Дүйсенбай Қылышбаев 1942 жылы Форт-Шевченко қалсында дүниеге келген. Бұрынғы С.М. Киров атындағы орта мектепті бітіріп, Мәскеудегі Бүкілодақтық политехникалық институтының «Автомобиль және транспорт» мамандығын сырттай оқып шығады. Қала басында дүрілдеп тұрған мекеме Автобазаға 1976 жылы директор орынбасарының қызметіне тағайындалады. Еңбекке ерте араласқан жастың дүрілдеген мекеменің орынбасары қызметін дөңгелете алып кеткенін аңғарған басшылық 1980 жылдары директор қызметіне ауыстырады. Табан аудармай 10 жыл сол жерде басшы болады. Қылышбай Дүйсембаев туралы бүгінде қала басындағы сол кездің жүргізушілері жақсы біледі. Ол кездерде өндірістік мекемелері мүлдем жоқ, шағын кәсіпкерлік деген атымен болмаған шағын қалада дүрілдеп тұрып, дәурені жүрген шаруашылық мекемесі «Комхоз» болатын. Қаланың сәулетін де, жолын да, көпірлерін де аталмыш мекеме жасаған. Қаладағы көп ардагер еңбек жолдарын осы мекемеде бастаған еді. Дәл осы мекемеге 1990 жылдың аумалы-төкпелі заманында басшы болып тағайындалады. Ел аузында «Комхоз» аталған шаруашылық мекемесі бүгінде «Каспий коммуналдық шаруашылығы» атауымен жұмыс жасауда.
-Мен өте қиын кезеңдерде коммуналдық шаруашылық мекемесіне басшы болдым. 1990 жылдан бастап сол жерге тағайындалдым. Көп ұзамай 1993 жылы қарашада теңге ауысқанын білесіздер. Барынан жоғы көп заман еді. Сонда да сол қиындықтарды еңсеріп, мекеменің жұмысын тоқтатпадық. Бар күшімізді жұмылдырып, жұмыс жасадық. Өздеріңіз білесіздер, сол уақыттарда ел айлық, жалақысын ала-алмай қиналған уақыт болатын. Бұл мекемелерге қатты әсер еткен кезең еді. Жұмысшылардың жалақысын кідіртпеу үшін көптеген жұмыстар атқардық. Соның бірі - мекеме жанынан дүкен ашып, жұмысшылар жалақысын арасында тамақпен есептесуге көштік. Ол да сол кездегі қиындықтардан шығуға бағытталған жұмыс болатын. Қиын кезеңдерде қаланың жоғары жағынан мекеменің жанынан полигон ашылды. Қоқыс, тұрмыстық қалдықтарды өткізетін орын ретінде әлі күнге дейін сол полиганда да бірнеше азаматтар еңбек етуде. Осындай қиындықтар болса да жұмысшыларымызды қысқартпай, мекемені жаппай, еңбек еттік. Бүгінде бұл қиындықтардың бәрі артта қалды. 2003 жылға дейін жасап, кейін зейнетке де осы мекемеден шықтым.
Ел Тәуелсіздігімен келген жеңіске, жеміске де біз куә болып отырмыз. Ел Тәуелсіздігі мәңгі болсын! Ел тыныш болса, қалған шаруаны қолдан да жасап алуға болады. Қиындық өтпелі ғой, Тәуелсіздік пен тыныштық мәңгі болсыншы! - дейді ардагер. «Шүкіршілікті, қиын күндерді көрген біледі» демекші, Дүйсембай Қылышбаев ақсақалдың айтқанынан қиындықтың бәрі артта қалатынын, адам тек еңбек етіп, қиындықтан шығатын жолдар табуы қажет екенін аңғардық.
Милана ЕЛЕУСІНОВА