғылау мекемесінде бастықтың бұрғылау жөнінідегі орынбасары. Серік дейтін екінші ұлым жоғарғы мамандығы бар бұрғылау мекемесінің өндіріс басқармасының орынбасары. Одан кейінгі Берік деген балам НГДУ-2 де мастер. Одан кейінгі Ермек деген балам «Қазмұнайгаздың» «РД» деген мекемесінде қызмет атқарады. Астанада тұрады. Одан кейінгі ұлым қолымда, УТТ –да транспорт мекемесінде инженер болып істейді. Қызым Ақтауда ірі мекемеде жетекші маман. Қазіргі уақытта Бакуге кетті. Кандидаттық жұмыссын қорғап жатыр. Бір қызым мына жерде ОПТОК деген мекеме бар, базада опертор болып жасайды. Кемпірім байланыс саласынан зейнетке шықты. Мен кемпірімнің кеңесшісімін, - деп қалжыңдады, ардагер зейнетті тірлігін сөз еткенде.
Сыйлаудай-ақ сияпат, құрмет пен қошеметке бөлеп жүрген өзендіктерден еш жамандық көрмеседе, Түбегінде күні кеше дүркіреп өткен қаланың 170 жылдық тойына шақырту алмайғанын да сөз арсында айтып қалды.
Туған жерін ауызынан тастамай, Түбектің түлегі екенін жеткізген Болатбай ардагермен әңгіме әрі қарай Форт-Шевченкода туып, мұнай саласында алғаш мұнай фонтандарының ашуға атсалысқан ардагерлер есімдерін атап, өмір жолын зерделеумен өрбіді:
— Мен өзім Түпқарағанның қазағымын. Туған жерім Сайын Шапағатов ауылы (бұрынғы Тельман колхозы) . Шешем Шәми шебер кісі болған. Киіз үйдің жабдықтарын өз қолымен тоқитын. Форттағы музейде басқұр болуы керек. Сол басқұр менің шешемнің қолтаңбасы. Тарас Шевченконың 100 жылдығына тоқыған басқұры сонда тұрған болуы керек. Бірі Алматыдағы мұражайға сыйлаған болатын. Өзіме келетін болсам, оқыған жерім Баутин поселкесіндегі М. Горький атындағы аралас мектепте оқыдым, сол мектептің түлегімін.
Форттан мұнай саласында мұнай бұрқағын ашуға қатынасқан 3 адам бар. Оны білесіңдер ме,өзі? Өзендегі №1 скважинаны ашуға қатынасқан мен. Екіншісі - №6 скважинаны ашуға қатынасқан Қайып Азанбаев. Ол қазір Ақтауда тұрады. Қаражанбаста Әлібаев Көшербай дейтін азамат болды. Қазір марқұм болып кетті...
— Мұнайшы дейтін мамандықты ел білмейтін кезде қалай таңдадыңыз? Еңбек жолыңызды қалай бастаған едіңіз?
— Әлі есімде, 1957 жылы Түпқараған мен Таушық елді-мекен аралығына грейдер жолы салынды. Мен ол кезде 16 - 17 жастағы жасөспіріммін. Ауылға бұрғылау қондырғылары орнатылып, 700 метр тереңдікке бұрғыланып жатты. Мен сол маңайда мал бағып жүретінмін. Жас адамның жаңалыққа жаны құмар келетін әдеті емес пе?! Қолым қалт етсе, айналсоқтап сол жерде жүремін. Менің жиі келетінімді байқаған шебер Жанұзақ Қойлыбаев бір күні қасына шақырып алып, «шырағым біз еріккеннен жер бұрғылап жүрген жоқпыз. Мұнай іздеп жүрміз. Бұйыртса, табамыз. Мұнай өндіру үшін бізге өзің сияқты жігерлі жас мамандар керек болады. Мал соңында босқа жүре берме. Оқып, білім ал!» – деп ақылын айтты. «Сабақты ине сәтімен» демекші, сол жылдары Доссордағы ағайынымыз үйдегі үлкен кісілерге көрісуге келе қойғаны. Мен сол кісімен ілесіп, Доссордағы №19 кәсіптік училищеден бір-ақ шықтым. 1959 жылы 6-дәрежелі бұрғышы көмекшісі мамандығын иеленіп, елге оралдым. Өзімнің еңбек жолымды училищеде бірге бітірген Бекқали Боранбаев деген жігіт екеуіміз Түбіжікте Леонид Бураковтың бригадасында бастадық. Сол кезде құрылған «Мангышлакнефтеразведка» трестінің бастығы Халел Өзбекқалиев қолымызды қысып, жолдама ұсынған болатын. Бригадада 4 жігіт болдық. Михаил Кулебякин, Александр Александров деген екі жігіт Грозныйдан мұнай техникумын бітіріп келген болатын, Гурьев мұнай техникумының түлегі Сағит Батғұтдинов, сосын мен. Бәріміз комсомолмыз. Шеберіміз басымызды қосып, жиі-жиі жиналыс өткізіп тұрады. Елімізде болып жатқан саяси хабарларды үнемі талқылап тұрамыз.
— Түбіжікте еңбек жолын бастапсыз. Өзенге қалай ауыстыңыз, алғаш мұнай алған күн есіңзіде ме?
— 1961 жылы март айында осында келдік. Март айында тап осы арада артта көрініп тұрған скважинада ұңғымада бірінші ұңғыны қолмен құрастырып, бастап қаздық. Майдың шығу себебі, 1961 жылы январь айының 21 де осы арадан тонау көрініп тұр, Ка №18 деген скважин бар. Сол арадан бірінші Әбдіразақовтың бригадасынан газ фонтаны шықты. Сол шыққанан кейін Форттың басында трестінің бастығы Халел Өзбекқалиев деген азамат келіп, январь айының ішінде біздерге Түбіжік басында кезекті жиналыс ашты. Онда « Форт пен Түбіжік басында перспектива енді шамалы, енді Өзен менен Жетібайға қарай қозғаламыз. Себебі, Өзенде бірінші рет газ фонтаны шықты» деген еді. Сол айтқаны болды. Марттың 25 күні түнде бізді Форттан Өзенге қазір біз тұрған осы араға алып келді. Міне Өзенге осылай келген едім. Бірініші келгенде отыз адам келдік. Көше-көше Өзен ойына да түстік. Осы арада ештеме болған жоқ. Мына жердің бәрі бос жатқан дала қарымбайдың қара ешкісі дейді Киік пен Қарақұйрық араласып жатты. Отар-отарымен жататын. Кейін ығысып кетті ғой. Асфальттың арғы бетінде жер төлеміз болды. Шәй мен тамақ ішетін. Оның бәрі 80 жылға дейін бар еді. Артынан сүріліп кетті.
Кейін жұмыс бабымен шеберіміз Леонид Жетібайға жұмысқа ауысып кетті де, оның орнына Михаил тағайындалды. Кісіге бақ келемін десе сәл нәрседен екен-ау. Мына қызықты қараңыз, 1961 жылдың 5 шілдеде Жетібайда Петров бригасында, 15 желтоқсанда Өзен кенорнында Кулебякин бригадасында мұнай атқылады. Екі жігіт те Грозныйдан келген. Алла олардың есімдерінің Өзен мұнайы тарихында қалуын нәсіп етіп тұр. Бұл бір жүрекке қуаныш сыйлаған сәт болды. Қазір ойлап отырсам, сол кездегі тепсе темір үзетін жас жігіттердің қатары жылдар өткен сайын сиреп барады. Әрине, табиғат заңына дауа жоқ. Көптеген жігіттер Өзен кенорнының жандануына еңбек сіңірді. Ол кезде маман тапшы. Грозныйдан, Татарстаннан, Бакуден, Ресейден, Түрікменстаннан келген майталман мамандар келіп, «қара алтын» өндіруге құлшына кірісіп кеткен болатын.. Қазір сол 30 адамнан 3 адам қалдық. Басқасының бәрі дүние салды. Желтоқсан айының 15 де осы бірінші скважина ең бірінші мұнай фонтанын атқылады. Содан ары қарай басталды ғой. Осы арада екінші скважина, жетінші скважина дейтін бар. Әрине ол кездегі әлеуметтік жағдайды қазіргі жағдаймен салыстыруға мүлдем келмейді. Арасы жер мен көктей. Бұрғылау қондырғыларына қажетті құрал-жабдықтар Ресейдің түкпір-түкпірінен теңіз арқылы алдымен Баутино портына, содан соң автокөлікпен бұрғылау алаңдарына тасылатын еді. Қазір ойласам, өтірік сияқты. Мұнайшылар қарақожалақ буржуйка пештің жанында, үйлерінен алып келген бір бөтелге айраны мен жарты таба нанын жеп алып, шаршағандарын елең қылмастан жұмысқа жанын салатын, – деп еске алды ардагер сонау еңбектің отты жылдарына оралып.
Әңгімені кеңінен көсіле айтқызып, ақсақалды ұзақ тыңдауға бар едім. Алайда, жол алыс болып, амалсыз үзілген әңгімені ойда саралап жолға аттандық. Мен бұрын журналист ретінде бір мұнайшыны жазып көрмеген екем. Маңғыстау тарихындағы Өзен мұнайын алғаш алғандар ішінде Ақкетіктің де азаматы бары жүрегіме мақтаныш болып ұялап, елге сүйіншілете келдім. Ақкетікте өз еңбек адамын, өз мұнайшысымен мақтансын деп осы мақаланы жазып отырмын.
«Еңбектің дәмін татқан біледі», «құдықтың суын қазған ішеді» деп айтып жатамыз, Өзендегі сол нөмірі бірінші скважинада өз қолдарымен ұңғымадан алғаш алған қара май - бүгінде ел экономикасының негізгі тегеуіріні болып отыр.
Милана ЕЛЕУСІНОВА